14 Мамыр, 2011

Жер туралы заңнама жетілдіріледі

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Сенатында Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының Жер ресурстарын басқару агенттігінің басшыларымен кездесуінде жер туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Кездесуді аша келіп комитет төр­ағасы Болат Жылқышиев Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баев­тың биылғы Жолдауында аграр­лық саланы одан әрі дамыту ту­ралы алға қойған міндеттер тұр­ғы­сында бұл талқылаудың ма­ңыз­дылығын атап өтті. Мемлекет басшысы ауыл ша­руашылығы өндірісін әртарап­тан­дыру, жер ресурстарын, әсі­ресе, ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жерлерді тиімді пайдалану туралы мәселелерді әкімдер, «Нұр Отан» мен «Самұрық-Қа­зына» әл-ауқат қоры басшы­ла­ры­ның қатысуымен сәуір айында бол­ған Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында көтерген болатын. Үкі­метке жер қорына тексеру жүр­гізу және жайылымдар мен шабындық жерлерді тиімді пайдалану шараларын әзірлеу тапсырылды. Ауыл шаруашылығы алдында тұрған міндеттер аясында бірінші кезекте азық-түлікті қамтамасыз ету, саланың экспорттық әлеуеті мен инвестициялық тартымды­лы­ғын арттыруды атап өткен Б.Жыл­қышиев жер туралы заң­на­ма­ны одан әрі жетілдіру мәсе­ле­лері аса маңызды екеніне тоқ­талды. Бұл мақсатта, сенатордың ай­туынша, Жер кодексіне, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға, қол­даныстағы заңдарға рұқсат беру жүйесі, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, шаруа (фермер) қожалығының жұ­мы­сы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік басшысы Ө.Өзібеков жерді тиімді пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асы­ру­дағы мекеме қызметі туралы хабардар етіп, биылғы жылғы жұ­мыс­тардың басым бағыттары ту­ралы баяндады. Ө.Өзібековтің ай­туынша, бұлар жерді есептеу және экономикалық бағалау, жер ресурстарының саны мен сапа­лық жайын және агрохимиялық мониторинг жағдайын ақпарат­тық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру болып табылады. Талқылау барысында жер ре­сурстарын тиімді пайдалану са­ласындағы мемлекеттік бақы­лау­ды одан әрі арттыру, ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерлер­дің құнарлылығы мен өнімділігін жақсарту, жер туралы заңнама­лар­ды сақтау, жерге қатысты сы­байлас жемқорлық құқық бұзу­шы­лықтарды туындататын себептер мен жағдайларды түбірінен жою, халық арасында құқық тү­сін­діру жұмыстарын жүргізу мәселелері туралы айтылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.