...әкім ауылдарды аралады
Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев Құрманғазы ауданының орталығынан 300 шақырымдай қашықтағы Азғыр, Сүйіндік ауылдарын аралады. Алыстағы бұл ауылдарда түйіні тарқатылуы қиын мәселелер жетерлік. Соның бірі – аудан орталығынан қатынайтын жолдың нашарлығы. Әсіресе, жазда жолды құм, ал қыста қалың қар басып қалады. Екіншіден, ауыз су жайы да қинайды. Үшіншіден, электр энергиясын Ресейден алатындықтан, көрші елге тәуелділік те байқалады. Төртіншіден, шалғайдағы бұл ауылдар тұрғындары табиғи газ желісі тартылғанын да қалайды. Байланыс пен медициналық қызмет сапасының жақсарғаны тұрғындар үшін аса маңыздылығын жоймайды.
Шалғай ауылдардағы тұрғындарды мазалаған осындай мәселелерге байланысты облыс әкімі Б.Рысқалиев қажетті шаралардың алынатынын жеткізді. Оның айтуынша, биыл Азғыр өңіріне қатынайтын жолды құм, қар басу секілді кедергінің алдын алуға 20 миллион теңге бөлініп отыр. Жол тазалайтын арнаулы техника да бөлінбек. Телефон байланысын жақсарту мақсатында талшықты желі тартуға қаржы қарастырылмақ. Сондай-ақ сырқаттанған тұрғындардарды аудан, облыс орталықтарындағы емдеу орындарына шұғыл жеткізуге санитарлық авиацияны пайдалануды тиісті сала басшыларына тапсырды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
...белгілі қаламгерге көше аты берілді
Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Камал Смайыловтың есімі мен еңбек жолы, әсіресе Жезқазған өңірі жұртшылығына аса ыстық. Ұлытау ауданындағы Сарлық ауылы түлегінің халқымыздың асыл перзентінің бірі екендігін мақтаныш тұтады.
Ел үшін үлкен еңбек сіңірген ірі қаламгердің әрі қайраткердің есімі бұдан былай Жезқазған қаласы көрікті көшелерінің бірінде жарқырап тұратын болды. Бұл жезқазғандықтар мен ұлытаулықтардың тілегі еді.
Айқын НЕСІПБАЙ, Жезқазған.
...жылжымалы емхана ауылға келді
Бұл Баянауыл, Ақтоғай, Май, Ертіс, Лебяжі аудандарының шалғайдағы ауылдарында тұратын екі күннің бірінде облыс орталығына келіп дәрігерлерге қарала алмайтын тұрғындар үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жасалған тиімді көмек болып отыр.
Өткен жылы дәрігерлер облыстың барлық аудандарын аралап, 10 мыңнан астам ауыл адамдарын қарап, ауырып жүрген 2,3 мың тұрғынды анықтаған еді. Яғни, жылжымалы емхананың флюорографиялық, стоматологиялық құрылғылары бар арнайы кешені арқылы ауылдардың 27 мыңға жуық тұрғыны тексерістен өткізіліп, емделді. Ал биылғы жылдың сәуір айынан бастап маммографиялық кешен де ауылдарды аралап, әйелдер денсаулығын назарға алуда. Осындай құрылғылары бар жылжымалы емханалық кешен Лебяжі ауданының ауылдарын аралады. Дәрігерлер ауыл тұрғындарына бір күн ғана емес, алдағы уақытта да осылай келіп-кетіп тұратын болады.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.