04 Мамыр, 2011

Кaz.kz ұлттық іздеу жүйесі одан әрі жетілдіріле түспек

584 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын еліміздің ғаламторында Kаz.kz  ұлттық ақпараттық іздеу жүйесі іске қосылып, аз уақыт өтпей-ақ халықаралық тәуелсіз рейтингі статистикасы мәлімет­тері бойынша   үздік сайттар қатарынан табылған болатын. Содан бері ақпарат іздеушілер саны тәулігіне 10 мыңға дейін жеткен. Әсіресе,   «Қазақтелеком» АҚ «Мегалайн» қызметін пайдаланушы­лардан келіп түскен сауалдар саны жетіп артылады. Бүгінгідей ақпараттық іздеу жүйесінің қызметін тұтынушылар  қатары жыл санап емес, күннен күнге артып  отырған шақта   жоба авторлары сайттың қызмет түрлеріне жаңартулар енгізіп, оны кең көлемде тарату мүмкіндігін қарастыруда. Жуырда Алматыда  «Қазақтелеком»  iD Centre-де» үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, «Қазақтелеком» АҚ, «Нұр Отан» ХДП, халықаралық IT университет  түлектері әзір­лемешілердің  қатысуымен  өткен баспасөз  мәслихатында жоба автор­лары алдағы Kaz.kz ақпараттық іздеу жүйесін дамыту барысындағы мақсаттарымен бөлісіп, танымал шетелдік іздеу жүйелерінен айырмашылығына тоқталды. Алдымен қарапайым оқыр­мандарға түсінікті болуы үшін Kаz.kz ақпараттық іздеу жүйесі­нің қызметі мен ерекшелігіне тоқтала кетейік.  Қызметі –  интернет желісінің ұлттық сегменті ақпаратына жылдам қатынау тетігі болса,  негізгі ерекшеліктері –  ақпаратты қазақ тілінде, сон­дай-ақ орыс тілінде іздеу жә­не өзге ұлттық ақпараттық жү­йе­лермен және дерекқорлармен біріктіру мүмкіндігі болып та­былады. Kaz.kz ақпараттық іздеу жүйесі интернет желісінің қа­зақ­стандық сегментінде және .kz егелік аймағында орналасты­рыл­ған веб-сайтқа оның маз­мұны бойынша іздеу жасайды. Kaz.kz жобасының жетекшісі Виктор Покусовтың айтуынша, іздеу жүйесі ақпараттық іздеу саласындағы тың жетістіктер негізінде құрылған және табылған нәтижелерді сұрыптаудың бірегей алгоритмін пайдаланады.  «Іздеу жүйесі өте қарапайым. Біздің аумақта ақпараттық іздеу жүйесін құру ғаламтор желісін пайдалану­шылар үшін аса қажет. Әрі осын­дай жоғары байланыс көзі арқы­лы шетелдік сайттарға шықпай-ақ өз отандастарымызға жаңа қыз­мет түрін ұсыну біз үшін де тиімді. Kaz.kz іздеу жүйесіндегі ақпараттар ұлттық ресурстардан алынады. Мәселен, бізде барлық мемлекеттік органдар туралы ақпараттарды табуға болады. Бұл біздің шетелдік іздеу жүйелерінен басты айырмашылығымыз», – дейді жоба жетекшісі. Енді ғаламторды  тұтынушы­лар сайт жетекшілері ұлттық ақ­параттық іздеу жүйесіне жа­ңар­тулар енгізуінің нәтижесінде  «Кaz.kz-ті» «Гугл» мен «Яндекс» секілді желілермен екі тілде бірдей тез арада бірдей тұ­тына алатын болады. Бұл, әсі­ре­се, тұтынушылар үшін өте тиімді әрі ыңғайлы. «Қазақтелеком» АҚ АЖД бас директорының коммерция жө­нін­дегі орынбасары Анатолий Бачи­каловтың сөзіне қарағанда «ID Host» қызметі клиенттерінің тұ­рақты өсімі Қазнеттің қарқын­ды дамып отырғанын көрсетеді, жаңа іздеу жүйелері Қазақ­стан­да ин­тер­нет-ресурстарды таны­мал ете түсуге ықпал етіп, Дата Орта­лық­тар қызметтеріне сұра­ныс­тың арта түсуіне оң әсерін тигізбек. Осылайша,  үстіміздегі жылы жоба авторлары өз мүмкін­дік­тері мен  қызмет көрсету түр­лерін кеңейте отырып, жаңа даму кезеңіне көшпекші: Орталық Азия және Кедендік Одақ елдеріне шығу мүмкіндігі, «дербес іздеу» қызметі, KAZ PR статис­тикасы және т.б. пайда болады. «IT AWARDS KAZAKH­STAN-2009» республикалық  бай­­қауы қорытындысы бойын­ша интернет-технологиялар са­ла­сындағы жетістіктері үшін марапатталған жас мамандардан құралған жоба жетекшілеріне    «Қазақтелеком» АҚ тікелей қол­дау көрсетпек. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.