«Саламатты Қазақстан» бағдарламасында дәрігерлік қызметтің сапасы мен халыққа қолжетімділігіне назар аударылды. Осыған орай алыс елді мекендерге көліктік медицина сапарға шықса, мамыр айынан бастап Жетісу жұртшылығына өз көмектерін көрсетіп отыр.
Алғашқы жұмысын Көксу ауданындағы Мұқаншы ауылдық округінен бастаған «Денсаулық» пойызының дәрігерлері тұрғындарға денсаулықты сақтау мен қорғауға байланысты әңгіме өткізіп, тексерулерден өткізді. Ауыл халқы аталған пойызды ықыласпен қарсы алып, ондағы емдеу лабораториялық-диагностикалық құрал-жабдықтардың көмегін кеңінен пайдаланды.
«Жыл таңдауы» халықаралық фестивалінің үздік әлеуметтік жобасы атанған пойыз Жамбыл ауданының Шилібастау, Қазыбек бек, Кербұлақ ауданының Сарыөзек бекеттерінің жұртшылығына нақты медициналық көмек көрсетті. «Денсаулық» пойызы мамырдың соңғы күндеріне дейін темір жол бойындағы елді мекен тұрғындарына өз қызметтерін көрсетуді жалғастырмақшы. Жаңа үлгідегі емдік-диагностикалық құралдармен жабдықталған пойыз құрамында кәсіби білікті 18 дәрігер қызмет етсе, бас дәрігер Мұрат Ескейұлының басшылығымен бар жұмыс сапалы жалғасқанын айтқан жөн. Ақ халаттылардың қарауынан өтіп, ем қабылдағандар ризашылығы шексіз, дейді «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қызметкері Гүлнәр Тойлыбаева.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.