04 Мамыр, 2011

Операцияны Пәкстаннан құпия ұстаған

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
АҚШ әлемдегі №1 терроршы деп айдар таққан Сауд Арабиясының азаматы Усама бен Ладеннің Құрама Штат­тар тарапынан жүргізілген арнайы операция ба­рысында қаза тапқаны белгілі. Оған қатысты опера­цияны АҚШ Пәкстан билігіне айтпай, құпия түрде жүзеге асырған. Бұл жөнінде кеше Құрама Штаттар президентінің терроризммен күрес жөніндегі кеңесшісі Джон Бреннан мәлімдеді. Д.Бреннан бен Ладеннің Пәкстан билігінен ресми қолдау көріп келуі ықтимал екенін де жоққа шығармайды. «Біз бүгінде оның Пәкстанда осыншама ұзақ уақыт тұрып келгенін тексеру үстіндеміз. Біздіңше, бен Ладеннің Пәкстан тарапынан қандай да бір қолдау көргені анық», дейді ол. Бен Ладеннің үстіміздегі жылдың 2 мамырына қараған түні Пәкстанның Абботтабад қаласында өлтіріл­генін еске сала кетейік. ҰЛТТЫҚ БІРЛІК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ Палестинаның бәсекелес ФАТХ жә­не ХАМАС қозғалыстары Еги­петтің аста­насы Каир қаласында ұлттық татуласу және биліктің ортақ органын құру ту­ралы келісімге қол қойды. Келісім бір жыл ішінде парламент сайла­уын және Палестина автономиясының басшысын сай­лауды өткізіп, партияда жоқ кәсіпқойлар арасынан біртұтас «технократтар үкіметін» жасақ­тауды қарастырады. Сайлау науқаны мен дауыс беру үдерістерін аталған екі ұйым құрған және 12 адамнан тұратын тәуелсіз трибунал байқайтын болады. Келісім бойынша, сонымен қатар, қа­уіпсіздік саласында ФАТХ бөлімшелері Батыс жағалауды, ал ХАМАС Газа секторын бақылауды жүзеге асырады. Уағдаластыққа Египеттің жаңа билігінің араағайындығы нәтижесінде қол жеткен. КАДДАФИДІ БИЛІКТЕН КЕТУГЕ ШАҚЫРДЫ Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Эрдоған Ливия басшысы Муаммар Каддафи биліктен дереу кетуі тиіс, деп мәлімдеді. Түрік премьерінің сөзінше, Каддафи елде реформалар жүргізуге шақыруларға қарамастан, өз халқына қарсы репрессияға барып, халықтың көз жа­сына қалып қана қоймай, қанын да жүктеп отыр. Эрдоған сөзінің түйіні мынадай: «Ливия көсемі – Ливияның болашағы, елдегі бейбітшілік пен өркендеу үшін билік басынан кетіп, тарихи қадам жасауы қажет». Бұған дейін ресми Анкара М.Каддафиге қатысты жұмсағырақ ұстаным танытып келген болатын. Алайда, Түркия дайындаған бейбіт жоспар Триполи тарапынан ешқандай қызығушылық туғызбаған еді. ЕСЕП-ШОТТАРДАҒЫ АҚШАДА ЕСЕП ЖОҚ Швейцария басшылығы Муаммар Каддафи, Хосни Мүбәрак және Зин әл-Абидин бен Алиге қатысы болуы ық­тимал 830 миллион франктің (960 миллион доллар) есеп-шоттарын жауып тастады. Бұл ақшаның көп бөлігі, яғни 410 миллион франкі бұрынғы Мысыр басшысы Х.Мүбәракқа тиесілі болуы мүмкін. М.Каддафиге қатыстысы 360 миллион делінсе, Тунистің бұрынғы президенті бен Алиге қатыстысы 60 миллион франк делініп отыр. Қазір Египет пен Тунис үкіметі Швейцария басшылығымен «құлып салынған» ақшаны қайтарып алу жөнінде келіссөз жүргізуде. Ал Ливияға қатысты қаржы туралы әзірше әңгіме жоқ көрінеді. РАДИОАКТИВТІЛІК ДЕҢГЕЙІ ЖАСЫРЫЛҒАН Жапония үкіметі «Фукусима-1» АЭС-інен шыққан радиоактивтілік деңгейі туралы ақпаратты жасырып кел­генін мойындады. Жапония премьер-министрінің ке­ңес­шісі Госи Хосоно 5 мыңнан астам мәлімет жұрт­шы­лық танысу үшін жария етілмегенін көлденең тартты. «Фукусима-1» АЭС-індегі апат үстіміздегі жылдың 11 наурызындағы сұрапыл жер сілкінісі және ол туындатқан цунами салдарынан орын алғаны белгілі. Алайда, АЭС-ке үлкен зиян табиғи апаттан емес, одан кейінгі күндері, яғни энергоблоктар орналасқан орындарда сутегінің бірнеше жарылысы болғаннан кейін келгенін біреу білсе, біреу білмеуі ықтимал. ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ОЙРАН ЕСЕБІ ЖАРИЯЛАНДЫ Қырғызстанның оңтүстігінде был­тыр болған этносаралық қақ­ты­ғыс­тарды тексерген халықаралық комиссия өзінің есебін жариялады. Комиссия төрағасы Киммо Кильюнен есепті ұсы­на келе, ойраннан бәрінен де өзбек қа­уымының өкілдері көп зардап шеккенін көлденең тартты. Оның деректері бойынша, қаза тапқандар арасындағы өзбектердің үлесі 74 пайызды құрайды. Дүние-мүлікке келген шығынға қатысты да осыны айтуға болады. Есептің жария етілуінде сөйлеген комиссия басшысы былтырғы мау­сым оқиғаларын, кейбір БАҚ-тарда сол тұрғыдағы пайымдаулар пайда болғанына қарамастан, геноцид немесе әскери қылмыс деп бағалауға ешқандай негіз жоқ екенін атап көрсетті. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Канадада 2 мамырда парламенттік сайлау болып өтті. Алдын ала нәтижелерге сәйкес, сайлауда премьер-министр Стивен Харпердің билеуші Консервативтік партиясы жеңіске жеткен. АҚШ пен Румыния Румыния аумағында Американың әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі элементтерін орналастыру туралы келісімге қол қойған. Мұны Румыния президенті Траян Бэсеску мәлімдеді. Ресей президенті Д.Медведев елдің терроризмге қатысты заңына түзету енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ол бойынша террорлық қауіпті ескертудің үш деңгейлі жүйесі енгізілетін болады. Интернет материалдары негізінде әзірленді.