13 Мамыр, 2011

Баланы назардан тыс қалдыру қатерге ұрындырмай қоймайды

426 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұрпақ мәселесі ұрымтал екенін уақыт көрсетіп отыр. Бір сәт көзден таса, көңілден ұмыт қалдырсаң, жас шыбықтай теңселіп тұрған ұл мен қыз бір жағына тартып кетері анық. Ондай жағдайлар еліміздегі мектептерден, өзге де білім орындарынан аз кездесіп жатқан жоқ. Осы мә­селені қалай жөнге келтіреміз, тиімді жолы қайсы, тиісті адамдар нендей жұмыс­тарды жүргізу керек деген мәселелер Үкімет жанындағы Кәмелетке тол­мағандардың ісі және олардың құ­қық­тарын қорғау жөнін­дегі ведомст­воаралық комиссияның кезекті то­ғызыншы отырысында қаралды. Бас прокуратураның, Ішкі істер, Әділет, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрліктерінің, Ста­тистика агенттігінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыс­тық, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатыс­қан алқалы жиын Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өтті. Кәмелетке тол­мағандарды дағдарыс жағдайынан шығару жолында тек шұғыл көмек көрсетіп, оларды орналастырып, от­ба­сын әлеуметтік жағынан қол­дау­ды қамтамасыз етіп қана қоймай, панасыздықтың алдын алу жүйесін­дегі барлық субъектілердің қызметін жүйелі үйлестіру, жат қылық орын алғаннан кейін енді не істеуге бо­лады демей, оны болдырмау жайы жан-жақты сөз болды. Сол секілді орталықтардың қызметін тиімді үй­лес­тіру жергілікті атқарушы орган­дарға жүктелгені белгілі. Әсіресе, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының материалдық-тех­ни­калық базасын нығайту, онда жұ­мысқа қабылдансам дегендердің өзі тәрбиелі болу жағын психоло­гия­лық диагностикадан өткізу арқылы анық­тап, конкурстық негізде жұ­мысқа алу қажеттігі де жан-жақты айтылды. Сондай-ақ біліктілікті жетілдіру инс­титуттарының базасында қызметкер­лерді оқыту, практикалық семинар-тренингтер жүргізу ұсынылды. Жасыратыны жоқ, қазір еліміз бойынша балалар мен жасөс­пі­рім­дер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың белең алып отырғаны мә­лім. Оны болдырмау жайы комиссия жұмысында кеңінен тал­қылан­ды. Психикалық ауытқу­шы­лықтан суицидтік мінез-құлықтың қалып­та­суы­ның астарында әлеу­меттік кө­ңіл-күйдің әсер ететін факторлары тілге тиек болып, балалар мен жасөспірімдердің ара­сындағы бұл қасіретті шешуге барлық мекемелер мен азаматтар тізе қосып әрекет ету жайы да назардан тыс қалмады. Бұл мәселе бойынша отырысқа қатысу­шы­лар кәмелетке толмағандарға пси­холо­гиялық жә­не медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, жас­тар­ға арнал­ған ден­саулық сақтау орта­лық­тарын құру және отба­сылық психотерапия жұмыстарын жан­дан­д­ыру жолдары талқыға ұсынылды. Білікті кеңеске немесе медика­ментозды емге мұқтаж адамдарға медициналық және әлеуметтік-пси­хологиялық көмекті ұйымдастыру­дың жаңа нысандарын пайдалану туралы ұсыныстар да енгізілді. Со­ны­мен қатар, практикалық іс-шара­лар­дың тиімді жүйесі, суицидтік мінез-құлықтың себептерін ашу және оны адам өліміне жеткізбей анықтауды ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеу қажеттігі туралы ой-байламдар ортаға салынды. Бұған қоса тағы бір қадап айтар маңызды мәселенің бірі – бала құқықтары туралы конвенцияға сай, отандық заңдар кепілдік беретін балаларды жұмыспен қамту, олардың бос уа­қы­тын тиімді пайдалану, құқық­тары­ның бұзылмауын қамтамасыз ету жайы әңгіме үстінде алуан түрлі пікірлерге арқау болды. Отаны­мызда қосымша білім беретін 620 ұйым бар десек, осының 21,6% пайызындағы балалар ғана бос уақытын пән үйірмелерінде, спорт секцияларында өткізеді екен. Уақытын тиімді пайдаланған ба­лалардың бойында рухани мә­дениеттің, жоғары болатынын, мо­ральдық және азаматтық сапа­ның биік тұратынын тәрбиесі тә­лімді мектептерден көріп жүрміз. Сүлеймен МӘМЕТ.