Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар «Отан қорғаушылар күні» қарсаңында болып отырған себепті Президентке Қазақстан әскерінің Қарағанды гарнизонының құрамалары мен бөлімдерін таныстырудан басталды.
Алдымен Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысын әскери гарнизонның жауынгерлік әзірлігімен және әскери инфрақұрылымдар мүмкіндігімен таныстырды. Президентке 50185-ші әскери бөлімнің жауынгерлік кезекшілікте тұрған авиациялық техникасы мен техникалық лабораториясы көрсетілді. Осыдан әрі Президент Миг–31 ұшағының жұмыс регламентімен және кешенді тренажердің жұмысымен танысты.
Еліміздің әуе шебін қорғаушы қорғаныс күштеріміздің ұшқыштары бірнеше рет халықаралық ойын-жаттығуларға қатысқанын атап өткен жөн. Олардың бәрінде де біздің ұшқыштарымыз дайындықтарының жоғары дәрежеде екенін көрсете білді. Ал өзімізде былтырғы жылы тоғыз авиация жаттығулары өткізілді. Әскери-әуе күштерінде дайындық өлшемі ұшу сағатының ұзақтығымен айқындалады. Біздің әскери-әуе күштеріміздің жалпы ұшу ұзақтығы бүгінгі күнге дейін 25 мыңнан аса сағатты құрап отыр. Ал әрбір ұшқыштың ұшу ұзақтығы 83 сағат болды, бұл – ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда үздік көрсеткіш.
Әскери-әуе күштерінің дайындығын көрген соң Елбасының кортежі Қарағандыдан 30 шақырым жерде орналасқан «Спасск» оқу-жаттығу орталығына қарай бет алды. Мұнда Қазақстан әскерінің мобилизациялық резервін дайындықтан өткізу жұмыстары ұйымдастырылған. Қазақтың ұсақ-шоқыларының арасындағы жазыққа орналасқан орталықтың аумағы біршама кең екен. Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы келген кезде мұнда күн жарқырап, аспан барынша ашық болып тұрды, үп еткен жел де жоқ.
Орталықтың бастығы, подполковник Д.Хамитов Елбасына оқу-жаттығу барысы туралы баяндап берді. Былтырғы маусым айында ашылғаннан бері орталықта 700-дей адам бір айлық дайындықтан өтіпті. Олардың жас мөлшері 27-35 аралығында. Бұрын әскерде болмаған мұндай жандар әскер өмірінен мол мағлұмат алып, бір айдың ішінде түрлі қару түрлерін, байланыс құралдары мен әскери техниканы қалай қолдануды еркін меңгеріп аттанады екен. Жалпы, елімізде бұдан басқа да осындай сегіз орталық бар көрінеді. Биыл осы орталықтар арқылы жалпы саны 4000-ға жуық адам әскери дайындықтан өтеді. Енді мұндай орталықтар биыл Семей, Тараз, Ақтау қалаларындағы әскери бөлімдерде де ашылыпты.
Н.Назарбаев әскери дайындықтан өтіп жатқандармен әңгімелесіп, оларды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Әскери жиынға қатысу арқылы сіздер шынығып, әскери өмірдің шыңдалу мектебінен өтесіздер. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлестеріңізді қосасыздар. Кез келген армияның жауынгерлік қабілеті заманауи қару-жарақ және әскери техникамен қамтамасыз етілгенінде емес, бірінші кезекте мамандардың кәсібилігімен анықталады. Сіздер сол іске енді дайын боласыздар, деді Президент.
Осы сапар барысында Мемлекет басшысы Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусының осында әкелінген бір топ түлектерімен де кездесіп, оларды да Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Одан кейін еліміздің басқа әскери бөлімдерінен келген сержанттар өкілдерімен кездесті. Қазір кәсіби сержанттар әскери бөлімдер мен бөлімшелерде лайықты қызмет атқарып жүр. Сержанттар да Кадет корпусында дайындалады, оның алғашқы түлектері 1996 жылы түсіп, 1999 жылы оқуларын бітіріп, қазір әскерде қызмет етуде. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибесі негізінде ұйымдастырылған корпус бітіруші сержанттар әскердің жауынгерлік қабілеті мен дайындықтан өтуге келген резервтің дайындық сапасын арттыруға үлкен үлес қосып жүр. Оның үстіне әскердің ішіндегі тәртіптің түзелуіне де сүбелі үлес қосуда.
Елбасы Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусын бітіріп, әскерде үздік қызмет етіп жүрген сержанттармен біршама әңгімелесті. Біз сержанттар қатарына қызметкерлер дайындауда көп балалы және аз қамтылған отбасыларының балаларын алып, тегін оқытып, артынан қызмет етуді мақсат еткен едік. Сол мақсатымыз қазір толығымен орындалып, әскер қатарында жүздеген сержант келісім-шарт негізінде қызмет етуде. Олар әскермен бірге тұрып, олардың барлық мұқтаждарын біліп, олардың шешілуіне көмегін тигізіп отырады. Бұл тәжірибемізді ТМД-ның басқа елдері де қазір бізден үйренуде, деді Елбасы.
Жоғарғы Бас қолбасшы арнаулы мақсатта ұйымдастырылған бөлімшелердің жаттығу қимылдарымен танысты. Олар Елбасына ғимаратқа шабуыл жасау, кепілге алынғандарды азат ету, сондай-ақ түрлі кедергілерден өту секілді күрделі элементтерді көрсетті. Әскерилер өзара ынтымақтаса отырып, бейбіт тұрғындарға шабуыл жасаған содырлардың тобын жою бойынша ойындар қойды.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскери бөлімде болған сапарының соңында БАҚ өкілдерімен шағын баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Елбасы тәуелсіз елдің өзіндік әскері болуы қажеттігін, қазір Қазақстан армиясы үш түрлі әскер түрінде толық жасақталып, елдің тұтастығы мен бостандығын қамтамасыз ету жолындағы өзінің міндетін орындауға дайын екендігін айтты. Бүгінгі күні біз еліміздің іші-сыртындағы жағдайға, экономикамыздың мүмкіндігіне, жеріміздің үлкендігіне сәйкес келетін қажетті мөлшердегі әскерді құрдық. Аса үлкен әскер ұстаудың бізге қажеті жоқ, бірақ біздің әскеріміз барынша кәсібилендірілген, білімді болуы керек. Қазір біздің әскеріміз сондай деңгейге жетті деп айта аламыз. Әскерилердің 60 пайызы келісім-шартпен қызмет ететіндер. Олар өздерінің алдына қойылған барлық міндетті орындауға әзір, дей келіп, Президент соның ішінде қазақстандық батальонның Тәжікстандағы содырлармен шайқаста өзіндік келбетін танытып, үздік бөлімдердің бірі болғанын атап өтті. Мен еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап Қарулы Күштеріміздің қалыптасуы мен дамуына үлкен көңіл бөліп келемін. Әскерді қажетті мөлшердегі заманауи қару-жарақпен, әскери техникамен толық қамтамасыз еттік. Әскерилердің әлеуметтік мәселелерін шешу жылдан жылға жақсарып келеді. Енді үлкен құрамаларға бұйрық бере алатын командирлерді де дайындау мүмкіндігіне өзімізде қол жеткізетін боламыз. Астанада Қорғаныс министрлігінің университеті салынып жатыр, үлкен шенді офицерлер сонда дайындалады, деді Мемлекет басшысы.
Өзінің бүгінгі көрген мәселелері жайында айтқанда, Президент әскери дайындықтардың дұрыс жолмен дамып келе жатқанын атап өтті. Соның ішінде бір айлық дайындықтан өтіп жатқандар туралы жақсы пікірін жеткізді. Ал «содырларды құрықтау» мәселесіне тоқталғанда да дайындық барысына өзінің ризашылығын білдірді.
БАҚ өкілдерімен кездесуден кейін Жоғарғы Бас қолбасшы әскери ойындарға қатысқан жеке құраммен де жүздесіп, олардың арасындағы үздіктерге алғыс жариялады.
Бүгін Елбасының Қарағандыға жұмыс сапары одан әрі жалғасады.
Жақсыбай САМРАТ,
Айқын НЕСІПБАЙ.