05 Мамыр, 2011

Каддафи әскері соққы жасады

472 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ливияның үкіметтік әскері бұрнағы күні ереуіл­шілердің қол астындағы Зинтан қаласына бірқатар соққылар жасады. Артиллериялық атқылау «Град» атты дүркін-дүркін оқ ату жүйесі арқылы жүзеге асырылған. Куәгерлердің айтуынша, Зинтан қаласы екі қайтара соққының астына алынған. Жалпы саны 40 реактивті снарядтар қалаға жіберілген көрінеді. Зардап шеккендер туралы әзірге мәліметтер жоқ. Қаланы атқылау басталысымен қаланың үстінде НАТО күштерінің авиациясы пайда болған екен. Бірақ ол жөнінде де нақты мәліметтер болмай отыр. ЖЕЛДЕТКІШ ҚОНДЫРҒЫЛАР ОРНАТЫЛМАҚШЫ «Фукусима-1» атом электр стан­са­сының бірінші реакторына ғимаратты радиоактивті заттардан тазартатын 6 желдеткіш қондырғылар орнату үшін жұмыстар жүргізілуде. Сарапшылардың бағалауынша, жаңа желдеткіш жүйені пайдалану реактор ғимаратында радиациялық фонды бірнеше миллизивертке дейін төмендетуге жағдай жасайды. Егер ғимарат ішіндегі радиация деңгейін төмендетудің сәті түсер болса, АЭС қызмет­керлері апаттан кейін алғаш рет реактордың ішкі бөлігіндегі салқындату жүйесінің жұмысына және басқа да жүйелерге бақылау жасау үшін оның ішіне кірмекші. КӨМІР ШАХТАСЫНДА БОЛҒАН АПАТ Мексиканың солтүстігінде Коауила штатындағы көмір шахтасында жарылыс болып 3 адам қаза тапқан. Белгілі болған мәліметтер бойынша тағы да 3 кенші жер ас­тын­да қалып қойған көрінеді. Алдын-ала алынған ақпаратқа қара­ған­да, шахта қабырғасының құлап түсуіне метан газының жары­лы­сы себеп болған. Кеншілер шамамен 50 метр тереңдікте қама­лып қалған көрінеді. Сондықтан әзірге олармен байланыс орна­ту­дың сәті түспей отыр. Ел президенті Фелипе Кальдерон кеншілерді құтқарып алу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалатынын мәлімдеген. УСАМА БЕН ЛАДЕН ТУРАЛЫ КИНО ТҮСІРІЛМЕК Усама бен Ладен өмірінің экрандалған тарихының блокбастерге айналу мүмкіндігі өте үлкен болып отыр. Сондықтан да ол қаза тапты деген хабардан соң бірнеше сағаттан кейін-ақ Голливуд Усама бен Ладен туралы фильм тү­сіру­ді қолға алмақ деген сыбыс тарап кеткен. Бүгінде әңгіме жүздеген миллион доллар табу мүмкіндігін қандай студия және қай режиссер өзгелерден бұрын пайдаланып қалады дегенге келіп тіреліп тұр. Қауесетке сенсек, белгілі режис­серлер­дің ішінен Ирактағы соғыс туралы түсірген киносы үшін Оскар жүлдесіне ие болған Кэтрин Бигелоу ерекше қызы­ғу­шылық танытқан көрінеді. РЕСЕЙ КЕПІЛДІК ТАЛАП ЕТУДЕ АҚШ-тың Румынияда зымыранға қар­сы қорғаныс жүйесін орналастыру жө­ніндегі жоспары Ресей сыртқы істер министрлігі тарапынан алаңдау­шы­лық туғызды. Ведомствоның мәліметіне қарағанда, Ресей «жолтосқыш» зымырандардың өзіне қатер төндірмейтініне сенімді емес. Сондықтан да Мәскеу оларды ресейлік ядролық күштерге қарай бағыттамай­тын­ды­ғы жөнінде Вашингтоннан кепілдік талап етіп отыр. Румы­ниядағы бұрынғы кеңестік әскери-әуе базасы орналасқан жерде АҚШ-тың ЗҚҚ орналастыратындығы туралы бұрнағы күні Бухарестте хабарланған болатын. ӨЗАРА БІТІМГЕ КЕЛМЕК Каирде палестиналық екі ірі қозғалыс – ХАМАС пен ФАТХ өздерінің бітімге келгендігі туралы хабар­лайды деп күтілуде. Алдындағы күні Египеттің делдалдығымен әзірленген қарарды Газа секторы мен Иордан өзенінің Батыс жағалауында іс-қимылдар жасайтын оннан астам топтың өкілдері қуаттаған көрінеді. Ең басты мақсат – өтпелі үкімет құрып, жалпыға бірдей парламенттік сайлау өткізудің уақыты жөнінде келісімге келу, сөйтіп, екіге бөлінген Палестинаны біріктіру. Дегенмен, бұл келісім Тель-Авивтің қарсылығын да туындатып отыр. ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК АЛМАҚ Португалия 78 миллиард еуро қаржылай көмек алу жөнінде Еуроодақпен және Халықаралық валюта қорымен келісімге келді. Ол үшін Португалия бюджет тапшылығын 2010 жылғы ІЖӨ көлемінің 9,1 пайызынан үстіміздегі жылғы 5,9 пайызға дейін қысқартуы керек. Үш жылға есептелген келісім ұлттық банк жүйесіне қаржылай көмек көрсету жағын да қарас­тырады. Дегенмен, келісім Португалияның оппозиция­лық партиялары, сол сияқты Еуроодақ тарапынан қолдау табуға тиіс. Халқы 10 миллион адамнан сәл ғана асатын Португалия экономикасы биылғы жылы тағы да 1,3 пайызға қысқаруы мүмкін. МЫҢҒА ЖУЫҚ ОППОЗИЦИОНЕР ТҰТҚЫНДАЛДЫ Жаппай жүргізілген тұтқындаулар ба­ры­сында Сирияда 1 мыңға жуық оппози­циялық активистер қамауға алынды. Бірқатар ақпарат агенттіктерінің елдің ұлт­тық құқық қорғау ұйымдарына сілтеме жасай оты­рып хабарлауынша, полиция оппозицио­нер­­лердің үйлерін аралай отырып, рейд жүр­гізген. Осыдан кейін көптеген оппозиционерлер мүл­дем жоқ болып кеткен көрінеді. Сонымен бірге, сәл бұ­ры­нырақ Сирия әскерінің Дамаскіден 280 шақырым солтүстік-батыста орна­лас­қан Банияс қаласындағы көтерілісті тұншық­тыр­ғаны тура­лы хабар­лаған болатын. Дегенмен, сирия­лық оппозиция өкілдері өздерінің жаңа акциялар ұйымдастырмақ ниеттері бар екенін мәлімдеуде. МӘСКЕУ КӨШЕСІНДЕГІ ТӨБЕЛЕС Мәскеудің шығысында орын алған жаппай төбелес салдарынан Тәжікстанның 1 азаматы қаза тауып, тағы 2 адам дене жарақаттарын алған. Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасы ақпарат және жұртшы­лық­пен байланыс басқармасының хабарлауынша, жарақат алған үш адам ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Алдын-ала мәліметтер бойынша олар да Тәжікстан азаматтары болып табылады. Қазіргі кезде оқиғаның себептері анықталуда. Интернет материалдары негізінде әзірленді.