30 Сәуір, 2011

Жас жұбайлар бақ сынады

703 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тағдыр тоғыстырған екі жас өмір атты айдынға желкен сал­ды. Алдында сан алуан арман-асулар күтіп тұр. Әрине, өмірдің ащысы мен тұщысы да алма-кезек болатыны заңдылық. Оған тө­зетіндер де, кілт шешім қа­был­дайтындар да болады. Демек, жас отбасыларға жол сілтеу, бағыт-бағдар беру аға ұрпақтың парызы екені анық. 1 мамыр – Қазақстан халқы­ның бірлігі күні мерекесі қар­са­ңында осы ниетпен «Жетісу жас­тары» жастар орталығының ұйымдастыруымен «Жас отау» облыстық байқауы өткізіліп, онда әр аймақтан 13 жұп өнерлерін көпшілік талғамына ұсынды. Көрермендер байқау алдында әр жұптың отбасылық фотокөрме­сін тамашалап, жас жұбай­лар­дың үйленгеннен бергі өткізген қызықты сәттеріне қаныға түсті. Көрмеде отбасының шығар­ма­шы­лық туындылары да үйлесім тапты. «Әжелер» ансамблінің жетекшісі Алтын Бүркейқызы ақ тілегін айтып, сәттілік тіледі. Сахнаға Алакөл ауданынан келген Жангелді Немербаев пен Ай­нұр Рахыпбекова «Отбасындағы бір күн» тақырыбымен түсіріл­ген DVD форматындағы бейне­бая­нын көрсетті. Онда жас келін Айнұрдың үлкенге ізеті, кішіге құрметі әдемі бейнеленіпті. Бұл жұп өздерін таныстыруға қазақ­тың қызыл сырлы домбы­ра­сы­мен шығып, өнерден де құр­алақан еместігін байқатты. Талдықорғандық Бекзат Ағ­ияр­­ұлы мен Гүлжан Әсет­қызы да халқымыздың салт-дәстүрін жете білетіндігімен ерекшеленді. Ал, ілелік Нұрлан мен Зи­нагүл Қоңырбаевтардың отбасы сахнаға бүлдіршін сәбилерімен шығып, көрерменнің көңілін бау­рады. Көксулық Берік пен Мар­жан Кәрімовтер, текелілік Тәкен Жұманқұлов пен Торғын Тұрлыбаева да жас отаудың босағасының беріктігін бейнелей білді. Байқауда жұптар қа­зақ­тың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына орай қойылған сұрақ­тарға жауап берсе, соңғы турда өздері дайындаған ас мәзірін қазылар назарына ұсынды. Міне, осындай тартысты өт­кен байқауда талдықорғандық Бек­зат Ағиярұлы мен Гүлжан Әсетқызы жеңіске жетіп, бас бәй­гені иеленді. Алакөлдік Жан­гелді Немербаев пен Айнұр Рахыпбекова екінші орынға,  Іле ауданынан балаларымен қа­тыс­қан Нұрлан мен Зинагүл Қо­ңырбаевтар үшінші орынға қол жеткізіп, мерейленді. Жас отаудың өзге жұптары «Көрермен көзайымы», «Ең тапқыр жұп», «Ең жарасымды жұп», «Ең инабатты жұп», «Ең білімді жұп», «Ең әдемі жұп» және «Ең өнерлі жұп» но­ми­нациялары бойынша мара­пат­талды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.