Облыс бойынша бес кардиолог және бес онколог дәрігер біліктілігін көтеру үшін Израильге жүріп кетті. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімнің ең төмен көрсеткіші Израильде және бұл елде қатерлі ісікке шалдыққан аурулардың үлкен пайызы химиялық терапия алғаннан кейін аман қалады екен. Ал мамандардың айтуынша, Қостанай өңірінде бұл науқастан болатын адам шығынының көрсеткіші әлі де жоғары. Сондықтан, облыс әкімі Сергей Кулагиннің қолдауымен Қостанай және Лисаков қалаларындағы ауруханалардан он дәрігер Израильдің емдеу орындарында біліктілігін көтеретін болады.
Кардиолог және онколог мамандардың бұл сапары үшін облыс бюджетінен 13 миллион теңге бөлінді. Дәрігерлер біліктілігін көтеруге облыста алғаш рет осындай қомақты қаржы қарастырылып отыр.
– Біліктілікті көтеру үшін екі апта оншалықты көп уақыт та болмауы мүмкін. Олар Израильден келе салып, жаңа технологияны бірден тәжірибелеріне енгізе салады деген түсінік тумауы керек. Медицинасы алға дамып кеткен елде адамдардың денсаулығын күтуі, дәрігерлердің пациенттермен жұмыс істеуі, науқастардың менталитеті – барлығы да бізден бөлек. Біздің дәрігерлер соның барлығын да бақылайды, мүмкіндігінше озық тәжірибені үйренеді. Олар келген соң түйген тәжірибені әріптестеріне үйретеді. Дәрігер мәдениеті дегенге де мән бермейміз. Ал бізге түсетін арыз-шағымның басым көпшілігі дәрігерлердің науқас пен олардың туыстарына уақыт және олардың көңілін жұбатардай дұрыс сөз таба алмауы туралы болады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гүлшат Байжұманова.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.