Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Жапонияның бұрынғы премьер-министрі, осы елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатоямамен және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ ЭСКАТО (Азиядағы және Тынық мұхит аймағындағы Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы) Атқарушы хатшысы Ноэлин Хейзермен кездесулер өткізді.
Ержан Қазыханов шетелдік мейманға арнаған сөзін жақындағы табиғи апаттан ондаған мың адамын жоғалтқан жапон халқына көңіл айтудан бастады. Өз кезегінде сөз алған Юкио Хатояма Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және қазақстандықтарға ауыр сәтте жапон халқына көрсеткен гуманитарлық көмегіне шынайы алғысын жеткізді.
Мұнан соң кездесудегі әңгіме екіжақты байланыстарды дамытуға ауысты. Тараптар стратегиялық әріптестік тұрғысында ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығына мән бере келе, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылы Жапонияға жасаған ресми сапары қарым-қатынастар әлеуетін пайдаланудың көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік ашқанын атап өтті. Соның бірі – атом энергетикасын бейбіт мақсатқа жұмсап, игілікке айналдыру. Бұл орайда тараптар қазақстандық «ҚазАтомӨнеркәсіп» пен жапондық «Сумитомо» және «Тошиба» компанияларының сирек кездесетін металдар мен атом өнеркәсібі саласында бірлескен кәсіпорын ашудағы келісімнің маңыздылығына мән берді.
Сауда-экономикалық байланыстар төңірегінде де ықпалдастықты дамытар тұстардың ауқымдылығын айтқан саясаткерлер бұл төңіректе заңнамалық тұрғыдан атқарылар істер барлығына тоқталды. Қазіргі күні екі арадағы сауда айналымы 1 млрд. доллардан асты, ал алда оның көлемін ұлғайтудың мүмкіндігі мол, деген кездесуге қатысушылар, әрі қарай екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуда парламентарийлер арасындағы барыс-келістің рөліне тоқталды. Үстіміздегі жылы Астанада Семей полигоны жабылуының 20 жылдығына арналып өткізілетін конференцияның маңыздылығы бірауыздан мақұлданды.
Ал Ноэлин Хейзермен болған жүздесуде тараптар биылғы жылдың күзінде Астанада өтетін қоршаған ортаны қорғау және Азия-Тынық мұхит аймағы жөнінде министрлік конференциясының дайындық жұмыстары жайын талқылады. Аталған конференцияның өткізілуі, Азия-Тынық мұхит аймағындағы келешек ынтымақтастықтың одан әрі қарай тұрақты дамуына негізгі себеп болмақ делінді.
Кездесуден кейін тараптар Қазақстан Үкіметі мен ЭСКАТО арасында Алматы қаласында комиссияның Субаймақтық бөлімін құру туралы келісімге қол қойды. ЭСКАТО бөлімінің ашылуы Қазақстанның, тұтастай алғанда, Орталық Азияның БҰҰ-мен арадағы әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарын жүзеге асыруда ынтымақтастықтың ілгерілеуіне қосымша екпін беретіні атап өтілді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.