Біз тұратын үйдің тең жартысынан астамында ішкі істер органдарының көк форма киетін полиция қызметкерлері тұрады. Бәрі дерлік жас отбасылар. Олардың аттарын білмесем де, көріскенімізде бас изесіп амандасып қоямыз. Тек өзіміздің бесінші қабатта тұратын көршілерімізбен жақсы араласамыз. Үйлеріне қонақтар келгенде біздікінен орындықтарды, кейбір ыдыс-аяқтарды сұрап алып кетеді. Оларды қайтаратын кезде сол үйдің келіншегі ыдыстарға толтырып не кәмпит, не бауырсақ салып беретіні бар. Туыс болмасақ та, көршімізбен тату тұрамыз. Отағасының есімі – Асқар. Сол Асқар көршіміздің шағындау ғана көлігі бар. Жылы сәл ескілеу. Бірақ жүріп-тұруға сондай ыңғайлы. Тек қыстың күні қатты аязда оталдыруы қиын болмаса, ол мәшинесінің бір жері бұзылып мазасын алғанын көрген жоқпын дейді. Кейде аяз қатты болады-ау деген күндері аккумуляторын шешіп алып үйіне қояды. Ертесі мәшинесімен көп алыспай, әрі кетсе он минөттің ішінде үй ауласынан шығып жұмыс жаққа қарай айдап бара жатады. Жұмысқа келген сәтте алдарынан қызметтестері кездесіп қалса, амандық-саулық сұрасқанның орнына, «Қалай, мәшинең қатып қалған жоқ па? Оталды ма?» деп сұрайды. Кейін келе бұл сұрақтың өзі аман-саулық сұрасудың елордалық үлгісі болып қалыптасқандай.
Әрине, мәшине оталса ғана көлік иесінің көңіл-күйі өз қалпында болады. Әйтпесе, ертеңгісін балаларын балабақшаға жеткізуі, өзінің жұмысқа баруы бас ауруына айналады. Көлікке әбден үйреніп алған жандар мәшинесінен қандай да бір ақау шықса, көбіне қоғамдық көлікке отыруды қиынсынады. Сөйтіп, такси тоқтатады. «Күйген дүние күйіп кетсе де таксиге отырамын» дейді де азын-аулақ ақшасын таксиге жұмсайды. Мәшинесі жөнделгенше осы. Көлігі жөнделіп шыққанда жөндеу ақысын төлеу үшін тағы шығындалады. Орыстардың «Басыңа пәле қаласаң, мәшине сатып ал» дегеніндей, мәшине де адамның біраз жүйкесін тоздырады. Қыстың күні қаланың көп тұрғыны осылайша мәшинелерімен арпалысады. Ақшаларының көп бөлігі сол темір-терсектің жағдайын жасауға жұмсалады...
Күнтізбенің 2011 жылға ауысқанына көп бола қоймаған кез. Қаңтардың қақаған аязы мұндай кезде ерекше күшейіп кететінін қала тұрғындары жақсы біледі. Телеарналардағы ауа райы болжамына қатты сеніңкіремей, үйдегі балконның сыртқы терезесіне шағындау ғана термометр орнатып қойғанмын. Үйден шығар алдында міндетті түрде соған қараймын. Үйдегі термометрдің көрсеткіші әдетте айтылған ауа райы болжамынан әлдеқайда төмен болады.
Бір күні Алматыдағы құрбым маған өте қажет бір құжаттарды таңғы 6.35-тің рейсімен салып жіберіп, оны мен әуежайдан күтіп алатын болдым. Сөйтіп, үйден шығып бара жатқанымда көрші Асқарды көрдім. Түсі суықтау екен. «Жұмысынан шақырып жатқан болар. Бұл сияқты білікті тергеушілер әрқашан да сақадай сай болуы керек қой» дедім іштей. Әдеттегісінше амандастық. Бір кезде: «Пәтшағарлар, жағдайымыз жақсарып келе жатқанда бұзықтар азая ма десең, тіпті көбейіп келеді ғой», деді де жұмысына не үшін сонша ерте бара жатқанынан хабар берді.
Арада бір аптадай уақыт өтті. Демалыс күні болатын. Бірақ, күн азырақ жылынып қалған еді. Үйде 5 жасқа келген інім бар. Сол таңертең ерте тұрып алып, не өзі ұйықтамай, не маған ұйқы бермей, далаға алып шық деп құлағымның түбінде масадай ызыңдай берді. Сөйтіп, інімді қалыңырақ киіндіріп, далаға алып шығуға мәжбүр болдым. Жаңадан жауған қармен ойнаған інім мәз. Ара-тұра «Айбар, қарды аузыңа салатын болсаң, таяқ жейсің менен. Қарға көп аунай берме, үстің су болады. Осыдан су болса, енді далаға алып шықпаймын», деп айғайлап қоямын.
Асқар ағай мәшинесінің капотын ашып қойып, бір нәрсесін шұқылап жатыр. Амандастық. Сөйтсем, моторының майын тексеріп жатыр екен. «Мотордың майын ауыстыратын кез болыпты, тағы да шығындалатын болдым ғой, а», деді де мәшинесінің капотын жапты. Менің інімді көрді де: «Кейде осы бүлдіршіндер сияқты кіп-кішкентай болғым-ақ келіп кетеді. Қарашы, ешқандай уайымы жоқ. Ойын, тамақ болса болды, қаперсіз», – деді. «Иә, айтпаңыз. Бұлардың өмірлері – нағыз өмір ғой. Ұйықтаса ұйықтай салады, тұрса тұра салады. Бұлардай болу қайда бізге», – деп мен де басымды изедім. Содан соң ол әңгіме болсын деп маған жұмысындағы бір қылмыстық іс туралы әңгіме бастады. Інімнің әзірге үйге кіретін сыңайы байқалмаған соң құлақ түрдім. Әңгіме барысында бір қуарып, бір бозардым. «Адамдар не болып кеткен», деген ойға қалдым. Әңгіменің ұзын-ырғасы төмендегідей еді.
Астанаға жұмыс іздеп келген үш-төрт жігіт құрылыс алаңында танысады. Қақаған аяздарда, қатты борандарда жұмысқа шықпаған күндері жүз грамдатады екен. Жақын танысады. Бірге үй жалдап тұруға уағдаласады. Бір айдай бірге тұрады. Күнделікті тамақтарына ортақтасып ақша шығарады. Анда-санда болып тұратын туған күн сияқты басқосулардан қалмайды. Қыздармен танысады, өтірік-шыны аралас әңгімелер айтады. Сөйтіп, әр ауылдан жиналған жігіттер бір үйдің баласындай болып кетеді. Солардың арасында момындау, аңқаулау келген Дәурен есімді, қалғандарымен салыстырғанда еті тірілеу, мырза, сөзге де шешен Дастан есімді жігіттер өзгелерге қарағанда ерекше жақын, бауырмал болады (есімдері шартты беріліп отыр). Бір-біріне қарызға ақшаны жиі беріп тұрады. Қарызға ақша алған адам да дер кезінде қайтарып отырады. Қыздармен кездесуге барғанда бірінің жоқ киімін бірінен сұрап киіп, шыттай болып шыға келеді. Ананың туфлиі болса, мынаның иіссуы бар дегендей, тату-тәтті күндер өтіп жатады.
Осылай жүргенде пәленің бәрі жоғарыда аталған екеуінен шығады. Жігіттер бір нәрсені сылтауратып үйлерінде дастарқан жаяды, әдеттерінше жүз грамдатып жынды судан ұрттайды. Бір кезде бір нәрсеге келіспей қалған керемет бауыр екі жігіт жанжалдасып, соңы төбелеске айналады. Бір қызығы – еті тірі деген, бәрінің алдында дес бермейтін, күші де басқалармен салыстырғанда басымдау Дастан Дәуренге қол қайтармай тек «ойбай-ойбай» деп айғайлаумен болады. Жігіттер Дәуренді тартқыштап жүріп, сабырға шақырып тоқтатады. Екеуінің де жұлма-жұлмалары шыққанымен, еш жері жараланбаған. Дәуреннің мұрнынан аздап қан кеткен. Кәдімгі ауладағы бұзық ұлдардың төбелесінен айнымайды. Ентіккен жігіттердің демі басылған соң Дастан үндеместен сыртқа шығып кетеді. Қайда бара жатқанын, не істеуге бара жатқанын ешкімге айтпайды. Арада 3-4 сағат өткен кезде жігіттердің жалдап жатқан үйлеріне екі полиция келіп, Дәуренді сұрайды. Дастанның жазған арызы бойынша келген тәртіп сақшылары екен. Асанбаев Дастанды үш жігіт жабылып қатты соққыға алғандары үшін Үсенбаев Дәурен және оның қасындағы төбелеске мүлдем қатысы жоқ екі жігіт ұсталады да, тергеу бөліміне апарылады. Неге екені белгісіз, Дастанның атына жазылған «аяғы сынған», «бел омыртқасы майысқан», «үш тісі қағылған», «оң жақ көзінің қарашығына зақым келген» деген түрлі-түрлі анықтамалар тергеу үстелінің үстінде жатады. Ұсталған үш жігіт аң-таң. Айтқандарының бәрі дәлелсіз. Сол жерде отырған, танымайтын басқа жігіттер лезде Дастанға куәгер бола қалады. Дәурен мен қасындағы екі досын қаралап, төбелестің негізгі ұйымдастырушысы етіп көрсетеді. Ал кінәлі деп табылған үш жігітте өздерін ақтап шығатындай ешбір дәлелдері болмаған соң амалсыздан бәрін мойындауларына тура келеді.
Істің анық-қанығына жеткенше үшеуін уақытша қамауға алып, отырғызып қояды. Бір күн өтісімен оларды уақытша қамауда ұстап отырған полиция жігіт жылмың қағып Дәурен мен оның серіктестерінің қасына келеді де: «Жігіттер, кеңес керек болса, мені тыңдаңдар. Егер мына пәледен аман-есен құтылғыларың келсе, куәгерлердің ауыздарын жаптырыңдар. Сосын олар арызданушымен сөйлеседі де ол арызын бізден қайтып алады. Ең соңында ол да тыныш, біз де тыныш, сендер де істі болмай, аман-есен үйлеріңе қайтасыңдар. Куәгерлердің ауыздарын жаптыру үшін 1 мың, арызды қайтарып алу үшін 2 мың, біз мына жақта арызды қайтарып бергеніміз үшін 1 мың (әрине, барлығы доллармен) берсеңдер жеткілікті», дейді түлкікөздене үш жігітке кезек қарап.
Ешбір шындықпен, әділдікпен өз-өздерін ақтап шығуға үміттері қалмаған жігіттер амалсыздан құтылудың осындай «әділ» жолы туралы ойлана бастайды. Жиыны 4 мың доллар беру керек. Ал бұларда ондай ақша қайдан болсын? Ұялы телефондарын алып жан-жаққа қоңырау шала бастайды. Біздің көрші Асқар соның ішіндегі бір жігіттің Астанадағы нағашы ағасы болған екен.
Асқар қылмыстық істерді тергеудің басы-қасында жүргендіктен, мұндай жағдаймен алғаш рет жолығып тұрған жоқ. Осыған дейін қалаға жаңадан келген талай жас жігіттерді осылайша сорлатқан Дастан сияқты оңбаған алаяқтардың талайын кездестірген. Бірақ оларды кінәлайтын айғақтар табылмаса, бәрі бекер болатыны анық. Өздеріне керек дәрігерлік анықтама қағаздарды таныс-білістері арқылы ақшамен «аяғы сынған», «көзі зақымданған» деп өтірік жаздырып алады да, ауруханада тағы сол таныстарының арқасында шалқиып жатып алады. Ең соңында сорлаған жігіттерден өндіріп алған пайданың бір бөлігін анықтама жазып берген дәрігерге, біраз бөлігін полицияға, тағы біраз бөлігін жалған куәгерлерге, қалғанын өз қалтасына басады. Ақша қолға тиген соң «сынған аяқ» та, «зақымданған көзде» де әп-сәтте қалпына келеді. Содан қармақ құрып, қаланың басқа бұрышынан ауылдың аңқау балаларын іздей бастайды... Осылайша сценарий бойынша жолға қойылған бизнес тағы қайталанады.
Арам тағам татпаған, ер намысын сатпаған қазақтың арлы жігіттері азайып кеткен жоқ па осы?
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.