Жуырда елордалық 12 жасар пианист Әбдіахмет Оразбақов Парижде өткен жас музыканттардың ХХІІ халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Байқауда пианистерден бөлек альт, скрипка, виолончель және басқа да аталымдар бойынша әлемнің 30 мемлекетінен келген 6-26 жас аралығындағы үміткерлер бақтарын сынады.
Атап айту керек, біздің музыканттың әлемнің түпкір-түпкірінен іріктеліп келген 122 талапкердің арасынан мойны озық шықты. Ол Григ пен Слонимскийдің шығармаларын орындап, залда отырған кәсіби музыканттар мен қазылар алқасының қошеметіне ие болды.
Пианистердің шеберлігін әртүрлі мемлекеттерден келген 30-дан астам музыканттар бағалады. Бас жүлде отандық жас пианисімізге бұйырса, бірінші орынды қытайлық, екінші орынды татар қызы, ал үшінші орынды жапондық балғын жас иемденді. Ә.Оразбақов шілде айына Зальцбург қаласына жолдама табысталды. Онда елордалық жас өрен атақты пианист, профессор Кемерлингтен шеберлік сабағын алатын болады.
«Байқаудың негізгі жүлдесін иеленгенімді білгенде қатты қуандым. Маған сенім артып, оқытып, көп нәрсені үйреткен ұстазым Дина Мәмбетоваға айтар алғысым шексіз», – дейді жас өрен.
Айта кетейік, Әбдіахмет Оразбақов Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің 6-сыныбында оқиды. Жас пианистің Парижге барып қайтуына Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен «Қазақ әуендері» АҚ директоры Ғалым Ахмедьяров демеушілік жасады. Ә.Оразбақов 2010 жылы Римде өткен Моцарт атындағы жас пианистердің V халықаралық байқауының да бас жүлдесін жеңіп алған болатын.
Айгүл СЕЙІЛОВА.
Астана.