Үш жылда бір рет АҚШ-тың біріккен күштері басшылығының сүйемелдеуімен «Бейбітшілік үшін серіктестік» шеңберінде компьютермен өткізілетін «Викинг-2011» командалық-штабтық жаттығуы аяқталды. Оны 1998 жылдан бері Швеция Корольдігінің қарулы күштері жүзеге асырып келеді.
Оған Қазақстан армиясының әскери қызметшілері қатысты. «Қазбат» бітімгерлік батальонынан барған 10 сардар Австрияның көпұлтты бригадасының құрамында Армения, Германия, Швеция, Финляндия, Ирландия және АҚШ әскери қызметкерлерімен өзара іс-қимыл жасады.
Жаттығудың негізгі мақсаты бейбітшілікті қолдау және дағдарысты жағдайға полиция мен жергілікті тұрғындардың көзқарасы жөніндегі операцияның элементтерін пысықтау болып табылды.
Жаттығуға НАТО-ға мүше мемлекеттер мен оның серіктестері болып табылатын 24 елден барлығы 2200 әскери қызметкер қатысты. Көпұлтты бригада деңгейіндегі Австрия, Германия, Грузия, Ирландия және Украинаның штабтары қызмет етті.
АҚШ-тың біріккен күштері мен Швеция және Австрия басшылығы Қазақстан армиясы әскери қызметшілері әзірлігінің жоғары деңгейде екендігін айтып, оң бағаларын берді.
«Егемен-ақпарат».