13 Мамыр, 2011

Баға негізсіз шарықтамауы шарт

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 17 сәуірінде Үкімет мүшелері, облыс әкімдері, партия басшылары және т.б. қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде азық-түлік тауарларының бағасына партиялық бақылау жасау туралы тапсырма бергені белгілі. «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында осы тапсырманы орындауға арналған іс-шараларды қарастырған отырыс болып өтті. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рахым­жа­нов өзінің сөзінде мәжіліс бары­сында осы тапсырманың орын­да­луы пысықталатынын айтты. Алдымен ол Елбасының тапсыр­ма­сын орындау мақсатында пар­тия­ның қалалық филиалы бю­ро­сының қаулысымен азық-түлік бағаларын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес және Астана қа­ласының базарларында парти­я­лық бақылау бекеттері құрыл­ға­нын атап өтті. Әрине, нарықтық эконо­ми­ка­да біреуге бағаны көтерме деп немесе төмен түсір деп ешкім де бұйрық бере алмайды. Бірақ объективті себептерді алға тар­тып, шексіз шарықтатудың негізсіз екенін дәлелдеп, салық орган­дарының функциялары арқылы әсер етсе, оған ешқандай кәсіп­кер қарсы дау айта алмасы белгілі. Осы отырыста сөйлеген кейбір кәсіпкерлердің сөзіне қара­ған­да, олар өз бағаларын шетелдік бағаларға қарап түзелгісі келеді екен. Мұндайға жол беруге мүлдем болмайтыны қадап айтылды. Отырыс барысында бағаны объективті себепсіз шексіз ша­рық­татушыларға қарсы партия­ның ұсынысымен қаржылық, салықтық және басқа да тиісті өкіметтік органдар тарапынан түрлі жазалар қолданылуы мүм­кін екендігі белгілі болды. Соны­мен бірге, партия тарапынан ба­ға­ны бақылау үшін ұйымдас­ты­рылған бекеттер науқандық сипатта емес, үнемі жұмыс істейтіні атап көрсетілді. Жақсыбай САМРАТ.