13 Мамыр, 2011

Қылмыстық жаза ізгілендіріледі

564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Экономикалық қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті одан әрі ізгілендіру» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. «Нұр Отан» ХДП еліміздегі құ­қықтық жүйені жетілдіру, қыл­мыстық жазаны ізгілендіру және қылмысты азайтуға бағытталған Мемлекет басшысы, партия Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын іске асыру мақсатында белсенді қызметтер атқарып келеді. Аталған отырыс та осы мақ­саттың үдесінен туындаған-тын. Отырыс барысында Президент Н.Назарбаевтың қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістер мен толық­тырулар талқыланды. Талқылауға Парламент депутаттары, әлеуетті құрылымдар мен басқа да мемлекеттік органдар, бизнес-қауым­дастықтар өкілдері, құқықтану­шы ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстелде «Нұр Отан» ХДП Төр­ағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин сөз сөйлеп, аталған заң жобасы Елбасының тапсырмасына сәйкес әзірленіп отырғанын, ендігі мақсат осы заңның жедел қабылдануын қам­тамасыз ету екенін атап өтті. «Қа­зіргі қылмыстық заңнамада көрсетілген кейбір көзқарастар мен принциптер ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында негізі қалан­ған қағидаттармен үндес. Бүгінгі нарықтық экономика жағдайында және қоғамды ізгілендіру қажет­ті­лігі кезінде олардың ескіргендігі көзге ұрып тұрады. Сондықтан бізге жаза кесу институтының жаңа алгоритмі қажет», деді ол өзі­нің сөзінде. Жаңа заң жобасы мемлекет пен қоғамға үлкен ауыртпалық түсірмейтін немесе ауырлығы орташа экономикалық қылмыс­тар­дың жауапкершілігін ырықтан­дыру­ға, сондай-ақ кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жоба қылмыстық заң­наманы ізгілендіру үрдісін дамы­тады. Соның ішінде экономи­ка­лық қылмыс жасаған адам келтірілген зиянды өз еркімен қал­пы­на келтірсе және мүліктік шы­ғын­ды өтесе, бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан боса­тылатын болады. Жаза түрінде экономикалық санкцияларды қол­дану тәжірибесі артады. Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Үкімет пен Парламентке ұсыныстар әзір­леніп жіберілетін болды. Соны­мен қатар, заңның жедел қабыл­да­нуын қамтамасыз ету үшін Пар­ламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясына да заң жобасын Парламенттің қарауына тезірек ұсыну туралы тапсырыс берілетіні айтылды. Жақсыбай САМРАТ.