«Қайран, қазақтың қыздары!» (Е.Қ.6,10,11. 2011 ж.)
Құрметті редакция, газеттеріңізден үстіміздегі жылдың наурыз айының басында – белгілі әдебиетші, сыншы Құлбек Ергөбектің «Қайран, қазақ қыздары!» айдарымен жарияланған Шара, Мәриям апа, Алма туралы қызғылықты мақаласын оқып, риза болғаным сонша, өз пікірімді қоссам деймін.
Иә, Шара апам жайлы ойлағанда көз алдыма мына бір сурет келеді. Қаралы жиын. Нөпір жұрт. Балалар және жасөспірімдер театрының фойесінде атақты әртіс Құрманбек Жандарбековпен қоштасу сәті. Табыттың оң жағында қаздай тізіліп, қара жамылған туған-туыс, балалары, жан жары Шолпан Жандарбекова отыр. Оңашалау жерде бағанаға сүйеніп, жалғыз өзі күйзеліп Шара тұр. Оны жұбатып, арқасынан қағып жатқан ешкім жоқ. Мен қасына барып, жылы сөзімді айтып, жұбатуға тырыстым. Ол кезде жерлеуге әйелдер қауымын да қатыстыратын. Шара апаммен бірге Кеңсайда Құрекеңді жер қойнауына тапсыруға барған қайғылы жұрттың қатарында, сөйтіп, біз де болдық...
Шара Баймолдақызы осы күні дулы өмірін Құрекеңмен қоса қара жерге көмгендей күй кешкен-ді. Екеуінің арасына дұшпан сөз, өсек-аяң араласып, ажыратқанымен бір-бірімен ұдайы сыйласа жүретінін жұрттың бәрі де білетін. Бірде Шара апамыз «Қырық қыз» ансамблінің әзірлігін жүргізіп жатқан. Таяғына сүйене шау тартқан Құрекең келіп дайындықты тамашалағаны бар. Сонда Шара бұрынғы шалына еркелей: «Құреке, қарашы, қыздарым шетінен әсем, бұралып тұрған жоқ па?» – деді. Сонда ол:
– Шара-ау, өзің әлі көп жұлдыздың ішіндегі Таңшолпансың ғой! – деп, сол баяғы нәзік сезімдерінің қозасы суымағандай күй танытқанына да куә болған едік.
Шара апамыз Құрекеңді ерекше тебірене еске алатын. Әсіресе ол, Құрекеңнің терезеден түсіріп өзін алып қашып кеткен кезін жиі еске алатын. Бір деп білегінен, екі деп етегінен ұстап, небәрі 16 жасында өзінен көп ересек, бұрын отбасын құраған Құрманбекке тұрмысқа шыққанына Шара еш өкінбейтін. Құрекең де оған дән риза болыпты.
– Шаражан, басымды сыйлап соңымнан ергеніңе рахмет! Ғұмыр бойы борыштармын өзіңе. Әртістікке баулимын, өнерде даңғыл жолға шығуыңа тілеулесің боламын, – деген екен.
Өз сөзіне берік, ер көңіл Жандарбеков ғұмырының соңына дейін ол сертінен танған емес. Шара қазақ ұлт биінің шаңырағын көтеріп, уағын шамшысқан ең алғашқы биші, би қоюшы, сол салада бірнеше кітап жазып кеткен қоғам қайраткері ретінде жұртына танылды.
Осыдан бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің тапсыруы бойынша «Би тәңірісі – Шара» деген материал жазып бергенмін. Жарқырап шықты. Құлбек Ергөбековтің осынау тақырыпқа қайта оралуында үлкен мән бар: біріншіден, қазақтың үш асыл әйеліне қатысты көпшілік біле білмейтін жайттарды айту болса, екіншіден, автордың өзі басы-қасында болған, көзі көрген дәйектерге аса зеректілігіне сүйсінесің. Әсіресе, Мәриям Хакімжанова жайлы оқырманын бірде мұңайтып, бірде қуантып жазғаны кім кімнің де көңілінен шыққандай. Алма Қыраубаева туралы сөз басқа. Әттең, өмірден ерте өтті. Әйтпесе, түркітану іліміне қосары да алда болар ма еді...
«Жеңге» тарауында біраз біз білмейтін жәйттардың бетін аша кеткені, соның ішінде атақты Күләш жайлы: «Өз отының басынан жылу таппай келіп, көңіл шерін тарқататын Күләш еді...» деген Мәриям апамның сөзі де көңілге түрлі ой салды. Шараның «Өмірім менің – өнерім» мемуарлық кітабында Күләш Байсейітова турасында жан толқытар беттер аз емес. Бала жасынан телқозыдай бірге өскен қос құрбы әу баста театр табалдырығын бірге аттайды, сахнада қатар ойнайды. Тұрмысқа да бірі – Құрманбекке, бірі – Қанабекке шығады. Өнер көгіне де бірге өрлейді. Күләш – әсілі кішіпейіл, қайырымды жан болса керек. Бұл турасында Қазақстанның халық әртісі, мақпал үнді керім әнші Рәбиға Есімжанова былай дейді:
– Менің әншілік жолым басталғанда сахнаға киіп шығатын салтанатты костюмім де жоқ еді. Күләш апам өзінің панбарқыт жасыл көйлегін, камзолын ұсынды. Сол көйлек маған құт болды, әншілікте, сахналықта жолым осылайша сара жолға түсіп еді. Кей-кейде апама сәлем беруге барамын, ол қыздарының көйлек-көншегін жамап, тазалап отыратын. «Оныңыз не, үй қызметшіңіз бар емес пе?» – десем, ол кісі:
– Кішкенем-ау, қыздарымның киімдерін жамап, жаңалап, иіскеп отырудың өзі мені рахат сезімге бөлейді ғой – деуші еді.
Өзінен жастау адамды «айнам», «кішкенем» деп сөйлейтін оның әдеті еді.
Күләш қаншама ерінің атын да атамай: «Қана, Қанам!» десе-дағы жүріс-тұрысқа бейім Қанекең үйден гөрі, түзде жүруді әдетке айналдырған секілді... Мәриям ананың «отбасынан жылу таппаған» деуінің мәнісі де осы болса керек.
Сахнадан Күләшті сан көрдім. Ақжүнісін, Қызжібегін, Маросын және т.б. сахнадан сомдаған кейіпкерлерін де көрдім кезінде. Бағым да шығар, мектепке оқыған кездерімізде мұғалім-тәрбиешілеріміз жиі-жиі театрға апарып тұратын. Бұл менің әнші болсам деп талпынып жүрген кезім еді. Опера және балет театр жанынан қос студия құрылды, конкурс жарияланып, жер-жерден ән салатын өнерлі жастарды таңдады. Бағымды сынап мен де сайысқа түстім. Қазылар алқасының бас төрешісі Күләш апай екен. Шашын қос бұрым ғып өріп, төбесінен айнала ораған Күләштің үстінде панбарқыт көйлек, алтын сырға-сақиналары жалтыраған аса кербез жан көрінді. Конкурстан өтсем де, көп аялдамадым: «осы хорда маған не бар?» дедім де, университеттегі оқуымды жалғастырып жүріп жаттым. 1957 жылдың жазы. Емтиханға даярланып қызылтанау болып жатқанбыз. «Күләш қайтыс болыпты» деген суық хабарға не сенерімізді, не сенбесімізді білмей, алаңдадық. Опера және балет театрының алды құжынаған халық. Жылап-сықтаған жас, кәрі. Бірнеше кісі табытын алып көтеріп жүрді. Соңынан ілескен көпшілікке қосылдық, көз жасымыз тыйылар емес. Небәрі қырық төрт жасында бұлбұл Күләш осылай дүниеден өтті.
Ұлы ақын Мәриям Хәкімжанованың 75 жылдық мерейтойы ол кезде А.С.Пушкин атындағы ұлттық кітапхананың залында өткен-ді. Апамыз қоңыр көйлек, иығына шашақты ақ шәлі жамылып, аса шабытты, мейманасы таси отырған. Жақсы сөзге жан семірмей ме. Мен алдыңғы қатарда, гүл шоғын ұстап отыр ем, қасыма ақын Ақұштап Бақтыгереева келіп: «Екеуіміз сахнаның екі жағынан шығып, апамызды құттықтайық, андағы гүлді екіге бөл», – деді. Бөлдім. Шықтық. Ақұштап апамның қасына отырды. Ал мен рұқсат сұрап «апамыздың құрметіне бір ән айтып берейін» деп, Біржан салдың «Жоныпалдысын» айтып шықтым.
Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев мені ертіп Мәкеңнің үйіне апарды. Шағын дастарқан басына жайғасып ек, көзім кітап шкабының әйнегіне тақау қойылған жасыл түсті өзімнің «Қазбауыр бұлттар» кітабыма түсті. Өз дүниеме өзім таңғалып, «апырай, апамыз прозаны да қалт жібермей оқиды екен-ау!» деппін іштей. Сол арада Мәкең:
– Шәрбану, сенің тырнақалдыңнан таныспын, сонау жылдары ақын інім Жұмағали Саинның саған жолашар тілеп жазған мақаласын да оқығанмын. Ол «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде жарияланып еді. Ал сенің әнші екеніңді білгенім жоқ. Қане, тағы бір ән салшы, – деді.
«Көк көбелек» әнін айтып ем:
– Бір байқасам, сен Тұрсынханның мәнерімен шырқайды екенсің, – дегені де есте.
Ұлым Серікті үйлендірерде Мәриям апаны тойға шақырдым. Шара апай да келді. Екеуі кең үстел басында иық тірестіре қатар отырды. Әттең, сол тойға фотограф шақырмаппын, сонда қос дегдар – қос әулиені бейнетаспаға басып алар еді ғой. Тарихқа қалар еді...
Мұндай өкініш қазақта аз емес. Күләш Байсейітованың, тым құрыса, бір сахналық бейнесін түсіргенде ғой. Жалғыз-ақ бейне – күймеден шығып, «Гәккуін» шырқаған кезі. «Қыз Жібек» операсының Мәскеуде, 1936 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өткен тұста түсірілген. Шүкір, Шара билері теледидарға түсіріліпті. Радио «Нақ-нақ», «Жариямай» сияқты билеп жүріп айтатын әндерін анда-санда тыңдатып тұрады.
Жасыратын не бар, біз көп жағдайда еренсізбіз, енжармыз, болашақ ұрпақ қамын ойламаймыз. Ал өткенін ұқыптамаған, тірнектеп жинақтап жүрмегеннің кесірін бүгінде тартып жүрген жоқпыз ба.
Шәрбану ҚҰМАРОВА,жазушы.