Шамалған, Ұзынқарғалы өзен суларын бағындырған Қасымбек баба ағаш науамен оны еңіске «жетелей» әкелгенін жұрт әлі күнге ұмытпайды. Диқан баба жұртты осылайша егіншілікке үйреткен ХІХ ғасырдан бері «Новороссийское» елді мекені іргесін кеңейтіп, халық саны өсу үстінде.
Иә, қай кезде де халық ерен ерлерінің есімін ұмытпаған. Осы дәстүрмен 1997 жылы ауыл тұрғындарының өтінішімен елді мекенге Қасымбек есімі берілген-ді. Әрине, бұл орынды да. Жобалау институты, арнайы техникасы болмаса да бел-белестен су асырып, арпа, бидай егіп, аймағын берекеге кенелткен диқан еңбегін әлі де қатары сиреген кәрі құлақ қариялар айтудан жалыққан емес.
Ұядай ауылдағы халықтың бірлігі үлгі етуге тұрарлық. Олардың қатарында тұп-тура бір ғасыр жасаған Мәрипа Медеуова әжеміз Алланың берген күш-қуатының арқасында ғұмыр кешуде.
Орталық көшедегі еңселі үйдің табалдырығын аттауыма Мәрипа әженің жүз жылдық мерейін атап өту үшін немере-шөберелері жіберген шақыру қағазы себеп болды.
Кең бөлмеде құс жастыққа жантайған әже бөгде жанның келгенін біле қойды. «Әлгі жөрналист қыз ба?» деп қалды. Одан әрі амандық-саулық сұрасумен қатар, айнала қоршаған немере, шөбере, шөпшектерімен танысуға мүмкіндік туды.
– Жүзі бар болсын, – деді әже әңгіме арасында. – Айналайын, күбі де май, күбінің түбі де май кез өтті ғой. Былтыр тәп-тәуір едім. Ауылдың той-томалағынан қалмайтынмын. Биыл құлағым ауыр еститін болды. Әлім кетіп барады.
Сөзге немересі Жұмабайдың жұбайы Тұрсынгүл араласты. Әженің күйеуі Марқұм Сағымбек Ұлы Отан соғысына қатысып, Жеңісті жақындатуға үлес қосып, майданда бір көзінен айырылып, мүгедек болып оралған екен. Одан кейін көп жыл мал бағып, оны өз төлі есебінен өсіруде жақсы табыстарға жетіпті. Және осындай еңбегі орынды бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталыпты. Мәскеудегі халық шаруашылығы көрмесіне де барған екен.
Сөзден сөз шығып, немере келіндері Тұрсынгүл мен Ақбілек тағы бір сырдың парағын ашты. Енді айтсақ, айыбы болмас. Десек те, әжемізді туған анамыздан кем көрмейміз, деп тағы бір ескертті екеуі де ойларын нақтылай.
– Әжеміз әке-шешесі Тәжібек пен Зылиханың 13 перзентінен тірі қалған кенжесі. Атамыз Сағымбек екі әйел алыпты. Бәйбішесі Қалтай 14 құрсақ көтерген. Ал Мәрипа әжеміз құрсақ көтермепті. Екі ананың бір-біріне деген сыйластығы арқасында отбасындағы ынтымақтың іргесі сөгілмеген. Отбасындағы жақсылық екеуіне де ортақ болып, бауырына басқан атамыз Еркетай да, апамыз да өмірден өтті. Біз әженің немерелеріміз. Мұны айтып отырғанымыз, туғаннан да жақын әжеміз – отбасымыздың ұйытқысы, берекесі. Біз үшін орны да, жөні де бөлек. Келіндері осыны жарыса айтты.
Немересі Жұмабайдың әңгімесі тіптен қызық. Өздеріне деген аналық ықыласы, мейірімі жайлы тарқата түседі.
– Әжемнің ұзақ жасау себебі еңбекқорлығынан деп ойлаймын. Жасы жетпіске келгенше арбаға шөберелерін салып, күз сайын егістіктегі қызылша мен жүгерінің масағын теретін. Бізге ұят болады, әже, жетпей жатқан не бар дегенге көнбейді. Ақыры есекті арбасымен біреулерге жасырын беріп жіберуге тура келді. Әжем бұл үшін көпке дейін өкпелеп жүрді. Балаларды еңбекке үйрететін едім, дейді ғой. Әрине, бәрін түсінеміз. Дегенмен жасы келген анамызға жанымыз ашыды, елдің сөзі де бар, деді Жұмабай әжені құшақтап тұрып.
Қалтай бәйбішемен туған сіңлісіндей сыйласқан Мәрипа әже осылайша әлі күнге шаңырақтағы құт-берекеге ұйытқы болып, 16 немере, 13 шөпшек сүйіп отыр.
Қонақ аз отырып, көп сынайды. Біз марқұм Сағымбек пен Қалтай бәйбішеден тараған ұрпаққа жанын үзіп беруге әзір Мәрипа әженің кеңдігіне, мейірімділігіне риза болдық. Әженің мерейіне Германиядағы ұлы Жомарт пен неміс келіні әдейі келетін болыпты. Шөберелері Әлия мен Әсия да әжелерін көруге асығады, дейді.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
___________________
Суретте: Мәрипа әже шөпшектерімен бірге.