Кеше Семейде осындағы жаңа көпірдің сол жағалауында «Достық» аллеясы салтанатты жағдайда ашылды. Облыстың жер-жерінен осы шараға арнайы шақырылған түрлі ұлт өкілдері, қала жұртшылығы бес алаңға топтастырылды. Бірінші алаңға жиналғандар саламатты өмірді насихаттаса, екінші алаңдағылар ұлттық ойын түрлері бойынша өнер көрсетіп жатты. Ал келесі алаңдағылар еліміздегі бейбітшілік пен өзара келісімді бейнеледі.Осы жерге Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының макеті қойылды. Қай алаңның болсын өзіндік мәні зор болды. Олардың әрқайсысын 200-ден 500-ге дейін қала тұрғындары тамашалады.
Бұдан кейін жаңадан ашылып отырған «Достық» аллеясына 20 ұлт өкілдері 20 түп ағаш отырғызды. Игілікті шара соңында әлгі 20 ұлт өкілдері қолынан 20 көгершін көгілдір аспанға шарықтап ұшты. Флешмобқа қатысушылар болса, бір мың шарды биікке самғатты. Осы тұста аспанда «Достығымызға – 20 жыл» деген жазу пайда болды.
Сол күні мұнда «Ар-Нұр» деп аталатын жастардың бизнес орталығы да салтанатты жағдайда ашылды. Жиналғандарды осы орталықтың иесі Әсет Досқожанов өз мақсаттарымен таныстырды. Бір кезде иесіз қаңырап қалған үлкен ғимараттың қатарға қосылуы семейліктерді қай жағынан болсын қуанышқа бөледі. Шындығында оның қайта жөнделіп қатарға қосылуы қала орталығының ажарын аша түсті.
Ал осы екі шараның алдында қаладағы бірінші жылу энергетикалық орталығының жаңадан салынып жатқан қазандығы іске қосылған еді. Бұл да семейліктер көптен асыға күтіп жүрген маңызды шаруа болатын. Аталған шаралардың бәріне де облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысты.
Түс ауа қалалық әкімдікте облыстық әкімдіктің көшпелі мәжілісі болып өтті. Онда да Семейді одан әрі көркейту мәселесі қозғалды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы мұндай шаралардың қажеттілігі айтпаса да түсінікті.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.