18 Мамыр, 2011

Ақпараттық карта әзірленуде

499 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімде Үкімет отырысы өтті. Онда Эконо­ми­ка­лық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов «Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі көр­некі ақпараттық карта туралы» баяндама жасады. Экономикалық даму және сауда министрлігі 2020 жылға дейінгі еліміздің стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттары­мен тығыз байланысты Мемлекет басшысы тапсырмаларын іске асы­рудың көрнекі ақпараттық картасын дайындады. Мемлекет басшысы осы жылдың басында­ғы ел халқына Жолдауында, «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съе­зінде және Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық, саяси, әлеуметтік салалардың да­муы­на бағытталған, сонымен қатар еліміздің серпінді дамуына мүмкіндік беретін бірқатар міндеттерді алға қойған еді. Бұл карта еліміздің әл-ауқатының тұрақ­ты және орнықты өсуіне, нәти­же­ге қол жеткізілетін жұмысты көр­некі түрде көрсетуге бағыттал­ған. Сонымен қатар карта еліміз­дің жақын кезеңде дамуының негізгі міндеттерін, оның орындалу мерзімін және қол жеткізер нә­ти­жесін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына бекіте оты­рып көрсетуге мүмкіндік бермек. Жалпы, картаның Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын іске асу барысын тексеріп, қорытын­дысын бағалауда да берері мол. Аталмыш карта дағдарыстан кейінгі даму, экономиканы әрта­рап­тандыруды жеделдету, азық-түлік қауіпсіздігі және болашақта келетін инвестиция сынды аспектілерді қамтиды. Сондай-ақ мұн­да азаматтар үшін көрсетілетін қызметтер, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту, ұлтаралық келісім мен қауіпсіздікті және халық­аралық қатынастардың тұрақ­тылығын қамтамасыз ету де назардан тыс қалмаған. Аталмыш құжатпен таныс­қан­нан кейін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өз кезегінде бұл құжатқа тиісті толықтырулар енгізу үшін бір аптада оны Үкіметтің веб-сай­тына орналастыруды тапсыра келе, Үкімет мүшелері бұл карта­ны қабылдау үшін келесі сейсенбіде дауыс беретінін айтты. Жал­пы алғанда, ол бұл құжатта жүк­те­ліп отырған бағыттарды дұрыс деп бағалайтынын да тілге тиек етті. Сондай-ақ отырыста «Газ және газбен жабдықтау туралы» заң жобасы да қаралды. Бұл жо­баны таныстырған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, аталған құжатта ішкі рынокқа газ жеткізуге басымдық беріледі. Және де ішкі рынокқа тауарлық газ жеткізу бойынша бірыңғай ұлттық оператор құру­ды көздейді. Бұл оператор өңдел­ген ілеспе газды сатып алуда ба­сым құқыққа ие болса, әрбір об­лыс пен қала үшін бірыңғай кө­тер­ме бағаны енгізу мәселесі де заң жобасында қарастырылған. Бұл ретте бағаны Үкімет белгілейтін болады. Министр мұнымен қоса, бұл заңды қабылдау газ саласының алдында тұрған мә­се­лелерді кешенді шешуге мүм­кіндік беретінін де айтып өтті. Отырыста сондай-ақ Кәрім Мәсімов энергия тиімділігі елі­міз­дің индустрияландыру бағы­тын­да негізгі мәселе екендігіне де тоқталды. Мұнда ол индус­трия­ландыру және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын жаң­ғырту бағдарламалары аясында елімізде энергия үнемдеу мәсе­лесі алғашқы орында тұруы қа­жет­тігін қадап айтты. Сондай-ақ мұның Елбасының тікелей тап­сырмасы екеніне тоқтала келе, бұл тұрғыда барлық әкімдерге индустрияландыру бағдарламасы шеңберіндегі барлық нысандар­ды қарап шығуды тапсыратын­дығын да қаперге салды. Селекторлық кеңестен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев жуыр арада министр­лікте жанармай бағасы талқыла­на­тынын жеткізді. Ведомоство бас­шысының айтуынша, бүгінгі таңда дизель отыны мен АИ-80 маркалы бензинінің бағасы Мұ­най және газ министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бірлесіп белгілеген шекте қалыптасып отыр. Рыноктағы бұл өнімдердің бағасы дизель отынына 82 теңгені, ал АИ-80-ге 80 теңгені құрайды. Және мұны­мен қоса ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанармай жүз пайыз жеткізілген. Ал бағасы Үкімет бекіткен шекті нормадан төмен. Министр өз сө­зінде жанармай рыногында ай­тар­лықтай мәселе туындап отыр­ма­ғандығын атап өте келе, әйтсе де АИ-92, АИ-93 бензин марка­лары бойынша шешімін табуы тиіс жәйттер болуы мүмкіндігін де назардан тыс қалдырмады. Біз ресейлік мұнай жеткізілімін есеп­ке алғанда да бұл бензинді өзімізде түгелдей өндірмейміз. Осы күн­дері Ресейде АИ-92 маркалы бензин біздің валютамен алғанда 125 теңге, ал бізде 99 теңге көлемінде болып отыр. Әрине, арадағы бұл 25 пайыз деген біраз айырма­шы­лық. Сондықтан да бұл мәсе­лелер төңірегінде біраз сұрақтар көтеріліп жатыр. Біз осыған орай, жоғарыда айтып өткендей, бұл мәселені жақын арада талқы­лай­тын боламыз, – деді ол. Сонымен қатар осы брифингте Ауыл ша­руашылығы министрі Асылжан Мамытбеков көктемгі егіске арзан бағамен жеткізілетін 354 мың тонна жағармайдың 290 тоннасы­ның құны төленгенін айта келе, бүгінгі көктемгі егіс науқаны жұмыстары төңірегінде тұқым және өзге де қажеттіліктер бой­ын­ша туындап отырған мәселе­лер жоқтың қасы екендігін айтты. Сондай-ақ ол өткен апталарда банк­тік кепілдемелерді алуға мүм­кіндіктері төмен ауыл шаруашы­лығы тауарларын өндірушілерді Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар кепілдігімен қаржылан­ды­ру шешімі жасалғанын және бұл шаралардың нәтижесінде тө­лемдер операторларға уақытында жеткізілгендіктен жағармайды жеткізу көлемі айтарлықтай арт­қанын да баяндап өтті. Осыған сәйкес көктемгі егіске арналған жағармайды жөнелтуді мұнай өңдеу зауыттары да арттыра түскен. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.