«Қазағым, қайда барасың?» (Е.Қ.3.11.2011 ж.)
Өткен жылдың қараша айының басында «Егемен Қазақстан» газетінде Ө.Байгелдидің «Қазағым, қайда барасың?» деген мақаласы жарық көрді. Оны басқа газеттер де қайыра басып, өз оқырмандарының назарына ұсынды. Мұның себебі не? Мақалада үлкен ойлар бар. Ол бойында қазақтың қаны бар әрбір азаматты ойландырса керек. Себебі, қазақ үшін аса зор қауіптің қайдан төніп келе жатқанын және оның алдын алу жайында ой толғаған ақсақалымыздың жанайқайы көзі қарақты оқырманын бей-жай қалдырмағаны белгілі.
Десек те одан бері уақыт жылжығанымен мәселенің мәнісіне қолдау білдірген қандастарымыздың қарасы аса көп емес. Расында ұлттық, рухани тұтастық бір рет айттым бітті, кестім үзілдімен жөнге келмесі анық. Дендеп енген кеселдің, мысқалдап шығатыны және бар. Олай болса, бұған діндегі- ділдегі – жалпы қоғамдағы жат құбылыстардың алдын алу үшін бірлесіп күресу, үн қосу керек шығар. Бұл әрбір отбасының міндеті, әрі болашақ үшін атқаратын парыз болғанда ғана жемісін береді. Отан отбасынан басталады десек, әрбір отбасы өз тәрбиесінде ұлттық құндылығымызды жастардың санасына біртіндеп сіңіре алсақ, талай қазақ баласы сырттан келген жат құбылыстардан бойын аулақ ұстары анық.
Ө.Байгелди өз мақаласында халқымыздың өткеніне талдау жасай отырып, оның рухының беріктігін, көне ғасырлар қойнауынан тарих көшінде қазақ болып қалыптасып келе жатқанын нақты дәйектермен баяндайды. Мақалада ұлтымыздың тұтастығын сақтаудың тұғыры туралы «...Қазақ тілге бай халық қой ...Осы тұрғыда бүкіл халықтың болмысын, бірлігін, мықтылығын, тектілігін дүниенің төрт бұрышындай мығым ұстап тұруда, бәрі де А әрпінен басталатын төрт-ақ сөздің алатын орны ерекше. Олар-Алаш, Аттан, Асар, Алас сөздері» – дейді. Бұл сөздер тәртіпке, тәрбиеге, татулыққа, бірлікке шақыратын ұлттық құндылық, рухтық ұстаным болғанын айта келіп, бүгіндері жастарымыздың еліктегіштігіне, бірлі-жарым болса да басқа дінге кірген қандастарымыздың барына, уланған сананың әсерінен ата-анасынан, туыс-бауырынан, ұлтынан, отанынан безгендердің көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Осы жерде қатыгездік, зұлымдық, зорлық-зомбылық, лаңкестік, қорқыту, үрей туғызу арқылы адам өміріне қауіп төндіру, ислам дініне қайшы жат жолға түсуші екенін ескертеді.
Қанша жерден бөлек дегенмен бүгінгі күні дінді қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Ислам – гуманизм діні. Ол – қоғамда бейбіт өмір мен татулықты сақтауға шақыратын дін. Сонда ғана әрбір қандасымыздың Отанын сүю, тіліңді, діліңді, дініңді аялау, ұятыңды сақтау, жан дүниеңді қорғау сияқты ізгілік ұстанымдары берік орнығады. Егер адасып жүргендер болса, ислам Алланың ақ жолында бірігуге, бейбітшілікке, тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Біз тарихи тамырымыз бен төл салт-дәстүрімізге табан тіреп, исламның ең үздік жетістіктерін өзімізге бейімдей отырып, өз жолымызды анықтауымыз керек.
Осы жерде мынаны ескерсек болады. Осы күндері елімізде қазақы рәсімдерге сай емес, діни монархиялық ислам мемлекттеріндегі кейбір ұстанымдарды көшіріп алып пайдалану етек алып барады. Әсіресе қыз-келіншектеріміздің өзге елдердегі киім кию үлгісін ұстанушылығы алаңдатады. Біз өз дәстүрі бар, көне тарихы бар елміз, әрі зайырлы мемлекетпіз. Бұл туралы мақалада әбден түсінікті етіп жазылған. Соны ескеріп, ертеңімізге сеніммен қарасақ болады.
Ө.Байгелди осы мақаласында қазақы ғұрпымыз ата-баба аруағын қастерлеу мен Жаратушы, әлем иесі бір Алланың арасын ажыратып, шатыстырмауды ескерген. Аруақты құрметтеуді Аллаға серік қосу деп шатасу біздің елімізге ңұқсан келтірумен қатар, рухани тұғырымызды, тұтастығымызды бұзатын саяси қитұрқылық. Жік салудың жолы. Мұны бәрі білуі шарт десек, елімізге ислам діні келмей тұрып та қазақтар көк Тәңіріне құлшылық жасап, бір ғана Құдай бар деп табынды емес пе? Мұны осыдан екі жарым мың жыл бұрын Герадоттың өзі де мойындаған. Жалпы рухымызға әсер беретін, біздің еркімізден тысқары бір құдіретті күшті бәріміз де мойындауға тиіспіз.
Осы жерде өткен жылы жарық көрген академик Өмірзақ Айтбайұлының «Қазақ тілі мен тәуелсіздік – егіз ұғым» деген мақаласында айтылған мәселеге назар аударсақ болады. Дәлірек айтқанда, тіл мен тәуелсіздікке қатысты ұсынысы: «Елімізде іргелі діндерге (ислам, христиан, будда, иудаизм) ғана орын қалдырып, қаптаған конфессиялар мен секталарға қатаң тыйым салу қажет. «Діни сенім бостандығы туралы» заңды қайта қарап, талаптарын күшейту керек. Бізге жалпы жұртшылықтың (келімсек миссионерлердің) көңілін табудан гөрі, еліміздің тыныштығы, тәуелсіздігіміздің баянды болуы қымбат» – деген пікірін де ескерсек болады. Яғни, Ө.Байгелдидің мақаласында атап көрсетілгендей, өздерін ислам дінінің жанашыры санайтын түрлі ағымдардың еркінсінуіне жол бермеуіміз керек. Жалпы, ислам дінінің пайдадан басқа залалы жоқ. Тек дұрыстап уағыздап, дұрыстап тұтынғанымыз жөн. Дін бар жерде тазалық, адалдық, адамдық бар, ағайын!
Сабыр ҚЫЛЫШБЕК, Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы.
Жамбыл облысы,
Қаратау қаласы.