Әдетте, мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасы бес сатыдан тұрады. Төрт мыңнан астам жеткіншектің арасынан іріктелген 600 оқушы олимпиаданың Қостанайда өткен қорытынды сатысына шақырылды. Оның арасында елуге тарта оқушы Қостанай өңірінен қатысты. Олимпиаданың ашылу салтанатында дарынды оқушыларды облыс әкімі Сергей Кулагин құттықтады. Осы арада бір айта кететін жайт, балаларды мектепке дейінгі мекемелерге қамту жөнінен елімізде Қостанай облысының алдына әлі ешкім түскен жоқ. Сонымен қатар, мектептер мен балабақшалардың 80 пайызына жөндеу жұмысы жүргізілді. Осы оқу жылының басынан бастап облыс өңірінде «Дарын» интеллектуалдық марафоны бастау алған болатын, оның жақсы нәтижесі де бар.
Мектеп оқушыларының олимпиадасынан тамаша ғалымдар, дарынды адамдар өсіп шықты. Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, бүгінде Бостон университетінде білімін жалғастырып жатқан Рудный мектебінің түлегі Тимур Жиентаев 2004 жылы мектеп оқушылары республикалық олимпиадасының жеңімпазы атанған еді. Тимур олимпиада басталар алдында оған қатысушылармен скайп арқылы тілдесті. Әрине, мұндай үлгі талаптың тұлпарын мінген балаларға қанат бітірері даусыз.
Облыс әкімі Сергей Кулагин айтқандай, олимпиаданың соңғы сатысына жетудің өзі оған қатысып отырған әр оқушының жеңісі деп есептеуге болады. Дегенмен бәйгенің аты – бәйге, шапқанда жүйріктен жүйрік озады. Республикалық мектеп оқушылары олимпиадасындағы командалық есепте Астана қаласынан келген балалар бірінші орынды жеңіп алды. Ал қостанайлық оқушылар жинаған ұпай саны оларды екінші орынға көтерді. Үшінші орынды Павлодардан келген оқушылар еншіледі. Оның сыртында әр пән бойынша білім тереңдігін көрсеткен оқушылар жеке марапатталды. Олардың саны үш жүзге жетіп жығылады.
Қостанайлық балалар олимпиададан 20 медаль алды. Олар орыс тілі мен әдебиетінен, орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиетінен, қазақ тілі мен әдебиеттен, биологиядан, физикадан, информатикадан, тарихтан үздік білім деңгейін көрсетті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.