2008 жылы Елбасы Оңтүстікке келген ресми сапарында медицина қызметкерлерінің басын қосқан респубикалық жиын өткізді. Айтулы ВИЧ оқиғасына жол берген Оңтүстік Қазақстан медицинасының қауқарсыз жұмысына өткір сындар айтылды.
Әрине, бұған облыс медицинасын біржақты кінәлай қою қиын. Ешқайсысының қол қусырып қарап отырмағаны анық. Денсаулық сақтау басқармалары басшыларының барлығы да жағдайды оңалтуға күшін салып бақты. Бірақ, халқы көп, тұрмыс деңгейі республикалық орта көрсеткіштен көп төмен, трансферттік көмектерді аз алып келген облыс медицинасы “шықпа жаным шықпамен” отырғанын ұмытуға болмайды. Қыл аяғы медицина құрал-жабдықтарын залалсыздандыратын орталықтың атамзаманғы аппараттарын тот жей бастағанын сол кездегі облыс әкімі, бүгінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің өзі де көрген болатын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Исмайлов “жоғары жақ не бұйырады» деп отыра бермейтін жан. Медицина саласын реформалаудағы сан-салалы бағдарламасы нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, 2010 жылдың қорытындысы бойынша ана өлімінің көрсеткіші 26 пайызға дейін төмендеді. Бала өлімі де бұрнағы жылдарға қарағанда азайып келеді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ана өлімі 46 пайызға, ал, бала өлімі 26 пайызға төмендепті.
Елбасы биыл Оңтүстікке келген сапарында “Бұл өте жақсы көрсеткіш. Облыс басшылығының тапсырмаларды тиянақты орындай алғандығының кепілі. Осындай сапалы жұмыстары үшін облыс дәрігерлеріне алғыс айтамын. Бірақ, бұл нәтижелерге тоқмейілсуге болмайды. Ана мен бала өлімін әлі де төмендетуге күш салыңыздар. Бұл үшін мемлекет тарапынан қажет көмектер болады” деген.
ВИЧ оқиғасынан кейін жандары жабырқап, көңілдері жүдеп жүрген облыс дәрігерлері Елбасының бағасына қатты қуанды. Күш-қуат алды.
Айтқандай, былтыр ВИЧ науқасына шалдыққан 35 ана дүниеге нәресте әкелді. Шақалақтардың бәрі дін аман, дерт жұқпаған. Халықаралық сарапшылар жоғары баға беріпті.
Осындай нәтижеге қысқа мерзімде қалай қол жеткізілді? Осы сауалды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Қазыбайұлына қойғанбыз. Ол жасалған жұмыстардың жайын таратты.
2009 жылдан бастап облыстың балалар хирургтері, анестезиолог-реаниматологтары Литваның, Израильдің, Ресейдің (Санкт-Петербург) жетекші клиникаларында оқып келді. Нәтижесінде облыстық балалар ауруханасында асқазан-ішек жолдарының, орталық жүйке жүйесінің дамуында ауытқулары бар жаңа туған балаларға жоғары білікті хирургиялық көмек көрсетіле бастады.
Облыс бойынша жылына 70-75 мың бала дүниеге келсе, соның 500-ге жуығы іштен пайда болған аурудың зардабын тартады. Ол әртүрлі. Мәселен, өңеші жабылып қалады, шегі сыртына шығып кетеді, өт жолдары жоқ, тоқ шегі бітеу, т.б. Осындай балаларға 2007 жылдары жылына 20-30 операция жасалып келген. Сол балалардың 20 пайызы ғана операциядан кейін өмір сүреді екен. Соңғы екі жылдың ішінде облыстың балалар хирургтарының оқып, тәжірибе жинақтауы, хирургиялық шара қолданудың, анестезиологиялық қарқынды емдеу мен операциядан кейінгі күтудің заманауи әдістерін ендіру нәтижесінде оперативтік белсенділік артты: 2009 жылы ауруханаға түскен 100 баланың 86-на, 2010 жылы түскен 134 жаңа туған балалардың 127-не операция жасалды. Оның ішінде екі жылда асқазан-ішек жолының туа біткен патологиясын түзету бойынша 150 операция жасалды. Жаңа туған балалардың тірі қалушылығы 2007 жылғы 22,3% - дан 2010 жылы 70,1% - ға дейін артты.
2010 жылға дейін бас миы мен жұлынның ауытқулары бар балалар республикалық клиникаларда ем қабылдайтын. 2010 жылдан бастап алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысында облыстық балалар ауруханасының базасында орталық жүйке жүйесінің ауытқуы бар ерте жастағы балаларға жоғары мамандандырылған нейрохирургиялық көмек көрсетіле бастады. Жоспарланған 45 операцияның 36-сы жасалды, балалардың тірі қалуы 92 пайызды құрады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
2011 жылғы наурызда облыстық балалар ауруханасы жаңа ғимаратқа көшірілді. Бөлімшелер мен операция жасайтын бөлмелер қазіргі заманғы зертханалық-диагностикалық және реанимациялық құралдармен жабдықталған. Туа біткен кемістікті барынша ерте кезеңде анықтау және оны операциялық жолмен дер кезінде түзету көптеген нәрестелердің өмірін аман алып қалуға мүмкіндік береді. Бұл бағытты күшейту және жаңа туған балаларға барынша ерте кезеңде көмек көрсету үшін 2010 жылдан бастап облыста перинаталдық көмек күшейтілді.
2011 жылғы ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен литвалық әріптестер арасында 3 жылға өзара ынтымақтастық және бірлесіп қызмет атқару туралы меморандум жасалды.
Бұл меморандум аясында Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы 2011 жылғы 9-15 наурызда облыстық балалар ауруханасында «Дамудың туа біткен кемістіктері бар жаңа туған балаларға көрсетілетін қазіргі заманғы хирургия, анестезиологиялық көмек және операциядан кейінгі күтім» тақырыбына мастер-класс ұйымдастырды. Бұл мастер-класты өткізу үшін Литвадан мамандардың мультидисциплинарлық бригадасы шақырылды.
2011 жылғы наурызда облыстық балалар ауруханасының телемедициналық орталығының базасында алғаш рет өңірлік деңгейде жақын шет елдер мамандарының балаларға кеңес беруі бойынша телекөпір өткізу үшін байланыс орнатылды. Литваның денсаулық сақтау ғылымдары университетінің балалар хирургиясы клиникасының бастығы, профессор В.Бараускас кеңес берді.
2011 жылы облыстық деңгейде балаларға ашық жүрекке 100 операция және 100-150 эндоваскулярлық хирургиялық шара қолдану жоспарланып отыр.
Жұмағали Қазыбайұлы кадр ресурсын күшейтуге күш салып жатыр. Онысы түсінікті де. Шетелдік клиникаларға аз топпен маман оқыту қымбатқа түседі әрі үздіксіз оқытпағаннан кейін күткен нәтижені беру қиын. Сондықтан, халықаралық стандартқа өткен Литва медицинасымен іскерлік байланыс орнатуда. Олар өз кезегінде бірнеше секция болып келіп, әр мамандық бойынша үздіксіз оқытады. Сонда жылына 700-850 маманға дейін дайындап алуға болады екен. Аттестациядан өткен дәрігерлерге шетелдің клиникаларында жұмыс жасауға болатындай сертификат беріледі. Облыстық медицина кадрларын оқытып үйретуге 70 млн. теңгенің үстінде қаржы бөлген облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыс медицинасын заманауи құрал-жабдықтармен жарақтауға үлкен мән береді. Облыс медицинасының соңғы екі жылда аяғына нық тұрғанының себебін осыдан да көруге болатын сияқты. Мемлекеттік көмек мейлінше беріліп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.