04 Мамыр, 2011

Телефон арқылы сөйлесті

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ жағы­ның бастамашылығымен Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Америка Президенті Қазақ­стан­ның жетістіктеріне жоғары баға  бере келе,  біздің еліміздің  әлеу­меттік-экономикалық және  саяси да­мудағы белгіленген  жос­пар­ла­рын  жүзеге асыруда  сәт­тілік тіледі. Әңгіме барысында екі елдің басшылары Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының ағым­да­ғы жағдайы мен  перспек­ти­ва­ла­рын, екі елдің арасындағы ст­ра­тегиялық серіктестікті  нығайту жөніндегі алдағы  қадамдарды тал­қылады. Орталық  Азиядағы жағдайды қоса алғанда, жаһандық және ай­мақтық қауіпсіздік мәселелері бой­­­ынша пікір алмасылды. Б.Обама Ауғанстандағы жағдайды реттеуге қосып отырған сын­дар­лы үлесі үшін Қазақстанға алғыс білдірді. Жаппай  қырып-жоятын  қа­ру-жарақты  таратпау, Нұрсұлтан На­зарбаевтың осы саладағы бас­тамаларын, оның ішінде 2010 жыл­дың сәуір айында Вашин­гтон­дағы Ядролық қауіпсіздік жө­ніндегі саммитте айтылған бас­тамаларын  жүзеге асыру мә­се­лелеріне үлкен назар аударылды. АҚШ Президенті сондай-ақ Ислам Конференциясы Ұйымы­мен арадағы өзара іс-қимылдарға үлкен маңыз беріліп отырғанын атап көрсетті және осы ұйымға төрағалық ету барысында Қа­зақстанға сәттілік тіледі. Қазақстан басшысы  АҚШ-тың оңтүстігінде болған жойқын торнадоның салдарынан адам құрбандықтарының орын алуына байланысты Барак Оба­маға көңіл айтты.