Beeline компаниясы Қазақстан Теннис федерациясының Буэнос-Айрес қаласында Аргентина мен Қазақстан құрама командаларының арасында өтетін Дэвис Кубогының ширек финалдық матчын тамашалау үшін отандық жанкүйерлер командасын жасақтауға қолдау көрсетуде.
Осыған байланысты Beeline компаниясы мен Теннис федерациясы ұялы байланыс операторы мен БАҚ өкілдері арасында 7-9 шілде күндері Буэнос-Айресте өтетін матчты тамашалау үшін конкурстың жарияланғанын хабарлайды. Жақында Алматыда осы мәселеге орай өткен баспасөз мәслихатында «КаР-Тел» ЖШС бас директоры Анатолий Попов, Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Әділ Бөрлібаев пен еліміздің ерлер ұлттық құрамасының капитаны Егор Шалдунов Beeline абоненттері мен ақпарат құралдары арасында өтетін конкурс туралы кеңірек мәлімет берді. «Бұл акция аясында мамыр айында екі байқау өтеді, – деді «КаР-Тел» ЖШС бас директоры Анатолий Попов. – Оның бірі теннис туралы ең үздік дүние дайындаған БАҚ редакциялары мен журналистері арасында өтсе, екіншісі, Beeline абоненттері арасында өтетін «Барлығы теннис туралы» атты смс конкурсы». Оның айтуынша, бұл байқауда ұялы байланыс операторының тұтынушылары Beeline және Қазақстан Теннис федерациясының сайттарында демалыс күндерді есептемегенде күн сайын теннис туралы қойылатын сұрақтарға дұрыс жауап берулері керек. Осы екі конкурстың жеңімпаздарына Beeline компаниясы 7-9 шілде күндері Буэнос-Айрес қаласында Аргентина мен Қазақстан құрамалары арасында Дэвис Кубогының ширек финалдық матчын тамашалау үшін тегін билеттер тапсырады.
Теннис федерациясының вице-президенті Әділ Бөрлібаев болса, жиында мұхиттың арғы жағында өтетін матчтың Қазақстан спорты үшін мәні және маңызы жағынан үлкен тарихи оқиға екенін, осыған байланысты Қазақстан Теннис федерациясы ұлттық құраманың Дэвис Кубогындағы жеңістеріне қолдау көрсету үшін отандық компанияларға осындай түрлі маркетинг және жарнамалық жолдармен жанкүйерлерді жарыс алаңдарына жинау керектігін айтып, Beeline компаниясының осы бастамасы үшін алғысын жеткізді.
БАҚ арасында өтетін байқау жекелеген және командалық түрі бойынша екі номинацияға бөлініп өткізіледі. Жекелеген номинацияда мерзімді баспасөзде және телеэфирде 2011 жылдың 5-27 мамыр күндері шыққан ең үздік материалдардың екі авторы жеңімпаз болып танылады. Командалық номинацияда БАҚ арасында екі редакция таңдап алынады. Мұнда 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап, 2011 жылдың 27 мамыр күніне дейін отандық ақпарат құралдарында теннис туралы ең көп жазған ұжым жеңімпаз атанады.
Байқауға мерзімді баспасөзде және телевизиялық сюжеттерде шыққан материалдардың көшірмесі мен дискілері «КаР-Тел» ЖШС-ның баспасөз-қызметіне жіберілуі керек. Конкурсқа редакциялар ұжым ретінде және журналистер өз беттерінше қатыса алады. Сонымен бірге оған мультимедиа, онлайн-журналистика, фотожурналистика жіберіледі.
Конкурстың қорытындысында Beeline компаниясы төрт жеңімпазға Аргентинада өтетін Дэвис Кубогының ширек финалдық матчына тегін билеттер тапсырады. Оның қорытындысы 2011 жылдың 29 мамыр күні жарияланады.
Beeline абоненттері арасында өтетін «Эйс Аргентинаға жолдама!» смс-конкурсына келсек, ұялы байланыс операторының баспасөз-қызметі оның ережелерін әлеуметтік желілер мен БАҚ-тарда жариялайды. 2011 жылдың 5-27 мамыр күндері демалыс күндерді есептемегенде күн сайын www.beeline.kz пен www.ktf.kz сайттарда, компанияның Facebook, Vkontakte және twitter әлеуметтік желілеріндегі ресми топтарында теннис туралы екі сұрақ қойылады. Оның жауаптары күн сайын сағат 00.00-ге дейін қабылданады. Конкурстың қорытындысында 34 сұраққа ең көп жауап берген бір абонент Дэвис Кубогының ширек финалдық кездесуін тамашалау үшін тегін билетке ие болады. Сонымен бірге тағы бес белсенді қатысушыға Beeline компаниясы USB модемдерін сыйлық ретінде табыс етеді. Сұрақтарға смс жауаптары 925 қысқаша нөміріне жіберіледі. Бір смс хабардың бағасы – 15 теңге.
Дастан КЕНЖАЛИН.