Президент экономика жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Манделлді қабылдады. Тараптар қазақстандық және әлемдік экономикадағы істің жай-күйін талқылады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
– Президентпен кездесу кезінде мен қазақстандық валютаны одан әрі дамыту туралы өз ұсынысымды білдірдім, сондай-ақ еуро мен доллар аймағындағы әлемдік бөліністің үрдістерін атап өттім. Мен әлемге ортақ валютаны айналымға енгізу керек деп есептеймін. Бұл идеямды Қытайда, Францияда айттым. Бұған деген үлкен қызығушылық бар. Еуропа қоғамдастығы бұл идеяны қолдады. Қазақстанға қатысты айтсам, болып өткен жаһандық қаржы дағдарысына қарамастан, сіздер өте тұрақты жағдайда екенсіздер, – деді Р.Манделл журналистерге арналған брифинг барысында.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Еуропалық экономикалық комиссияның атқарушы хатшысы Ян Кубишпен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Еуропалық экономикалық және әлеуметтік комиссияның Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша атқарушы хатшысы Ноэлин Хейзермен, БҰҰ азық-түлік ұйымының бас директоры Жак Диуфпен және БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымының бас хатшысы Талеб Рифаймен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселелері, сондай-ақ халықаралық саясаттың өзекті мәселелері талқыланды.
– Нұрсұлтан Назарбаевпен біз көлік және экономикалық дәлізді ашу перспективасын, әсіресе, халықаралық деңгейде талап етілетін құрлықтағы көлік түрлері саласын, сондай-ақ мұхитқа шығуға мүмкіндігі жоқ елдер үшін мульти-бағдарлама әзірлеу жайын талқыладық. Біз сондай-ақ өткен форумда айтылған, Еуропада табысты енгізілген, «жасыл көпір» атты маңызды бастаманы қарастырудамыз, – деп атап өтті Н.Хейзер журналистерге арналған брифингте.
– Қазақстан Президентімен кездесу және ауылшаруашылық секторын дамыту, сондай-ақ өнімділікті және тауар айналымын арттыру мақсатында инвестиция мәселелерін талқылау біз үшін үлкен құрмет. Біз сондай-ақ азық-түлік сапасы, қауіпсіздік және осы аядағы тұтынушылар құқығын қорғау мәселелерін талқыладық, – деді Ж.Диуф журналистерге арналған брифинг кезінде.
Нұрсұлтан Назарбаев Хорватияның экс-президенті С.Месичпен кездесті. Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібі талқыланды.
– Қазақстанды қалыптастыруда Нұрсұлтан Назарбаевтың орны айрықша. Сіздер тәуелсіздік алғанда сіздерде келешек даму үшін орасан табиғи байлықтар болды, тек Президент қана барлығын бір жерге жинап, осы игіліктерді пайдаланудың тиімді жолдарын тапты, – деп атап өтті С.Месич журналистерге арналған брифингте.
Президент Жапонияның экс-премьер-министрі, Жапонияның Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатояманы қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту мәселелерін талқылады.