Келіссөз барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ-ге 15-16 қаңтардағы ресми сапары барысында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іс жүзіне асырудың жолдары қарастырылды.
Тараптар энергетика, мұнай-химия, атом өнеркәсібі, көлік және логистика, әскери-техникалық салалардағы ортақ жобаларды дамытуға дайын екендерін растады.
«Бәйтерек» холдингі мен «Mubadala Development Company PJSC» Қазақстан аумағы мен өзге көрші елдердің басым нарықтарындағы инфрақұрылымдық және өзге де жобаларды бірлесіп қаржыландыру үшін жақын арада өзара инвестициялық платформа құруға келісті.
Қазақстан мен БАӘ-нің энергетика министрліктері Қазақстанда мұнай-газ-химия кешені құрылысының жобасына тараптардың қатысу мүмкіндігін талқылады.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Etihad Rail» ұлттық темір жол компаниясы БАӘ мен үшінші елдерде бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
БАӘ атом энергиясы жөніндегі корпорациясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК»-пен ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласында екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ниет білдірді.
Әмірлік тарабы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери оқу-жаттығу орталықтарының инфрақұрылым нысандарын инвестициялау мәселесін қарастыруға мүдделілік танытты.
Әмірлік тарапынан келіссөздерге Энергетика министрі Сухейл Мұхаммед әл-Мазруи, Әбу-Даби Атқарушы кеңесінің мүшесі, «Мубадала Девелопмент» компаниясының бас атқарушы директоры, БАӘ атом энергиясы жөніндегі корпорациясының басқарма басшысы Халдун Халифа әл-Мүбәрак, Әбу-Даби қаласының мэрі, «Etihad Rail» ұлттық темір жол компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, инженер Ауд Муршид әл-Мурур, Сыртқы істер министрінің қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі орынбасары Фарис әл-Мазруи және БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед әл-Джабер қатысты.
Кездесуге Қазақстан тарапынан Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қ. Алпысбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Е.Досаев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы А.Жұмағалиев және Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі Қ.Лама Шәріп қатысты.