04 Мамыр, 2011

Көпжақты байланыс қырлары

322 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов еліміздің сыртқы саясатында болатын қарым-қатынастар тізбегін хабарлаған кезекті апталық брифингін өткізді. Ресми өкілдің мәлімдеуінше, Қазақстан Рес­публи­касы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров 5 және 6 мамыр күндері Куба Респуб­лика­сында жұмыс сапарымен болып қайтады. Сапардың негізгі мақсаты – екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультацияларды өткізу және солардың қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастық жөніндегі ведомствоаралық мемо­ран­думға қол қою. Брифинг барысында Асқар Абдрахманов сондай-ақ «Шанхай ынтымақтастық ұйымына – 10 жыл» атты мерейтойлық монетаның тұсаукесері мен «Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы» атты пошталық марканың салтанатты рәсімі өтетіндігін жария етті. Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалығын насихаттау бағдарлама­сына сәйкес, Қазақстанның Ұлттық банкі «Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымына – 10 жыл» атты мерейтой­лық мо­нетаны айналымға енгізіп, «Қазпошта» АҚ «Қазақ­стан Республикасының Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына төрағалығы» атты пошталық марканы басып шыға­ратын болады. Салтанаттың тұсаукесер рәсіміне ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев, Ұлттық банк төр­ағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов, «Қаз­пошта» АҚ басқармасының төрағасы Аркен Арыстанов және Қазақстанның Шанхай ұйымы мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестірушісі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Шахрат Нұрышев қатысады, деді Асқар Абдрахманов. Кешегі брифингте сондай-ақ Астанада 2011 жыл­дың жазында өтетін Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессия­сында Қазақстан төрғалығы логотипінің тұсауы кесілетіндігі жөнінде мәлімделді. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.