2011 жылғы 25 сәуір № 442 Астана, Үкімет Үйі
Азаматтық және эксперименттік авиация персоналын аттестаттау қағидасын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 16) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Азаматтық және эксперименттік авиация персоналын аттестаттау қағидасы бекітілсін.
2. «Азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналын аттестаттау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 28 желтоқсандағы № 1402 қаулысының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 47, 478-құжат).
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан РеспубликасыҮкіметінің 2011 жылғы 25 сәуірдегі № 442 қаулысымен бекітілген
Азаматтық және эксперименттік авиацияның авиация персоналын аттестаттау қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтық және эксперименттік авиацияның авиация персоналын аттестаттау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағида азаматтық және эксперименттік авиацияның авиация персоналын (бұдан әрі – авиация персоналы) аттестаттаудан өткізу тәртібін айқындайды.
3. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:
1) аттестаттау – аттестаттау комиссиясы өткізетін авиация персоналының кәсіби білімі мен практикалық дағдыларын тексеру рәсімі;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрі – уәкілетті орган).
4. Аттестаттау авиация персоналының атқаратын қызметіне сәйкестігін айқындау мақсатында, сондай-ақ қызметін, оның ішінде мерзімінен бұрын төмендету немесе жоғарылату кезінде жүргізіледі.
2. Аттестаттау жүргізудің тәртібі және мерзімдері
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасы азаматтық және эксперименттік авиациясының авиация персоналының аттестаттауға жататын лауазымдары мен кәсіптерінің тізбесінде көзделген лауазымдарды иеленетін адамдар аттестаттауға жатады.
6. Авиация персоналын аттестаттау мынадай мерзімдерде өткізіледі:
1) ұшу экипажының мүшелері (пилоттар, штурмандар, бортинженерлер (бортмеханиктер) бортрадистер, кабиналық экипаж мүшелері (борт жолсеріктері, борт операторлары) – жыл сайын;
2) әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлері, аса жеңіл авиацияның ұшу құрамы – екі жылда бір рет;
3) авиация техникасына техникалық қызмет көрсету мен жөндеу ұйымдарының, жанар-жағар май материалдары қызметтерінің, әуеайлақ қызметінің инженерлік және авиациялық техникалық құрамы, ұшуды қамтамасыз ету жөніндегі авиация персоналы – үш жылда бір рет;
4) авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің, қарап тексеру қызметтерінің авиация персоналы – бес жылда бір рет;
5) авиация персоналы басқа лауазымға ауысқан кезде, егер талаптар атқарған лауазымынан ерекше болса – 6 ай ішінде.
7. Авиация персоналы азаматтық және эксперименттік авиацияға жұмысқа қабылдау кезінде аттестаттаудан өтеді.
8. Аттестаттауды жүргізу үшін азаматтық авиация ұйымдарында аттестаттау комиссиялары құрылады.
Аттестаттау комиссиялары мына:
1) атқаратын лауазымына сәйкестігіне;
2) куәліктің қолданылу мерзімін ұзарту бойынша;
3) олар ұшуға тікелей қауіп төндірген әрекет жасаған немесе кәсіби сапаларын жоғалтқан жағдайларда азаматтық авиация саласындағы талаптарды бұзуға жол берген авиация персоналын аттестаттауды өткізеді.
9. Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің саны тақ болып табылады және кемінде бес адамды құрайды. Аттестаттау комиссиясы отырыстарының кезеңділігін азаматтық авиация ұйымы айқындайды.
Аттестаттау комиссиясының отырысы комиссия құрамының кемінде үштен екісін құрайтын кворум болған кезде заңды.
10. Аттестаттау комиссиясы азаматтық және эксперименттік авиацияның авиация персоналын тестілеу бағдарламасын әзірлеп, оны азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келіседі.
11. Аттестаттау комиссиясы аттестаттауға жататын авиация персоналының тізімін дайындайды.
12. Аттестаттау мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) авиация персоналын аттестаттаудан өткізуге дайындау;
2) авиация персоналын тестілеу;
3) өткізілген аттестаттау нәтижелері бойынша Аттестаттау комиссиясының шешімі.
13. Аттестаттау қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өткізіледі.
Аттестаттауға жататын, бірақ дәлелді себептер бойынша келмеген авиация персоналы аттестаттау комиссиясы айқындаған мерзімде аттестаттаудан өтеді.
14. Аттестаттауға арналған сұрақтар лауазымдық нұсқаулықтар, біліктілік талаптары, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілер мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану саласындағы халықаралық шарттар негізінде әзірленеді.
15. Авиация персоналын аттестаттау нәтижелері бойынша Аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) аттестатталды;
2) аттестатталған жоқ және қайта аттестатталуға тиіс;
3) аттестатталған жоқ және атқаратын қызметіне сай емес.
16. Аттестаттаудан өтпеген авиация персоналы үш ай ішінде өз функциясын жүзеге асырады және қайта аттестаттауға жіберіледі.
17. Аттестаттау комиссиясының «аттестатталған жоқ және атқаратын қызметіне сай емес» деген шешім қабылдауы қызметін төмендетуге не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталатын адаммен еңбек қатынастарын бұзуға негіз бола алады.
18. Аттестаттау комиссиясының «аттестатталды және атқаратын қызметіне сай» деген шешім қабылдауы қызметте жоғарылау үшін негіз болады.
Авиация персоналының аттестаттау комиссиясының шешіміне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға құқығы бар.
19. Шешім Аттестаттау комиссиясының хаттамасымен ресімделеді. Хаттама нысаны азаматтық авиация ұйымы басшысының бұйрығымен белгіленеді. Шешім отырысқа қатысып отырған Аттестаттау комиссиясы мүшелері санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Аттестаттау комиссиясының мүшелері берген дауыстар тең болған кезде Аттестаттау комиссиясының төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады. Хаттамаға аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ аттестатталатын авиация персоналы қол қояды.
20. Авиация персоналының куәліктерін ұзартуды қолмен және азаматтық авиация ұйымының мөрімен расталған құжаттардың көшірмелері мен азаматтық авиация персоналын тестілеу нәтижелерін азаматтық авиация ұйымының ұсынуы бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.