Алматыда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының ашылуына орай баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының басшысы Ғабдулхакім Жәшібеков жиналғандарға орталықтың келешекте дамуының бірегей жобаларының негізгі әрі басты кезеңдері туралы баяндады. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы құрылысын алғашқы кезекте бірлесіп ашу биылғы жылдың бірінші шілдесіне жоспарланып отыр. Орталық жетекшісінің айтуынша, республикадағы ең ірі инфрақұрылымдық кешен – болашақта трансконтиненталды сауда-көлік жүйесінің ең маңызды пунктіне айналуы тиіс.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2005 жылы құрылған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастық саласындағы еліміздегі ірі инфрақұрылымдық инвестициялық жоба болып табылады. Негізінен алғанда, мемлекеттік компаниялардың ең басты әрі өзекті міндеті – «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қазақстандық бөлігінде инфрақұрылымды құру, дамыту, қамтамасыз ету және сондай-ақ инвесторларды тарту болып есептелінеді. Халықаралық орталық – біздің еліміздің және қытайлық сауда-көрме павильондары орналастырылатын тұйықталған, жабық аумақ. Мұнда келісімшарттарды тікелей жасауға мүмкіндік мол, анығырақ айтқанда Қазақстан, Ресей және Беларусь республикаларының кәсіпкерлері Қытайдың ішкі жағына бару қажеттігінен босатылады. Сөйтіп, сатып алуға қатысты барлық іс-шаралар осы жерде, Қорғаста жасала береді, – дейді Ғабдулхакім Жәшібеков.
Орталық басшыларының айтуынша, «Қорғас» мемлекетаралық жобасын дайындап, жүзеге асыру, яғни инфрақұрылымға қолдау көрсету үшін мемлекеттік бюджеттен – 73 миллиард теңге бөлініп отыр. Ал, бұл жобаның барлық құны қазақстандық тараптан – 360 миллиард теңгеге бағаланған. Сонымен қатар, жеке инвесторлардан алынатын жиынтық салымның мөлшері сарапшылардың алдын-ала есептеулері бойынша 300 миллиард теңгеден астам соманы құрауы тиіс.
Ғабдулхакім Жәшібековтің айтуынша, «орталықты құрудағы басты мақсат – мемлекеттің индустриялық-инновациялық саясатын жүзеге асырып, шетелдік капиталды тарту арқылы аймақтың экономикасын жандандыру және инвестициялық ахуалды айтарлықтай жақсарту. Бұл бағытта дәйекті түрде атқарылатын ауқымды іс-шаралардың арасында, сонымен қатар республиканың қайта өңдеу өнеркәсібін және азық-түлік секторын дамыту, бюджетке салықтық төлемдерді молайту және сыртқы сауда операцияларына халықаралық стандарттар жүйесін енгізу жұмыстары бар. Сондай-ақ, көліктік-логистикалық, импорттық және транзиттік жүк айналымына терминалдық қызметтерді дамытудың қажеттілігі зор екендігі айтпаса да түсінікті. Ұлы Жібек жолы бойында туризм, көлік және байланыс инфрақұрылымдарын дамытып, одан әрі жетілдірумен қатар, жергілікті мамандарды жұмыспен қамту және кадрлардың біліктілігін арттыру да жобаның өзекті міндеттерінің біріне айналмақ.
Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын құрудағы тағы бір артықшылық – үшінші ел азаматтарының кездесулері, Қазақстанда, Қытайда және ТМД-ның елдерінде өндірілген өнеркәсіп өнімдерімен танысуы және сауда келісім-шарттарын бекітуі мен тынығуы үшін бұл аумаққа визасыз енуге мүмкіндік туғызады. Баспасөз мәслихатында сөз алған Қазақстан Сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Ғафур Ихсан «Қорғас» ШЫХО арқылы жүк өткізуге қатысты бүгінгі таңдағы сан қырлы әрі ауқымды мәселелерге кеңінен тоқталды. Оның тұжырымдауынша, «қазіргі таңда, ең алдымен жүк өткізудің сапасы мен мәдениетін барынша арттыру алғы шепке шығып, маңызды міндетке айналып отыр». Бұл орайда, азық-түлік өнімдерінің, әсіресе жеміс-жидектер мен көкөністердің сапасын және жыл мерзіміне байланысты олардың бағасының төмендеуі назардан тыс қалмауы қажеттігінің күн тәртібінде тұруы құптарлық жәйт. Мұның өзі Қазақстан үшін өте маңызды екендігін жасырудың қажеті жоқ.
Мемлекетаралық жоба бойынша арнаулы экономикалық аймақ құрылатын халықаралық орталықтың аумағында – қазақстандық, сондай-ақ қытайлық сауда-көрме павильондары, қонақ үйлер, этнографиялық паркі және халықаралық туристік кешен орналастырылмақ. Мұнда Кеден одағы елдерінің кәсіпкерлері Қытайға барып, ат шалдырмай-ақ сол жердің өзінде-ақ келісім-шарттар жасай алады. Бұл жобадағы тағы бір басымдық – кез-келген азамат арнаулы экономикалық аймақта бір ай бойы визасыз бола алады. Бұдан басқа, атап көрсетерлік тағы бір жәйт «Қорғас» шекара маңы халықаралық орталығының өз жұмысын бастауы Қазақстан аумағында контейнерлік тасымалдау санын жылына 120 мыңға дейін арттырмақ.
«Қорғастың» шекара аумағындағы аймақтың дамуына айтарлықтай үлес қосатыны да белгілі.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.