М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің көптеген студенттері дипломын алғаннан кейін қай жерде және қандай қызметте жұмыс істейтіндігін жақсы біледі. Бұл жұмыс университетте жасалған «жоғары оқу орны - кәсіпорын» серіктестігі арқасында жүзеге асырылады. Осы бағдарламаға сәйкес ОҚМУ-да кәсіпорындар мен университет арасында тығыз байланыс орнаған, яғни өндірістік кәсіпорындар жоғары білікті кадрлар даярлауда үлкен көмек көрсетеді.
Бұл дегеніңіз, жоғары оқу орнын бітіруші әрбір түлектің алдында – жақсы, беделді жұмыс табумен қатар келешекте өзін-өзі қамтамасыз ете алу мүмкіндігі бар деген сөз. Жұмыс іздеп, кәсіпорындар мен мекемелерге бару көп уақытты талап етеді және де жас мамандарды бос орындарға жұмысқа орналастыратын ұйымдар мен компаниялардың басшыларының қабылдауында болудың өзі өте қиын мәселе. Сол себептен, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу мәселелерін жеңілдету мақсатында ОҚМУ-да экономиканың басым секторларын бітірушілерді жұмысқа орналастыру үшін жыл сайын бос орындар жәрмеңкесі өтеді.
Үстіміздегі оқу жылында да М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Жас маман – 2011» бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру жәрмеңкесін өткізді.
Биылғы оқу жылында университетті 80 мамандық бойынша 3294 түлек бітіргелі отыр. Оның 2178-і мемлекеттік грант иегерлері, оның ішінде 493 студент 30%-дық ауыл квотасымен, ал 1116-ы келісім-шарт бойынша білім алып жатқандар.
Бітірушілерді жұмысқа орналастыру үшін бос орындарды анықтау мақсатында жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі басқармаға, ОҚО білім басқармасы мен ауылшаруашылығы басқармасына сұраныс хаттар жіберілген. Педагогикалық мамандықтар бойынша 178 бос орын, техникалық және инженерлік бағыттар бойынша: Казфосфат ЖШС-нен 15, «КазАтомпром» ҰАҚ-нан – 9, ОҚО ауылшаруашылығы басқармасынан агроөнеркәсіптік бағытта – 422 бос орынға сұраныстар келіп түсті.
«Жас маман – 2011» жәрмеңкесі барысында жұмыс берушілер бітіруші түлектерді бос орындар және қазіргі еңбек нарығында қажетті мамандарға қойылатын талаптар мен жас мамандарды жұмысқа қабылдау ережелерімен таныстырды.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде жұмыс берушілерден: педагогикалық бағыттағы мамандықтарға – 84, гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға – 62, экономикалық бағыттағы мамандықтарға – 68, техникалық және технологиялық бағыттар бойынша – 295, жалпы алғанда, жәрмеңке қорытындысы бойынша 509 бос орынға ұсыныс берілді.
Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілер 1000-нан астам бітірушілердің түйіндемелерін іріктеп алды.
Елбасымыздың Жолдауында «Жастар – біздің болашағымыздың негізі, сондықтан олар өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді» делінген. Халықты жұмыспен қамтудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыссыздар санын азайту, олардың тұрақты және нәтижелі жұмыс орындарына ие болуына жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру болып табылады. Еліміздің экономикасы дамыған сайын мемлекеттің әлеуметтік салада ұстанған саясаты да барған сайын тереңдеп, қанатын кеңге жайып келеді.
Осындай басым мүмкіндіктерге ие, терең біліммен қаруланған оқу орнының түлектері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университет қабырғасында ұйымдастырылған «Жас маман – 2011» жәрмеңке көмегімен өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, Қазақстанның өркендеуіне, экономикамыздың өрлеуіне өз үлестерін қосатыны анық.
Сара НАЗАРБЕКОВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқу-әдістемелік басқарма директоры.
Шымкент.