Жуырда Федор Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы ашылды. Бұл Павлодар және Омбы облыстарының басшылығы арасындағы достық байланыс арқылы жүзеге асты. Көптен күткен орталықтың ашылу рәсіміне Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, өнерлі студент жастар қатысты. Айтқанындай-ақ, салтанатты ашылу рәсіміне жиналған омбылық қазақтарды олар сағынышты ән мен күйге бөледі. Ф.Достаевский атындағы университет проректоры Владимир Половинко мен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Ерлан Арын қазақ тілі мен мәдениеті орталығының тұсауын кесті. Е.Арынның айтуынша, бұл еліміздің, қазақ халқының тәуелсіздік алуының 20 жылдығы қарсаңында шетте жүрген қандастарымыз үшін жасалған алғашқы жарқын бастама, ал, алдағы уақытта қазақ тілі мен мәдениеті, әдебиетіне арналған басқа да жақсылықтар қолға алынбақшы. Ал, Ресейдің Омбыдан басқа өңірлерінде де қалың қазақ тұратынын ескерсек, осындай орталықтардың олардың да ортасын толтырып, қуанышқа толтыруы әбден керек-ақ.
Сөйтіп, оқу орнында ашылған қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы Омбы қазақтарының басын қосатын ортаға айналмақ. Бүгінгі таңда Омбы облысында жүз мыңнан аса қазақ тұрады. Ал, қазақ тілі қазақ үшін қай жерде жүрсе де қастерлі. Сондықтан, басқа жерлерде жүрген қандастарымыз үшін қазақ тілді ортаның қалыптасуы, ана тіліміздің сақталуы, қажеттілігі заңдылық. Орталыққа Омбы облысындағы қазақ автономиясы жастарының көшбасшысы Бауыржан Тыныс жетекшілік жасайды.
– Қазақ тілі мен мәдениеті орталығына жетекшілік ету үлкен сенім. Қазірдің өзінде орталыққа өз қазағымыз көптеп келуде. Ана тілінде сөйлеп, ән айтуға қызыққан жастар да көп. Ерлан Мұхтарұлына рахмет айтамыз, – дейді ол.
Орталыққа Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте жарық көрген тарихи, әдеби кітаптар әкелінді. Төрде Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің суреттері мен нақыл сөздері ілінген. Қазақ тілінің әліппесі, мемлекеттік рәміздер, еліміздегі қалалар жайлы деректер де жеткілікті. Қазақ тілінде шыққан деректі, тарихи, көркем фильмдер де бар.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.