Халық қазынасы саналатын шежіре – белгілі бір халықтың арғы тегі мен таралуын, сондай-ақ бүгінгі ұрпағы хақында сыр шертіп, тарихын баяндайтын танымдық дүние деуге болады. Өз заманының озық ойлы, нұсқалы сөзді шайыры Қарасақал Ерімбет те шежіреге ден қойған. Ол өзіне дейінгі ғұламалар мен тарихшылар, ақындар, ескіден қалған есті сөзге үйір құйма- құлақ шешендердің дерек жазбаларына, өлең жырларына, майын тамыза жеткізетін ауызекі сөзіне, жалпы алғанда, қазақ ауыз әдебиетінің үздік үлгілері мен деректеріне сүйене отырып, қазақ шежіресін хал-қадірінше, шама-шарқынша қағазға түсірген. Ақынның баға жеткісіз бұл еңбегі қазақ әдебиетін зерттеушілер мен жалпы ел арасында «Қарасақал Ерімбет шежіресі», шайырдың өз тілімен айтқанда, «Ата санақ шежіресі» атанды.
Шайырдың өмір сүрген заманындағы қалыптасқан дәстүр бойынша жазылған шежіренің түпнұсқасы автордың өзінде ғана сақталған да, ал оған қызыққандар мен ден қоюшылар қолжазбаны көшіріп алып, қолдан көбейтіп отырған.
Ерімбет шайыр өзінің «Ақтам сахаба» дастанында: «Мен Кіші жүз, Алшын, Әлім, асылым қазақ, бұл кім деп сұраса біреу табылмаққа», – деген өлең жолымен өзінің шығу тегін, қандай атаға жататынын қысқаша тарата келіп, қазақ екенін әспеттеп өтеді. Осы жыр тіркесінің өзінен-ақ, өнегелі өсиет пен насихат жыр-термелері, тынысы кең дастан, қиссалары арқылы сүйікті халқының бойына ізгілік пен адамгершілік нәрін себуді мақсат тұтқан өз заманының жаужүрек батыры, арынды ақыны, ділмар шешені, шежіреші білгірі атанған Ерімбет атамыздың рулық, тайпалық ойлау жүйесі деңгейінде қалмағаны аңғарылады. Бар білгенінше қазақ шежіресін таратуда әділдікті, нақтылықты талап ететін шежіре жанрына барар жолда шайырдың көп ізденіп, оған барынша жауапкершілікпен қарағаны сезіледі. Бұған бала кезінде шайырды көзімен көрген, оның ұлағатты сөзін ұрпағына тынбастан айтып өткен, жүз жасаған Рыстығұл атамыздың өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басында айтқан мына деректері бұлтартпас айғақ.
– Жеті қат аспанды, жұмыр жерді қиялымен шарлайтындай кемел жасқа келгенде шайыр атамыз кейінгіге үлгі болсын деген оймен қазақ шежіресін қағазға түсірген. Әрине, шежіренің Кіші жүз Алшынның он екі ата Байұлы, алты ата Әлім мен Жеті руды, яғни өзінің жетік білетін тұстарына көбірек тоқталғанын, таратқанын жоққа шығаруға болмас. Бірде Ерекең оқығаны мен тоқығанына, естігені мен білгеніне сүйеніп, қағазға түсірген жазбасының үлгісін алып, ел ішінің білгірі атанған Ақылбай ақсақалға іздеп барып жолықса керек.
– Біз жаққа ат ізін сирек салушы едің. Нендей шаруамен жүрсің, Ерімбет? – деп қария сөзге тартады.
– Халық шежіресін қағазға түсірген «шатпағым» бар еді. Соның үйлестіре алмаған тұсын сізге көрсетіп, ақылдаспақ ниеттемін, – дейді ол.
Содан не керек, болашақ шежіренің алғашқы нұсқасы шайырдың өз аузымен оқылады. Бәрін бастан-аяқ тыңдаған дана қарт жазбаның кейбір ескерілмеген тұстарын қостырады, қате кеткен жерлерін түзетеді. Оған Ерімбет те риза болады.
Қарасақал Ерімбет шежіресінің құндылығына қанығу үшін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі Зейнолла Шүкіровтің «Қазақ әдебиеті» газетінің 1992 жылғы 25 қыркүйектегі нөміріндегі танымдық мақаласына жүгінейікші. Онда «Қазақ халқының сауат ашып, жазу-сызуға ден қойған кезі өткен XIX ғасыр, әсіресе, оның екінші жартысы. Халық ортасынан шыққан ғұламалар атасының қайдан тарағанын анықтауға талап қыла бастайды. Бағзы біреулері бұрыннан айтылып келе жатқан аңыздарды өзінше толықтырып, жаңғыртып қазақ шежіресін жасайды. Қарасақал Ерімбет ақынның шежіресінде қазақ, қарақалпақ, түркімен халықтарының арғы тегін Әнес сахабадан таратады екен», – дей келіп, қазақтың шығу тарихы Әнес сахабадан да арыда жатқандығына тоқталады. Біз бұл жерде әр ғасырда өмір кешкен екі ақынның қазақ шежіресіне қатысты білім деңгейін, таным қабілетін салыстырудан мүлдем аулақпыз. Айтпағымыз, халқымыздың шежіресі төңірегінде ой толғаған Зейнолла ағамыздың Ерімбет шайырдың аталған мұрасын басшылыққа алып, іске жарата білгендігі.
Республикалык, «Ана тілі» газеті 1992 жылы шежіре кітапшасын дайындаған тұста Бекарыс, Алшын бірлестігін таратқан сәтінде Қарасақал Ерімбет пен Кердері Әубәкір шайырлардың қалдырып кеткен шежірелеріне көбірек сүйенген. Апталық қаламгерлері: «Жамбыл облысы, Құланды стансасынан Жұбатқан Өтегенов ақсақал жіберген шоғыр-шоғыр шежірелер арқылы біз шайыр Қарасақал Ерімбеттің қолжазбасымен танысуға мүмкіндік алдық,» – деп ағынан жарылады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді,» – деген қанатты ұғым осы болса керек. Қазалылық білгір шежіреші Өмірзақ Ахметов ағай өзінің «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» атты танымдық кітабында Ерімбет шайыр шежіресін ілтипатпен еске алады. Бұл турасында автор: «Сыр өңіріндегі шежірені – Қарасақал Ерімбеттің, қырдағы шежірені – Құламан Былшықтың шежіресі деп атаған. Әсіресе, Ерімбеттің шежіресі халық арасынан қолдау тауып, осы уақытқа дейін үлкен кісілер:
– Шіркін, Ерімбеттің шежіресін айтсайшы, керуеннің көсіліп жатқан даңғыл жолындай еді-ау, – деп әлі күнге дейін көксейді. Шамасы, Ерімбет шежіресі – халықтың көңілінен шыққан сәтті жазылған шежіре болса керек. Өйткені, бұл шежіреге ешкім қарсы дау айтпаған», – дей келіп, оның қыр-сырына кеңірек тоқталады. Ал қазалылық байырғы ұстаз Қалибек Бекетовтің «Қазағымды, Қазалымды жырлаймын» кітабында Самарқанды билеген, қазақ даласын жат дұшпандардан қорғауға өлшеусіз үлес қосқан Жалаңтөс баһадүрдің шығу тегі мен ұрпағын Қарасақал Ерімбет шежіресі негізінде таратқан. Сондай-ақ, Асан Досжанов жасаған аудармасындағы орыстың тарихшы ғалымы И.В. Аничковтың 1894 жылғы «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» кітапшасында (Алматы, «Терме» бірлестігі, 1991 жыл) Ерімбет шайыр шежіресі ауызға алынады. Танымал тарихшы Хамит Мадановтың кітабында да Ерекеңнің шежіресіне көбірек орын берген.
Түйіндей келгенде, нар тұлғасына Алла сыйлаған қабілет пен дарынды шебер тоғыстыра білген Ерімбет шайырдың құндылығы артпаса кемімейтін қазақ тарихына, халқымыздың негізін құрайтын іргелі аталарды қолдың саласындай етіп келістіре таратқан шежіресі тарихымыз бен әдебиетіміздің мүддесі үшін алдағы күндерде де қызмет ете береріне кәміл сенімдіміз. Шайыр Жекей қызбен айтысында алты ата әлімнің екі ұлы Қарасақалға және өзіне анықтама берген тұста:
Әлімде алты жүйе, бес шекті көп,
Айтатын әдетім жоқ сөзімді ептеп,
Екеуі алты әлімнің қарасақал,
Ішінде бізді айтады сарыбасы, деп, - сыр ақтарады. Сонымен қазақ шежіресінің бастау алып, өркен жаюына өз үлесін қосқан Ерімбет шайырдың кейінгі ұрпаққа қалдырған бұл асыл мұрасы құндылығымен ерекшеленуімен қатар, оның бойындағы дарынының молдығы мен сан қырлылығын айғақтаса керек.
Қараша ҚАРАМАН, журналист.
Алматы облысы,
Қаратал ауданы.