Аманқарағай кенті өзі аттас атақты орманның іргесінде, тіпті иініне кіріп жатыр. Мұнда жүз жылдық қарағайлар аспандап, қарауытады. Ағаш ішіндегі шағын үйде тұратын Кеңес Сейдахметовтің қиялы да сол қара ормандай қалың. Ұшқыр ойдың жетегіне Кеңекеңдей екінің бірі ілесе бере алмас. Сондықтан да ол – өнертапқыш. Мотор құрылысы бала кезінен қиялын жетектеп келеді. Қандай техника болсын қозғалтқышсыз жүрмейді, ол – жүрек. Бұл саланың ғылымда даму сатысының ұшар биігіне әлі жетіп болмағанына, әлі де мүмкіндіктер бар екеніне Кеңес аға кепіл. Техника ғылымынан терең білімі бар адам болмаса, аманқарағайлық өнертапқыштың жаңалықтарын онымен тең дәрежеде талдауға екінің бірінің тісі батпайды. Осыдан он жыл бұрын Кеңес Сейдахметов «Піспекті, төрт тактілі іштен жанатын қозғалтқыштың газ тарату механизмі» деген дүниесін ойлап тапты. Бұл халық шаруашылығының барлық саласында пайдаланылатын іштен жанатын поршеньді двигательге қолдануға арналған. Онда өнертапқыш цилиндрдегі жану алаңын кеңейтуді, жанған газды тез шығарып, оның орнына ауаның толуын қамтамасыз етеді. Өнертапқыштың ойынша, мотордың қуаты артар еді. Автордың осы ойын түйіндеп қойғанына он жылдан асып кетті.
Өнертапқышты өңірдегі қазіргі электр энергиясының тапшылығы, алыстан тасымалданатын өнімнің қымбаттығы ойландыратын. Сонымен қатар, ауаны газбен ластайтын көліктер моторын жетілдіруді де армандайды. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, Жапониядағы қайғылы жағдайдан кейін жалпы электр энергиясын өндіру мәселесі де толғандыра бастады. Ал Кеңекеңнің осыған дейінгі патент алған еңбектерінің барлығы дерлік осы мәселелердің шешімін табуға ұмтылған, мотор құрылысын жетілдіруге арналған. Мысалы, өнертапқыш №19317 патентпен белгіленген «Құрамдастырылған двигатель» еңбегі тиімділігінің жоғары екендігін қорғап шықты. «Шығарған қалдықтары аса зиянды болмағандықтан бұл жылжымайтын двигательді тұрғындар тығыз тұратын елді мекендерде электр энергиясын өндіруге пайдалануға болады. Мұндай электр стансаларын салу арқылы электр энергиясын пайдалануда өзгелерден толық тәуелсіздікке қол жеткізуге болады. Оған жағатын отынға қолжетімді және оның бағасы тұрақты болған жағдайда мұндай тармақты электр стансалары атом электр стансаларын салуға жаңа көзқараспен қарауды талап етеді» дейді өнертапқыш осы патентіне жазған рефератында.
Өткен жылы наурыз айында Кеңес Сейдахметовтің «Жылуды алдын-ала іштен жалғастыратын қозғалтқыш» деп аталатын жаңалығын Зияткерлік меншік құқығы комитеті «Инновациялық патент» деп бекітті. Патенттің түсініктемесінде: «Бұл жылжымайтын двигательді электр энергиясын өндіру үшін орнатуға болады. Елді мекенге, кәсіпорындарға электр энергиясының қажетіне қарай оның қуатын арттыруға мүмкіндік бар. Оған қоңыр көмір, жанатын тақта тас, торф немесе отынның басқа да қуаты аз түрлерін пайдалануға болады.
Ұсынып отырған двигательдің басты артықшылықтарының бірі –оған отынның органикалық түрлерін, оның ішінде қалаларда жыл өткен сайын көбейіп бара жатқан қоқыстарды пайдалануға болады деп көрсетілген.
Электр энергиясын өндіру, оның қуатын арттыру қандай керек болса, экологиялық мәселенің көкейкестілігі де одан бір кем емес. Қаланың қоқысы қазір далаға да ауысқан. Қаладағы қоқыс полигондарынан ұшқан полиэтилен қағаздар мен құтылар, басқа да заттар даланы да шарпып барады. Қазір Кеңес Жұмабайұлының қолында өзі ойлап тапқан жаңалықтардың 5 патенті бар. Оның төртеуі мотор құрылысын жетілдіруге арналған. Біреуі «Серіппелі оқпанды аңшы мылтығының бір тартпалы ілгегі бар соққы-тартпалы механизмі» деп аталады. Бұл да аңшы қауымының назарынан тыс қалмауы тиіс.
Жасы жетпісті алқымдаған өнертапқыштың ізденісі кімді болса да таңғалдырғандай. Кеңекеңнің бір күн үйде қарап отырғанын, ойды серпіп тастап, көңіл-күйге ерік бергенін айналасындағылар біле қоймас. Зейнетақысы келсе алдымен Қостанайға барып келеді. Кітап дүкендеріне не түсті екен, ғылыми-техникалық кітапханада, көшелерде, базардың шетінде үйіндегі жиған-терген кітаптарын сатып отыратын кемпір-шалдарда, букинисте не бар екен деп, бір шолып шығады. Мәскеуден, Алматыдан шыққан бұрнағы жылдардағы ескі ғылыми-техникалық журналдардың тігінділерін де удай бағаға сатып алып жүрді. Бар-жоғы сегіз-ақ сынып білімі бар ол өздігінен оқудың арқасында техникадағы жаңалықтың бәрін қалт жібермейді. Бәрі де соғыстан кейінгі жалаң аяқ жүгірген балалық шақтағы қызығушылықтан басталыпты.
– 1954 жылы Қостанай өңірінде тың көтеру жұмысы басталды. 1959 жылы әкем қайтыс болды да мен еңбекке араласып кеттім. Ол кезде комбайндар қазіргідей өзі орып, өзі жинай бермейді. Оның тіркемесі болады, соған орылған сабанды дәл түсіріп отыру керек. Оның бір педалін басасың, жүгіріп келіп екінші педальға үлгеруің керек. Олай етпесең сабан қатарлап түспейді де, комбайнер айқай салады. Осылай сорпаң шығып жүріп, егін жинайсың. Сонда менің бала қиялым осыны жетілдіруге болмай ма деп ойлайтын, – дейді Кеңес Жұмабайұлы. Жас кезінде механизаторлар дайындайтын училищеде оқыды. Әрі қарай білім іздеуге уақыт мұрша бермеді. Оның бар ғұмырындағы жұмысы техникамен байланысты болды. Машина жүргізсе де, басқа жұмыста болса да түрткілеп, оны зерттеуден, зерделеуден жалықпайтын.
– Жас болса келе жатыр. Осы өнертабыстарымның жүзеге асқанын армандаймын. Әрине, оларды жүзеге асыру бір сәттің ісі емес, қаншама қаржыны қажет ететін шаруа, – дейді Кеңес ағай. Қостанай қаласындағы «АгромашХолдинг» АҚ шетелдік машиналар құрастырады. Бұл бұрынғы дизельді двигательдер зауыты ғой. Өнертапқыш Кеңес Сейдахметов өзінің «Құрамдастырылған двигатель» деген жұмысын осы кәсіпорынның мамандарына көрсетіп, оны жүзеге асыруға көмек сұраған болатын. Бірақ бұл тілегі орындалмады. Кәсіпорын басшылығы қаржы дағдарысына байланысты өнертабыс жаңалықтарына инвестиция сала алмайтындығын айтты. Қазір жергілікті жерде өнертапқыштардың басын қосатын белгілі ұйым да, алып жатқан қолдау-көмегі де жоқ. Олармен ешкімнің шаруасы да шамалы.
– Ауылды жерде тұрғандықтан көптеген ақпараттан тыс қалатынымыз рас. «Шапағат» өнертапқыштар байқауына өткен жылы құжаттарым дайын болмай, қатыса алмай қалдым. Биыл құжаттарымды жібердім, – дейді Кеңекең. Бәйгеден кімнің таласы жоқ дейсіз, бірақ өнертапқыштың басты мақсаты – өзі ойлап тапқан жаңалығының жүзеге асуы. Кеңекең өзінің өнертабыстарын сынап көру тәуекелдің ісі екенін де біледі. Оған қаржы құятын адам да жаңалықтың болашақ үшін қаншалықты қажеттігін өзіндей түсінетін болуы керек. Ондай жанның бар екендігінен үмітін үзгісі келмейді. Ал өзінің ізденісі бір күнде толастаған емес. Осы материалды дайындау үстінде хабарласқанымызда Кеңес ағамыз кіші ұлы Нұрланмен бірігіп, кәдімгі велосипед қозғалтқышының жаңа түрін ойлап тапқанын айтты. Енді оны патенттеу ісі күтіп тұр. Өнертапқыштың әр жұмысы елдің ғана емес, адамзат игілігіне айналмасына кім кепіл...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Аманқарағай кенті.