05 Мамыр, 2011

Айбын

458 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Сан ғасырлық тарихында қазақ халқы өзінің қауіп­сіздігі мен аумақтық тұтастығын, ана тілі мен ділін және басқа да құндылықтарын сақтап қалу үшін қи­лы кезеңді бастан кешірді. Аттары аңызға айналған көшпелілер – сақтар, ғұндар мен көк түркілердің ұр­па­ғы ретінде біз басты байлығымыз – қазіргі Қазақ­стан­ның ұлан-байтақ даласына мұрагер болдық. Біздің даңқты бабаларымыз – ұлы хандар мен батырлар терең ақыл, биік намыс, ержүректік арқасында ел мен жердің тәуелсіздігі үшін күресті. Бүгінде, өз тарихымызға көз салып, ой екшеген біз – Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған секілді көреген билеуші, ұлы қолбасшылардың қадірін түсіне бастадық. «Түркі халқым үшін түнде ұйық­та­ма­дым, күндіз отырмадым», деп Күлтегін бабамыз айтқандай, олардың тас ескерткіштерге қашап жазып қалдырған сөздері түркі халқының талайлы тағдыры мен тәуелсіздік үшін күресін ұрпақтар санасына мәңгіге бекітті. Халық мүддесін басты мұрат ету үрдісін сарабдал хандар – Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Есім, Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай жалғады. Олардың бас­тауы­мен біздің еліміз азулы көршілерінің тоқ­таусыз қысымына қарамастан, тарих қойнауында жоғалып кетпей, өзін сақтай білді. Алтай мен Аты­рау арасына кеңінен жазылған Қазақ­стан жері басқыншы жаулардың ша­буы­лынан аз зардап шеккен жоқ. Сонау ежелгі заманда-ақ ата-бабамыз «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деп бекер айтпаған еді. Осындайда Жалаңтөс Айтқұлұлы, Қарасай Алтынайұлы, Ағынтай, Қожаберген Толыбайұлы, Есет Көкіұлы, Бөгенбай Ақшаұлы, Қабанбай Қожағұлұлы, Хангелді Сы­рымбетұлы, Саңырық Тоқтыбайұлы, Өтеген Өтеғұлұлы, Қойгелді Сарт­ұлы, Райымбек Түкеұлы, Наурызбай Құт­тым­бетұлы, Олжабай Толы­бай­ұлы, Баян Қасаболатұлы, Жанатай Ақанұлы, Жауғаш Қырбасұлы және тағы бас­қа­лары туған ел мен жерді есепсіз жаудан ерлікпен қорғады. Олардың хал­қы­на деген адалдығы, ерлігі мен батыр­лығы біздің сана­мыз­да мәңгілікке сақталып қалды. Халқымыздың тәуелсіздікке, аумақ­тық тұтастыққа деген сан ғасырлық ар­маны біздің заманымызда, өткен ғасырдың 90-жылдарында ғана орындалды. Кеңес Одағының құ­рамын­да өткен 70 жылдық өмірінен кейін Қазақстан егемендігін алды, өз экономикасы, жер ресурстары, тілі мен мәдениеті бар, халықаралық қатынастар саласында өзіндік саясатын жүргізе алатын тәуелсіз мемлекетке айналды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуел­сіздігін жариялап, жаңа тарихын бастайтынын әлемге паш етті. Республика халқының – қазақ және басқа да ұлттардың заманға сай жан-жақты дамуына мүмкіндік туды. Осы ретте алда тұрған басты мақсат – егеменді мемлекет құру, азаматтық қоғам институтын түзу болатын. Сонымен қатар болашақ бағдарын айқындап алу үшін тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарын саралап алу қажет болды. Мұның бәрін іс жүзіне асыру үшін біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, кейіннен шынайы ұлт Көшбасшысы ретінде та­нылған тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен алға ұмтылдық. Халық оған өз тағдырын, өз болашағы мен ұрпақтар болашағын сеніп тапсырды. Нұрсұлтан Әбішұлы елдің дамуы мен гүлденуіне теңдессіз күш салды. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде Қазақстан саясат пен экономикада ауқымды жетістіктерге жетіп, әлемнің ірі державалары пікіріне құлақ асып, ұсынысын мақұлдайтын беделді мемлекетке айналды. Әрине, бүгінгі гүлденген Қазақстан, дамыған мемлекет – барлық саладағы көп жылғы ерен еңбектің нәтижесі. Жиырма жылғы тәуелсіздік белестеріне көз салсақ, Мемлекет басшысының, ел ағаларының, отандастарымыздың ортақ үлесі арқа­сында басты деген құндылықтарымызды айқын­дап, заңдық негізде бекітіп алғанымызды көреміз. Әскери саланың маманы ретінде біз солардың маңызды дегендеріне кеңінен тоқталып, бір саралап өтуді жөн көрдік. Тәуелсіздік таңы атқалы баршамызды мазалап жүрген мәселе – мемлекеттік шекараны межелеп, ел шебін айқындау болатын. Елбасымыз бұл ба­ғыттағы істер туралы: «Жер мәселесі, ұлттың өмір сүру кеңістігі мен сыртқы шекараны қорғау біздің бабаларымыз үшін қай уақытта да ең маңызды мәселе болып келген. Міне, біз де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап осы мәселелерді шешуді басты мұрат еттік», – деген еді. Бірінші кезекте, біз Қытай Халық Республи­ка­сымен шекара сызығын айқындап, екіжақты келісім жасадық. Бұған дейін патшалық Ресей де, Ке­ңес Одағы да Қытаймен шекара мәселесін түбе­гейлі шеше алмаған болатын. 1994 жылы екі ел ара­сында Мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойылып, кеңестік жылдары екі әлеуетті қар­сыластың арасын бөліп тұрған 1700 шақырым жерге қатысты қарым-қатынастар заңдық тұрғыдан ресімделді. Ресей Федерациясымен шекараны белгілеу де оңай шаруа емес еді. Мемлекет басшысының та­бан­дылығы мен даналығының арқасында солтүстік көршімен шекаралас аумақ халықаралық қарым-қатынасқа еш залалсыз сақталып қалды. 2005 жылы екі ел арасында мемлекеттік шекараны межелеу туралы тарихи келісімге қол қойылды. Ұзын­дығы 7591 шақырымға созылатын бұл шекара – Қазақстанның сыртқы шекарасы ішіндегі, сондай-ақ, әлемдегі құрлықтық шекаралар ішіндегі ең ұзыны екені белгілі. Мемлекеттік шекараға қатысты мәселелерді реттеу және біздің екі ірі көршімізбен тиісті келісімдерге қол қойылуы – ежелден қоңсы қонған, серіктес болған елдер арасын бұзуға бағытталған бар­лық түсініспеушілік пен арандатушылыққа тоқтау салды. Осындай салмақты да маңызды келіссөздер оңтүстікте – Өзбекстан, Қырғызстан және Түркі­мен­станмен жүргізілді. Бұл істеріміз де оңды аяқ­та­лып, мемлекеттік шекара мәселесі толығымен шешілді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзінің алып жерінің төрт құбыласын түгендеп, 14,5 мың шақырымдық шекарасын межелеп алды. Осы­лай­ша, мемлекеттің аумағы енді қайтып еш күдік туғыз­байтын деңгейде толық белгіленіп, екіжақты құжаттармен ресімделді. Бұл маңызды саладағы жұмыс нәтижесі туралы Мемлекет басшысы 2005 жылғы 29 қыркүйекте Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайында былай деп қорытқан еді: «Жер аумағын белгілеп алғанымыз – Тәуелсіздік жыл­дары қолымыз жеткен жетістіктердің ең бастысы. Бұл туралы біз замандастарымыз алдында да, болашақ ұрпақ алдында да мақтана айтуға құқылымыз». Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытқан алғашқы оң бастамасы – ғаламшардағы тыныштық пен қауіпсіздік жолында ірі ядролық әлеуеттен бас тартуы болды. Н.Ә.Назарбаев бастаған тәуелсіз Қазақстан ядролық қарусыз держава дәрежесін таңдады, қатерлі қаруды кезең-кезеңмен елден әкеттіріп, түбегейлі құтылды. Ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шартқа қосылдық, ТМД мемлекеттері ішінде алғашқы болып Стратегиялық шабуылдау бойынша қарулануды азайту туралы келісімді қабылдадық. Ел Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-сессиясында сөйлеген сөзінде әлемнің ядролық державаларын атомдық арсена­лы­нан бас тартқан Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. Қазақ елі басшысының бұл ұсынысы бейбітшілікті жақтаушы ұйымдардың, әлемдік қауымдастықтың ырзалығын туғызды. Қазіргі күні Қазақстан үлгісімен Латын Америкасы, Африка, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияда ядролық қарусыз аймақтар құрылды. Елбасымыздың ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды – Жаппай қырып-жою қаруы­мен бүкіләлемдік күрес күні деп бекітті. 1991 жылы осы күні Қазақстан басшысы өзінің Жар­лығымен әлемдегі ең ірі ядролық полигонды жапқан болатын. Қазақ елінің ядросыз әлем ісіне қосқан үлесі туралы өткен жылғы сәуірде Вашингтонда өткен жаһандық саммитте көп айтылды. Мәртебелі тұл­ғалардың барлығы біздің Елбасымызды ядролық қарусыздану ісінде үлгі болатын тұғырлы тұлға деп бағалады. Саммит соңында мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру жолындағы орасан зор еңбегі үшін біздің Президентіміз Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығына ие болғанда төбеміз көкке жеткендей болды. Бүгінгі таңда елдің тұрақты қауіпсіздігін сақтау бір ғана мемлекеттік шекараны бүтіндеумен, Қарулы Күштерді күшейтумен шектелмейтіні белгілі. Сондықтан аймақтағы көршілес елдермен тату-тәтті достық қарым-қатынасқа қол жеткізу үлкен жұмыс болса, оны одан әрі дамытып сақтау аса маңызды мәселе. Сол маңызды мәселелердің бірі – аймақтық көршілермен қауіпсіздікті бірлесіп сақтау, яғни ұжымдық қауіпсіздік болып табылады. Тәуелсіз жиырма жыл ішінде Қазақстан аймақ­аралық және жаһандық кикілжіңдерге қарсы бірігуді жақтап, ұжымдық қауіпсіздікті белсенді қол­дау­шы ретінде танылды. Осы бағыттағы беделді ха­лықаралық ұйымдарға, мәселен, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болып үл­герді. Аймақтық қауіпсіздік ұйымдарының құрамы­­на кіретін ірі еуразиялық мемлекет ретінде Қазақстан қауіпсіздікті және өзара сенім жағдайын нығайту жолындағы ізденістерін жалғастырып келеді. 2010 жылы Қазақстанның төзімділік пен плюрализмге негізделген ұстамды, салиқалы саясаты­ның жарқын жемісі болған маңызды тарихи оқиға орын алды. Біздің еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болды. Бұл құрметті де өте жауапты миссияны атқару үстінде Қазақстан аймақтағы қауіпсіздікті нығайтып, ұйымға мүше елдер арасындағы диалог ауқымын кеңейтті, ұйымның ішіндегі дағдарыстан шығуға жаңа серпін беріп, жұмысын жаңа белеске көтерді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде созыл­малы қақтығыстарды реттеу, терроризммен күрес және шыдамдылыққа тәрбиелеу, сонымен қатар, Ауғанстанды қалпына келтіруді іске асыру секілді маңызды мәселелерді шешуге күш салды, Қырғызстандағы жағдайды реттеуге үлесін қосты. Еліміз төрағалығының қою нүктесі өткен жылғы 1-2 желтоқсанда Астана қаласында жинал­ған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті болды. Бұл басқосу жаһандық қарым-қатынасты, мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара тұрақтылықты жаңа сатыға көтерді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде Қазақстан қол жеткізген ірі жетістіктердің бірі – заман талаптарына сай жарақталған кәсіби әскерді қалыптастырғаны. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Бәрінен бұрын осы әскери-техникалық және әскери-стратегиялық салада қоғамның, мем­ле­кеттің, экономиканың, тіпті тұтас қоғамдық-сая­си жүйелердің шын қауқары анық көрінеді» («Ға­сырлар тоғысында»). Сондықтан Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін барша әлемге жария еткен күннен бастап Қарулы Күштерін қалып­тас­тырып, оны замана талаптарына сай жоғары сапада жетілдіру мәселесін басты назарда ұстап келеді. 1991 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік қорғаныс комитеті түрінде құрылған орган кейіннен Қорға­ныс министрлігі болып қайта құрылды. Әскери қауіпсіздік жүйесін құрудағы келесі шешуші қадам Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылуы болды. Бұл үдеріс оңайға түскен жоқ. Көптеген қиындықтарды жеңе келе, тәуелсіз елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын үлкен жүйе қалыптасты. Алдымен Қазақстан армиясы Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-теңіз күштері секілді дәстүрлі төрт түрден тұрды. Бірақ уақыт талабына сай жиырма жыл ішінде Қарулы Күштер құрылымына елеулі өзгерістер енгізілді. Жедел-стратегиялық тапсырмаларды орындауды басқару мақсатында «Астана», «Батыс», «Шығыс», «Оң­түстік» өңірлік қолбасшылықтары құрылды. Қарулы Күштер қолданылу саласына байланысты Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері болып үш түрлі негізге көшті. Жаңа стратегиялық басқару органы – Штабтар бастықтары комитеті құрылды. Бүгінгі әлемдегі қауіпсіздік жүйесі елеулі рефор­малауды талап етті, жиі-жиі қарулы қақты­ғыс­тар белең алды, түрлі мемлекеттердің страте­гия­лары арасындағы қайшылықтар арта түсуде. Осыған байланысты қатерлердің алдын алу мен оларды жою, жалпы алғанда, елдің дағдарысқа қарсы әлеуетін арттыру мақсатында ұлттық қауіп­сіздіктің тиімді заманауи жүйесін құру қажеттілігі туды. Сөйтіп, 2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде мемлекеттің ұлттық, нақтырақ айтқанда, әскери қауіпсіздігіне қатысты мәселелерін реттейтін, ең алдымен қорғаныс сипатындағы жаңа Әскери доктрина қабылданды. Осы қадамдардың барлығы Қазақстанның Қарулы Күштерді дамыту мен жетілдіруге бағытталған, пәрменді саяси дипломатия­ға негізделген саясатының жарқын көрінісі. Мем­лекеттің қорғанысқа қабілеттілігін нығайту мақ­сатында Қарулы Күштердің оңтайлы құрылымы бекітіліп, әскеріміздің даму жолындағы страте­гиялық қазығы айқындалды. Егемен Қазақстанның Қарулы Күштері кез-келген жағдайда Жоғарғы Бас Қолбасшы қойған міндеттерді лайықты орындауға әрқашанда қабі­лет­ті. Бүгінгі әскеріміз мемлекеттің әскери қауіп­сіздігіне сенімді кепіл бола алады. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның Қару­лы Күштері кеңестен кейінгі кеңістіктегі озық үштіктің қатарында, ал Орталық Азия аймағында біздің армия ең үздік деп танылды. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің Қарулы Күштерімен қатар әскери мамандарды даярлау жүйесі де қалыптасты. Болашақ офицерлер даяр­лаудың көп салалы жүйесіне бағытталған жоғары оқу орындары қатарында Құрлық әскерлерінің Әскери институты (бұрынғы И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі) ерекше орын алады. Қазір институт 11 әскери мамандық бойынша офицерлер даярлап, Қазақстан Қарулы Күштерін кәсіби мамандармен қамту ісіне орасан зор үлесін қосып келеді. Уақыт талабына сәйкес көптеген өзгерістерге ұшырағаны­мен бұл жоғары оқу орны еліміздегі әскери білім беру ісіндегі көшбасшы позициясынан ауытқыған емес. Оның іргесінен бөлініп шыққан Ұлттық қорғаныс университеті әскери педагогтар және әскери ғалымдар даярлаудағы әскери адьюнктура, докторантура, диссертациялық кеңес жұмысы секілді өзекті мәселелерді түбегейлі шешті. Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери институты радиотехника саласына маманданған офицерлерді даярласа, Әскери-теңіз институты Қарулы Күштерді, ҰҚК Шекара қызметінің теңіз бөлімдерін жасақтау үшін мамандар әзірлейді. Ал әскери ұшқыштар мен авиацияның инженерлік құрамының қатары жыл сайын екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.­Ж.Би­гелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлектерімен толығып отырады. Еліміздегі әскери кадрлар даярлау ісінде кіші командалық құрам – кәсіби сержанттар әзірлеу де ескерілген. Қорғаныс министрлігінің Кадет кор­пусы, С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебі секілді оқу орындары да Отан қорғау­шылар даярлау жолындағы бір баспалдақ болып отыр. Әскери сала мамандарын даярлайтын тағы бір ордалы оқу орны – ІІМ Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесі, ал жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларын бұл мемлекеттік құрылымның Әскери академиясы жүзеге асырады. Еліміздегі тағы бір озық әскери оқу орны Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тінің Әскери институты болып табы­ла­ды. Ал ұлттық қауіпсіздік орган­дары­ның шұғыл және басшылық қыз­меткерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктіліктерін арттыру ісін Әскери академия жүзеге асырады. Төтенше жағдайлар министрлігі­нің техникалық институты болса, кәсі­би өрт сөндірушілер мен құтқарушы­лар даярлайтын жоғары оқу орны. Қорғаныс министрлігінің Армия орта­лық спорт клубы жанындағы Әскери спорт колледжі – орта кәсіби білімі бар жоғары сыныпты спортшыларды және спорт мамандарын даярлайды. Осылайша, Қазақстанның әскери оқу орындары еліміздің қорғаныс қабі­леттілігі мен егемендігін нығайту мақ­сатында Қарулы Күштер, басқа әс­керлер мен әскери құралымдар үшін кадрлар даярлауды замана талап­тарына сай сапалы жүзеге асырып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық және әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне Қарулы Күштерден бөлек бірнеше әскер түрлері және басқа әскери құралымдар қатысады. Олар­дың қатарында Ішкі істер министр­лігінің Ішкі әскерлері, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара әскерлері, Төтенше жағ­дай­лар министрлігінің әскери бөлімдері, Прези­дент­тің Күзет қызметі және республикалық Ұлан бар. Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс және қауіп­сіздік саласындағы айрықша құрылымдарының бірі – республикалық Ұлан ел Президенті Н.­Ә.На­­зарбаевтың ұсынысымен құрылды. Тәуел­сіздік алғаннан кейін біздің еліміз халықаралық байланыстар ауқымын кеңейтті, шетелдерден келетін жоғары лауазымды қонақтарды қабылдап, халықаралық әдеп талаптарына сай хаттамалық шаралар өткізе бастады. Сол кезеңде айрықша мемлекеттік міндеттерді атқарып, ел қауіпсіздігін қорғау ісіне үлес қосатын арнайы орган құру қажет болды. Оған жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дәстүрлік рәсімдердің орындалуына қатысу, аса маңызды мемлекеттік объектілерді, Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңба эталондарын күзету жүктелді. Ал әскери және төтенше жағдай режімі кезінде респуб­ликалық Ұлан Қазақстан заңдарында көзделген тәртіппен іс-шараларды жүзеге асыратын болып бекітілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық Ұланның даму барысын мұқият қадағалап, жауынгерлік даярлық, техникалық және тылдық қамтамасыз ету, әскерилер отбасыларын әлеуметтік жеңілдіктермен қамту мәселелерін үнемі назарда ұстайды. Соған сай алғашқы жауынгерлік қызмет күндерінен бастап-ақ республикалық Ұланның әскери қызметшілері құрылымның жоғары мәртебесіне сай болуға, Президент – Жоғарғы Бас Қолбасшы қойған маңызды тапсырмаларды сапалы орындауға тырысып келеді. Республикалық Ұлан құрылғаннан бергі 19 жыл ішінде оның қатарында он мыңнан астам сарбаз әскери даярлықтан өтті. Олардың көпшілігі рес­пуб­­ликамыздың түрлі қуатты құрылымдарында қыз­метте. Қандай қызмет атқарса да, олар біздің құрылым қатарында бойларына сіңірген жауын­герлік қасиеттерімен, патриоттық сезімімен ерекшеленіп тұрады. Республикалық Ұланның командирлері эли­тарлық құрылымның жоғары мәртебесіне сай болу үшін барлық күш-жігерін салады. Ұланның алғаш құрылған күнінен бастап осы уақытқа дейін жауынгерлік әзірлік жағдайына, командирлік және жауынгерлік даярлыққа, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысқа, әскери тәртіптің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуына, қарулану, техника мен тылдық қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша маңыз беріліп келеді. Бұл салалардың қарқынды дамуы – соғыс және төтенше жағдай режімі кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес әрекет етуге деген жоғары жауынгерлік және шұғыл-қызметтік әзірліктің кепілі. Республикалық Ұлан сарбаздары мен сардар­лары ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығын биік меже деп біледі. Олар осы уақыт ішінде жас мемлекет қол жеткізген жетістіктердің қадірін терең түйсінеді. Қарқынды даму үстіндегі зайырлы мем­лекеттің бір бөлшегі ретінде республикалық Ұлан алдағы күндерге толағай мақсаттар қойып отыр. Жауынгерлер Елбасы мен халықтың қауіпсіздігі жолында аянбай тер төгіп, жоғары жауынгерлік әзірлікте болуды көздейді. Қазақстанның жаңа тарихындағы айтулы кезең – жиырма жылдық мерейтой қарсаңында рес­пуб­ликалық Ұлан жеке құрамының атынан барлық отандастарымды құттықтап, елге амандық пен тыныштық, молшылық пен баянды болашақ тілеймін. Ардақты Отанымыздың бағы биіктей берсін. Абай ТАСБОЛАТОВ, республикалық Ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант.