Кеше Астанада «ҚазМұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ журналистерге арнап ашық есік күнін өткізді. «БӨ OPEN» шарасы барысында компанияның топ-менеджерлері БАҚ өкілдерін өткен жылғы көрсеткіштерімен және болашақ жоспарларымен таныстырды.
Шара барысында «ҚМГ» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Асқар Балжанов компанияда атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен әңгімеледі. «ҚазМұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ Қазақстанда мұнай өндіретін компаниялар ішіндегі көшбасшылардың бірі әрі қара алтын өндіру көрсеткіші бойынша 2-орында. Өткен жылдың соңында бәсекелестікті күшейту мақсатында компания 2010-2020 жылдарға арналған даму стратегиясын бекітті. Оған сәйкес, компания алдында тұрған міндеттер өндірістік қызметтің тиімділігін арттыру, геологиялық барлау, Каспийдегі теңіз мұнайын өндіру жобасына қатысу, сондай-ақ Қазақстан және одан тыс аумақтарда жаңа кен орындарын игеру есебінен өндірістік базаны кеңейту болып отыр, дейді ол. Сондай-ақ компанияның бизнесті дамыту бойынша басқарушы директоры Дастан Абдулғафаров «ҚМГ» БӨ» АҚ-тың Қазақстанда және шет елдердегі даму стратегиясы жөнінде айтса, компанияның бас экологы Базар Есқожа жүргізіліп жатқан барлау жұмыстары және перспективалы бағыттар туралы әңгімеледі. Ал журналистер тарапынан экспорттық кеден салығы, сондай-ақ компанияның шет елдердегі кен орындары туралы сұрақтар қойылды. Ашық есік күнінде жарияланған ақпараттар туралы газеттің алдағы нөмірлерінде кеңірек жазатын боламыз.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.