Қазақстан • 02 Мамыр, 2017

Тау алыстан тұлғаланып көрінеді

562 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Бұл өмірдің өзі тосын жайларға кезіктіруде шебер-ақ. Мен өзімнің атақты суретші, қайраткер азамат Қанапия Темірболатұлы Телжановпен кездесулерімді сондай сәттерге жатқызамын. Тым жақын араласқанымыз жоқ. Бірақ сол бір-екі кездесу менің есімде мықтап қалған. Бұл кездесулер Қанекеңнің суреткерлік, қайраткерлік, ең алдымен азаматтық келбетін тереңірек аңғаруға көмектескен. Сондықтан да оларды әрқашан еске аламын.

Тау алыстан тұлғаланып көрінеді

Туғанына 90 жыл толып отырған Қанапия Телжановтың шыққан биіктерін, алған атақтарын, атқарған қызметтерін жай атап шығудың өзі біраз уақыт алар еді. Тек соның негізгі бір-екеуін ғана айтайықшы: ең алдымен, ол қазақ монументті кескіндеме өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-інің және КСРО-ның халық суретшісі, КСРО Көркем академиясының академигі, ҰҒА академигі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты... Тіпті, соның тек біріне ие болған адам да өмірден орнымды таптым деп қанағат етер еді.

Айтқанға оңай-ау, әйтпесе, тағдырдың Телжановтың мойнына артқан тәлкегінен кейін мұндай биіктерге көтерілмек түгілі, жай қарапайым пенденің бірі болып өмір сүруінің өзі қиын еді ғой. Бұл жайында Қанекеңнің өз аузынан да шым-шымдап қана естігеніміз бар. Толық айтпаған. Кезінде айта алмаған десек жөн шығар. Соған тоқталайық.

Қанапия Телжановпен 1958 жылы кездестік. Еліміз Мәскеуде өтетін Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің онкүндігіне дайындалып жатқан кез. Газет-журналдарға да артылған жүк бар – сол онкүндікке қатысатындарды насихаттау керек, көрсету керек. Зейнолла Серікқалиев екеуміз «Социалистік Қазақстанда» тәжірибеден өтіп жатқан 3-курс студентіміз. Әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жекен Жұмаханов ағамыз тапсырма берді. Мені Суретшілер одағына жіберді – бір суретші туралы жазып кел деді. Белгілісі емес, жаңа таныла бастағаны болса жөн екенін айтты. Суретшілер одағының басшысы бірден Қанапия Телжановтың атын атады: «Қазір үлкен бір дүние жазып жатыр. «Атамекен» деп аталады. Онкүндікке соны апарамыз. Талант!», деп бас бармағын көрсетті. Шеберхана жабық екен, есігін қақтық. Біраздан соң ғана есік ақырын ғана ашылып, иесі сығалай қарап, не шаруамен келгенімді сұрағандай ишарат білдірді. Газет тапсырмасымен келгенімді айтқан соң ғана есігін ашып, қысылғандай болып ішке кіргізді.

Ыңғайсызданатын да жөні бар екен, тек іш киіммен жүр. «Кешіріңіз, күн ыстық, содан кейін осылай жеңілденіп жұмыс істеуге тура келеді», деп маған орындық ұсынып, өзі, ал енді не сұрайсың дегендей, қарама-қарсы отырды. Таза орыстілді, кекештеніп сөйлейтін адам екен. Көзі алақандай, күлімдеп нұр шашып тұрса да, бір нәрсеге ашуланар болса, ұшқын ататынын аңғартқандай еді.

Әрине, күні бұрын көп сұрағымды дайындап барғанмын. Шетінен қоя бастадым. Жастық шағы туралы сұрағымды онша жаратпағандай, қысқа қайырды. «Ресейде туғам, Омбы қаласында. Содан кейін отбасымыз Мәскеуде, Ленинградта тұрды. Он жасымда әкеден айырылғанмын, он төрт жаста шешем Ленинград блокадасында қайтты...». Егжей-тегжейлі біле қоймақ болып, ата-анасының қандай қызметте болғанын сұрадым емес пе, бірақ бұл сұрағым оған мүлдем ұнамады. Нұрланған көзіне мұң кіргендей болды. «Қайтеміз оны, далада қалғаным жоқ, өкімет оқытты, кейін Алматыға келдім. 20 жасымда Алматы көркемсурет училищесін бітірдім. Кейін Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтына түсіп, оны 1953 жылы бітіріп шықтым. Содан бері өзім оқыған училищеде ұстазбын. Суретімді саламын...». Сөйтіп, менің қоймаған сұрақтарыма да жауап беріп тастады.

Жастық шағы туралы әңгімеден қашқалақтауының сырын кейін ұқтым ғой. Үлкен қоғам қайраткері Темірболат Мұхамеджанұлы Телжанов 1937 жылы 4 қарашада Ленинград қаласында Алашордаға қатысы бар деген айыппен ұсталып, көп кешікпей атылып кеткен екен. Қанапия болса, «халық жауының» баласы деген қиын айыпты бүкіл жастық шағында арқалап өскен.

Тектіден текті туады дейтініміз бар, осы жерде Темірболат Мұхамеджанұлы туралы аз-кем айта кеткеннің артықтығы жоқтай. Ол оқыған, көзі ашық азамат болған. Ленинград политехникалық инс-

титутын бітірген. 1917 жылы Омбыда жастар қозғалысына қатысады. РК(б)П

Сібір бюросында қызмет істеген. Сонда «Кедей сөзі» газетін шығарып, оған Мағжан Жұмабаевты тартқан. Сібір өлкесі мен Қазақстан шекарасын межелеуге қатысқан. Қазақ АКСР ОАК-нің мүшесі ретінде Орынборда шығып тұрған «Еңбекшіл қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетін ұйымдастырушылардың бірі болған. 1924 жылдан 1937 жылға дейін – Ленинградта, Мәскеуде алғашында оқып, кейін қызмет атқарған. Ленинград Шығыстану институтында доцент, Мәскеуде Марксизм-ленинизм университетінде директордың орынбасары. Ленинградта болғанда сонда оқитын қазақ жастарына көмек ұйымдастырған.

Бір қызық жай, Ленинград әскери округінің трибуналы 1958 жылы 13 маусымда Темірболат Телжановты ақтап, шешім қабылдады. Бірақ бұл хабар Қанапия Телжановқа әлі жеткен жоқ еді. Әйтпесе, жастық шақ туралы әңгіме басқаша өрбір еді ғой. 

Әңгіме тақырыбы өмірбаяннан шығармашылыққа ойысқанда, суретші өзгеріп сала берген. Сонда Қанапия Телжановтың оқу бітіргеніне бес-ақ жыл болған. Жасы 31-де ғана. Бірақ Одаққа да танылып үлгерген еді. Танытқан шағын ғана «Жамал» картинасы. Кешқұрым сәтте далада от жағып, соның қасында ойға шомып отырған қазақ қызының бейнесі кімді болса да тебіренткендей еді. Кейіпкердің табиғи сұлулығы мен шығыс әйелдеріне тән сыпайылығы нәзіктікпен үйлеседі. Суретші осынау бір қарапайым тіршілік көрінісінен ғажайып сұлулықты да, даналықты да қалай тапқан дерсің. «Менің анамның аты Жамал еді, онымен шығармамды атадым» деген суретші. Картина атақты Третьяков галереясына қабылданған. Қазір де сонда. Бұл көп адамның қолы жете қоймайтын баға.

Суретші альбомдарын ақтарды. Алғашқы шағын-шағын картиналарының барлығының тақырыбы – ауыл өмірі. Студент кезінде жазған «Жайлауда», «Үгітші шопандар арасында» картиналарында шәкірттің қолтаңбасы сезілсе де, ауылға деген махаббаттың иісі аңқып тұр. «Тұңғыш рет» картинасында жап-жас ауыл қызы пианино қасында тұр. Үлкен өнердің табалдырығын аттағандай кейіпте. Кейін сол өнердің есігін ашатынына, биігіне көтерілетініне сенесің. «Сабақтан соң» шағын картинаның да айтары көп. Мектептен шыққан балаларды екі қарт күтіп алып тұр. Ата мен әже. Жайдары жүзді балалардың ортасында. Кеше мен бүгін ғана емес, ертең де көз алдыңа елес­тей­ді. Суретшінің өзі де, басқалар да мойын­дайтын бір табыс – «Әже мен немере» картинасы. Әппақ киімге оранған әжеге әнтек иығын сүйеп қана отырған қып-қызыл көйлекті қыздың үйлесімі қандай! Бұдан бәрін табуға болғандай: нәзіктік те осында, жан пәктігі де осында, мейірім шалқып жатыр. Бұл шағын этюдтерде қазақтың далаға ғана сыятын дарқан жүрегі соғады.

«Сіз қалада өстіңіз, суреттеріңіздің тақырыбы – ауыл» деп ой қозғадық. Суретші Телжанов осы сұрақты күтіп отынғандай сөйлеп кетті. «Тағдырым солай болған шығар, мен қаланың қатыгездігін бастан кештім. Ол мені ата-анамнан айырды. Жақсылықты туған жерден, ауылдан іздедім. Менің басымда ауылға деген арман жүрді. Ол этюдтерге түсті... Қала бейнесі мені тітіренткен кез болды».

Расында да, Мәскеудің зәулім үйлері, Ленинградтың сұрғылт аспаны, сұрапыл соғыс, ашаршылық. Ленинград қоршауынан шыққанда да жас Қанапияның жолы басқалардай Қазақстанға түспей, Ресейдің Киров облысына бұрылды. Интернат түлегінің өмірін кешті. Тек мектепті бітірген соң ғана туған жерге қарай құстай ұшқан.

Суретші өзінің алғашқы туындыларын, этюдтерін көрсетіп болған соң орнынан тұрып, біздің де назарымызды үлкен полотноға бұрды. «Туған жерге деген бар ойым осында жатыр. «Атамекен» деп аталады. Аяқтап қалдым. Тыңды игеруге арналған», – деді ол. Иә, бұл әлгінде Суретшілер одағы басшысының айтқаны ғой. Тың тақырыбы сонда жұрт аузында жүрген кез. Жыр да тың жайында, ән де тың жайында. Енді міне, сурет тақырыбы да тың! Бір қабырғаны алып жатқан картинада қазақтың селеулі кең даласы, оның терең жыртылған бір пұшпағы, сол жыртылған жерге тіреліп тоқтаған салт атты қазақ бейнеленген. Бұрын бейқам жатқан далаға түрен түскен, ол енді оянады деген идея айқайлайды. Анау салт атты айбарлы қазақ соны құптай ма, жоқ па? Әдетте, тың туралы әңгіме болса, алып техникалар, алқызыл тулы дала қостары, қайсар механизаторлар бейнеленуші еді. Оның бірі жоқ. Сонда әлі студент бізге тың тақырыбы онша ашыла қоймағандай көрінген. Біздің осынау ойымызды оқып қойғандай, суретші тағы да сөйлеп кетті: «Әркім тыңды өзінше түсінеді, менің пікірім осындай, – деді ол. – Жақын күнде бітір деп жатыр. Күндіз-түні осының қасындамын. Уақыт тығыз». Бұл енді көп әңгімелесуге уақыттың жоқтығын да ескерткендей еді.

Арада бір аптадай өткенде менің суретші Телжанов туралы шағын суреттемем «Социалистік Қазақстанда» жария-

ланды. «Атамекен» картинасының фонында түскен Қанапияның суреті де бар. Әдеттегідей алақандай көзі күлімдеп, нұр жайнап тұрған кейпі. Ол кезде газет өте арзан – екі-ақ тиын. Бес данасын дүңгіршектен сатып алып, шеберханаға келейін. Тағы да Қанапия суретші есікті ақырын ашып, сығалап қарады. Мен оның суреті басылған газетті көрсеттім. Ол айғайлап жіберді: «Ой, кір, кір!» деп жатыр.  Іште тағы бір адам бар екен. Үйдің іші көк түтін. Тамақ ішіп отырғанға ұқсайды. Алдарында бөтелкесі де бар.Әлгі адам газеттегі материалды көріп, тіпті айғайлап кетті: «Бүгін Қанекең мына картинасын толық бітіріп, нүктесін қойған. Соны атап жатқанбыз. Енді мына газетке шыққанын қара! Мұны ресторанда тойлау керек қой!». Әңгіме ресторанға жетпеді. Мен ішпейтінімді айтып, азар да безер болдым. Әлгі досы мұны онкүндіктен келген соң басқа жолмен сыйлайсың деп жатыр. Қанапия оған уәде берді.

Мәскеудегі онкүндіктен еліміздің мәде­ни­ет қайраткерлері үлкен табыспен оралды. Орта­сында Қанапия Телжановтың аты да атал­ды. Әсіресе, «Атамекен» картинасы сол кезде көбірек ауызға ілінетін. Бір жағы, сая­сат та көмектескен шығар. Тың игеруге мә­дениет қайраткерлерінің қосқан үлесі ай­тылса, Телжановтың сол картинасына соқпай кетпейді.

Сірә, еңбектің еленуі, бағалануы ша­бытқа қамшы болатыны бар. Сол елу­і­нші жы­лдың аяғы мен алпысыншы жыл­дың ба­сында Қанапия Телжановтың қыл­қал­а­мынан талай кереметтер туды. Әлдебір саясаттың ығына келетін тақырыптар емес, кә­дімгі адами, пенделік дүние иірімдерін көр­сететін картиналар туындап жатты. Тіпті, сол онкүндіктен келе салып, «Домбыра сазы», «Қарлығаш» картиналары бірнеше айдың әлетінде дүниеге келді. Олардың әрқайсысы кез келген суретшінің кезекті туындысы ретінде бағаланар еді. «Домбыра сазы» таза ұлттық тақырып: қазақ үйінің сыртында қабырғаға арқасын сүйеп қазақ ұланы домбыраны безілдетіп тартып жатыр. Оны тыңдап тұрған екі адам бейнеленген. Бойжеткен ару мен ұршық иіріп отырған кимешекті ана. Сол екі адамның жүзіне қарап, сол домбыра сазын бүкіл әлем тыңдап тұрғандай сезінесің. Азын-аулақ ұлттық сезімің болса, оны сен де естисің. Бұл картинаның құдіреті сонда.

«Қарлығаш» картинасын суретшінің өзі де ерекше ұнататын. Онда жастық шақтың албырт иірімдері асып-тасып жатыр. Төмендеп ұшқан қос қарлығаштың соңынан жүгіріп келе жатқан қыздың өзін де қарлығашқа балар едің. Әлем толған арман, әлем толған қуаныш. Сол арманға, сол қуанышқа сен де ұмтыл дейді суретші.

Әсте де, біз Телжановтың елеулі картиналарының бәріне тоқталайын деп отырғанымыз жоқ. Сөйтсе де, оның «Көк­парын» аттап өту де қиын-ау. Ол­ бір ұлттық деген нәрсенің бәріне қырын қарайтын заман еді ғой. Тіпті, қа­зақтың ұлттық ойыны көкпарға да тый­ым салынған. Соған әдейі барды ма, басқа ойы болды ма, суретші 1960 жылы «Көкпарын» жазды. Мұны суретші Тел­жановтың ғана табысы деп емес, қазақ кескіндеме өнерінің табысы деп бағалады жұрт. Онда бейнеленген көкпар тек ұлттық ойын ғана емес, ол бір жағы тарих та, ол еркіндікті аңсаған қазақ дейтін халықтың мінезі де, буырқанған бұ­ла күштің сыртқа атқақтауы, қа­жыр­лы қайрат пен романтикалық сер­пі­ліс­тің үйлесімі. Бұл туынды суретші ке­мел­дігінің бір асуы болуымен қатар, оның азаматтық келбетінің де айшықтала түскенін аңғартып, қоғамдағы орнын да жаңаша бағамдаған.

Сол 60-жылдың басы оны елдің жетекші суретшісінің бірі ретінде мойындатып қана қойған жоқ, Қанапия Телжановтың қайраткерлік жолы да бас­талған. Қырыққа жетпей-ақ оған рес­­публиканың Халық суретшісі ата­ғы бе­рілді. Қырыққа толмай жатып Рес­пуб­лика Суретшілер одағын басқарды. Тіпті, Мәскеуді мойындатып, Одақтық Суретшілер одағының хатшысы да болды. Қаншама республикалық, одақтық мекемелердің жұмысына тікелей қатысты, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.

Бірақ әсте де оның шығармашылығы тоқыраған емес. Оған жұрт назарын аударған триптихтары, еңбек адамдары туралы, тарихи тақырыптағы картиналары куә.

Сөз басында өмірдің маған Қана­пия Телжановты тосын жағдайда кездес­тір­генін айтқан едім ғой. Алғашқы кез­десуді де тосын деуге болар. Ал екін­шісі шын солай. Бұл 1984 жылдың 14 қаңтарында болған еді. Онда мен «Со­циалистік Қазақстанда» (бүгінгі «Еге­мен») жауапты хатшымын. Қат-қабат жұ­мыс. Жүрек соны көтере алмады білем, ж­ұ­мыс аяғында жедел жәрдем ауруханаға алып кетіп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтым емес пе – кең инфаркт деген диагноз қойылды. Қатты қиналысты дә­рі-дәрмек, егудің күшімен басты-ау. Қат­ты ұйықтап кетіппін. Таң ата тұрсам, қа­тар төсекте бір адам жатыр. Байқап қа­расам – Қанекең! Тосын кездесу ме? Әрине, тосын!

Біраздан соң Қанекең де оянды. Бірден таныды. Ишарамен амандастық. Жылдам, күрт қозғалуға болмайды. Мұның есесін кейін мықтап қайтардық қой. Екі аптадай емдеу кезінде не сыр айтылмады дейсің! Сонау алғашқы таныстықтан бергі өзгеріс қаншама! Өзгермеген бір нәрсе – оның қарапайымдылығы, сол баяғы алғаш көргендегідей жайдары күлкісі. «Мен қатыгездікті көп көрген жанмын, мен ондай бола алмаймын!» деген бір сөзінде. Бұрын әкесі туралы жақ ашпаса, осы жолы көп айтты. Кез келген әңгімеге қосатын. Бірде былай дегені бар: «Қатыгез болмағанмен, мен өзі­ме қаталмын, босаңсымаймын. Бірақ өмі­рімде екі рет жыладым: әкемнің ақ­талғанын естігенде жыладым, ал ол атыл­ғанда жылай да алған жоқпын ғой. Со­дан соң өзіме Халық суретшісі атағын бер­генде жыладым. Әкем осыны көрмеді ғой деп жыладым. Сонда сол 1963 жылы мен 36-да болсам, әкем бар-жоғы 65-ке ғана келер еді ғой. Ал оны 40-қа да тол­маған кезінде атып тастады. Не деген қа­тыгездік!».

Осы емделу кезінде Қанекең өзінің шығармашылығы жайында да ұзақ-ұзақ әңгімелер айтты. Бір ғана сәтін айтайықшы. «Менің «Атамекен» атты кар­тинамнан жұрт тың игерудің ұлы­лы­ғын көреді. Ал сондағы бас кейіпкер – салт атты қай­сар қазақ не деп тұр? «Дұрыс істеп жат­сың­дар» деп тұр ма, жоқ «Неге қазақтың же­рін бүлдіресіңдер?!» деп тұр ма? Ұрпақ өзінше ұғады», деді Қанекең. Көптен бергі көңілде жүрген бір сұрақтың жауабы осылай берілген.

Мені таңдандырған бір жай – тау тұлғалы Телжановтың сол кішіпейілдігі. Мен пәленшемін деп бір сәт кергіген емес. Қайта, жасы үлкен болса да қасындағы адамның көңіліне қарап, майда-шүйдеге алдымен өзі жүгіреді. Кішірейгеннен адам кішіреймейді деген қағиданың әдемі мысалындай еді. Ал әзілді қалай қабылдайтынын, рахаттана күлетінін айтсаңшы!

Ол кісімен бірге болғанда естіген әңгі­мелер, көрген іс-әрекеттері еске түс­кенде көңілге еріксіз күлкі үйіріледі. Бір күні үйіне шұғыл тапсырма берді. «Менің қасымда оны мен сыйлауға қарыздар бір адам жатыр. Сол қарыздан құтылмасам, мұнда көп жататын түрім бар, жақсылап қазақ­ша ет асып әкеліңдер», деді. Палата­мыз­да сол күні кішігірім той болды. Үйі­нен жаңа альбом-кітабын алдырып, маған арнап сөз жазып, сыйлады. «Бұл кітап менде бар, Қанеке» десем, «Онда өзіңе арнап жазған мынадай керемет сөздер жоқ қой!» деп күлдірген.

Осынау ғажап адаммен бірге болған қысқа сәттердің өзін сағынасың. Ал онымен ұзақ араласқандардың сағы­ныш­тары қандай дерсің-ау. Тіпті, тік­е­лей араласпағандардың өзі оны шы­ғар­машылығымен таниды. «Жа­мал­ды», «Атамекенді», «Тыныш­тық­ты», «Көк­парды» көргендер, оны т­уды­р­ған құ­діретті іздейді. Сонда олардың көз ал­дына тау тұлғалы талант Қанапия Тел­жанов келеді. Таудың алыстаған сайын тұлғаланып көрінетіні бар.

Мамадияр ЖАҚЫП, 

Қазақстанның құрметті журналисі

Алматы