19 Мамыр, 2011

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА: «Қазақстан – әлеуметтік бағыттағы мемлекет»

404 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылы еліміздің тәуелсіздікке ие болғанына 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында Қазақстан демокра­тия­лық саяси жүйесі құрылған, азаматтық қоғамы жылдан-жыл­ға даму үстіндегі либералды нарық экономикасы бағы­тын ұстаған әлемдегі табысты әрі мығым мемлекеттердің бірі ретінде қалыптасып үлгерді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы күннен бастап стратегиялық бағытты дұрыс айқындап, осы бойынша жедел де жүйелі жұмыстар жүргізуінің нәтижесінде әлемдік қауымдастық танып мойындаған көшбасшы елдердің қатарынан да көріне бастадық. Қазіргі күні өмірдің әр саласында жүргізілген реформалардың нәтижесі өз жемісін көрсетіп келеді. Сондай реформалардың бірі әлеуметтік салаға да тән. Осы сала бойынша қандай өзгерістер жүрді? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВАМЕН әңгіме осы мәселе төңірегінде өрбиді. – Гүлшара Наушақызы, еліміздің әлеуметтік саласында тәуелсіздік алғаннан бері қандай өзгерістер болды? Осы туралы айтып берсеңіз? – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік саладағы саясатының басты мақсаты ха­лықтың тұрмыс жағдайын, өмір сапасын тұрақ­ты түрде арттырып отыруға негізделгені белгілі. Осы­ған орай халықтың әлеуметтік жағдайын қор­ғау және оны мемлекет тарапынан түрлі шаралармен қолдап отыру еліміздің ішкі саясатының ба­сым бағыттарының бірі ретінде қалыптасып отыр. Егер әлеуметтік саланың даму кезеңдеріне назар аударатын болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында бұрынғы Кеңес одағының ыдырап, қалыптасқан шаруашылық байланыстардың үзі­луі­не байланысты ауыр жағдайдың қалыптас­қан­ы ­еске түседі. Мұның өзі халықтың санына да елеулі әсер етті. Ел тарихының әртүрлі кезеңдерінде сырт­тан келіп орналасқан басқа ұлт өкілдерінің өздерінің тарихи отандарына қарай бет түзеуінің белең алуының ықпалымен осы жағдай ел ішіндегі жаппай жұмыссыздықтың етек алуы, халықтың нақты табысының азаюы, өмір сапасының төмен­деуі секілді үдерістермен қабаттаса жүрді. Мәсе­лен, 1990 жылмен салыстырғанда 1995 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 38,6 пайызға, халықтың нақты ең­бекақы­сының көлемі 69,9 пайызға, тағайын­дал­ған зейнет­ақылардың көлемі 77,3 пайызға төмендеп кетті. 1991-2001 жылдар аралығында 2,5 миллионға жуық тұрғын елден кетті. Қазақстаннан сыртқа кеткен халықтың басым бөлігін еңбек жасындағы адамдар құрады. Мұның өзі еңбек рыногының жағдайына да елеулі әсер етті. Жұмыс істеушілер азайып, жасы еңбек жасынан асқан немесе еңбекке жарамсыз адамдар саны көбейе түсті. Халықтың та­биғи өсімі де төмендеді. 1975-1990 жылдар ара­лы­ғында осы табиғи өсімнің, яғни туудың өлуден асып түсуінің есебінен халық саны жылына 233-294 мың адам аралығында өсіп отырса, 1998 жылы бұл көрсеткіш 3,2 есе азайып, бар болғаны 68,1 мың адамды құрады. Мұнан кейінгі жылдары та­биғи өсім қайта күшейіп, 2010 жылы оның көр­сет­кіші 220,3 мың адамға жетті. Мұның сыртында шет елдерде жүрген қандастарымыз елге орала бас­тады. Осындай оң үдерістердің нәтижесінде ха­лықтың саны 1990 жылдардағы деңгейге қайта жетіп, қазіргі күні 16,4 миллион адамды құрап отыр. Халық санының қайтадан өсуіне ең бірінші кезекте елімізде жүргізілген тиімді экономикалық саясаттың ықпалы зор болғандығы белгілі. Тәуел­сіз­дік жылдарының алғашқы сәтінен бастап Ел­ба­сы­мыздың «алдымен – экономика, содан кейін – сая­сат» деген қағиданы басшылыққа алып, жұмыс істегені белгілі. Осының нәтижесінде Қазақстан эко­номикасы тез көтерілді. Бұл әлеуметтік сала­ның жақсаруына да айтарлықтай ықпал етті. Мәсе­лен, экономикамыз жақсара бастаған соңғы 11 жылдың ішінде зейнетақының төменгі көлемі 3500 теңгеден 24047 теңгеге дейін өсіп, 7 есе, орташа зейнетақы көлемі 4462 теңгеден 36 205 теңгеге дейін жетіп, 8 есе, ал жоғары деңгейдегі зейнетақы көлемі 8156 теңгеден 52226 теңгеге дейін өсіп, 6,4 есе артты. Осы аралықта халықтың жан басына шаққандағы табысы да бірнеше есе өскендігі, халықтың әлсіз топтарын қолдайтын түрлі әлеуметтік төлемдердің іске қосылғандығы белгілі. Осылардың нәтижесінде Қазақстан қазіргі күні тек Орталық Азияда ғана емес, ТМД көлемінде халықтың әлеуметтік жағдайы тұрғысынан көш басындағы мемлекеттердің қатарында келеді. – Жоғарыда зейнетақы көлемінің елеулі дең­гей­де артқандығын айттыңыз. Мұның өзі осы са­ла­дағы әлеуметтік реформалардың нәтижесі екен­­дігі түсінікті. Осы ретте еліміздің зейнет­ақы жүй­есінде жүргізілген өзгерістерге тоқтала кетсеңіз. – Кеңес одағы кезінде зейнетақының негізінен бір ғана жүйесі – ынтымақты зейнетақы жүйесі болғаны белгілі. Ол кәсіпорындардың зейнетақы қорына аударған жарналарының есебінен құра­ла­тын. Еліміз тәуелсіздікке ие болған кезде жарна ауда­ратын кәсіпорындар санының күрт төмендеп кетуіне және еңбекақы төлеудің азаюына байла­ныс­ты бұл жүйе дағдарысқа түсті. Оның үстіне 1990-1995 жылдар аралығында еліміздегі зейнеткерлер саны да 2412 мың адамнан 2980 мың адам­ға дейін өсіп, зейнетақы қорына түсетін жүктеме­ні елеулі түрде арттырып жіберген болатын. Осыған орай 1997 жылы еліміздің зейнетақы жүйесіне реформа жүргізілді. Ол Қазақстанда ха­лық­ты әлеуметтік қорғау жүйесін көп деңгейлі ету­ге бағытталды. 1990 жылы 1 қаңтардан бастап, елімізде қабылданған «Қазақстан Республикасын­да зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңға сәйкес зейнетақымен қамтудың аралас жүйесі іске қосылды. Осы жүйе бойынша зейнетақы төлеудің мемлекеттік бөлу және жинақтау жүйелері пайда болды. Олар халықты зейнетақымен қамтудағы жауапкершілікті мемлекетке, жұмыс берушіге және жұмысшының өзіне бөліп жүктеді. Осы реформаның ықпалымен қазіргі күні елімізде зейнетақымен қамтудың төрт деңгейі қа­лыптасып отыр. Бірінші деңгей адамның зейнет жасына то­луы­на байланысты оның еңбек өтілінің немесе басқа да қалыптасқан табыс көзінің болу-болмауына қа­рамастан мемлекеттің беретін базалық зейнет­ақы­сын білдіреді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері Президенттің 2005 жылғы 18 ақпандағы халыққа арнаған Жолдауындағы талаптарға бай­ла­нысты 2005 жылдан бастап іске қосылған болатын. Осы жылы базалық зейнетақы төлемінің көлемі 3000 теңгені құраса, 2011 жылы ол төменгі күн­көріс деңгейінің 50 пайызына дейін жетіп, 8000 теңгені құрап отыр. Енді Қазақстанның 2020 жыл­ға дейінгі стратегиялық даму шараларының аясында бұл базалық зейнетақы көлемі 2015 жылы төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына, ал 2020 жылы 75 пайызына жететін болады. Сөйтіп, бірте-бірте бұл зейнетақының көлемін төменгі күнкөріс деңгейіне жеткізу міндеті қойылып отыр. Зейнетақымен қамтудың екінші деңгейі мемлекеттік бюджеттің есебінен төленетін ынтымақты зейнетақыларды құрайды. Мұндай зейнетақыны 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 айлық еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Елбасының 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақ­стан азаматтарының тұрмыс жағдайын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жол­дауының аясында ынтымақты зейнетақының көле­мі 2009 жылы 25 пайызға, 2010 жылы 25 пайызға, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға өсірілді. Бұл осы жүйедегі барлық зейнеткерлер­дің, соның ішінде әскери қызметте болған зейнет­керлердің зейнетақыларының артуына ықпал етті. Осының нәтижесінде қазіргі күні мұндай зейнет­ақының төменгі деңгейі 24047 теңгені, орта дең­гейі 36205 теңгені, жоғары деңгейі 52226 теңгені құрап отыр. Зейнетақымен қамтудың үшінші деңгейі адам­дар­дың жинақтаушы зейнетақы қорларында өз­дері­нің төлем жарналары арқылы қалыптастырған міндетті зейнетақылардан тұрады. Зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі реформа басталған кезден бастап жинақтаушы зейнетақы қорларынан қазіргі күнге дейін 201 миллиард теңгенің зейнетақы төлемдері төленді. 2011 жылдың 1 қаңтарында осындай жұмыс істейтін 13 қор бар. Олардағы жинақталған зейнетақы жарналарының көлемі 1994 жылғы 23,5 миллиард теңгеден 2011 жылғы 1 қаңтарда 2,3 триллион теңгеге дейін өсіп отыр. Жүйе бойынша 8 мил­лионға жуық азаматтың зейнетақы жинақтау жө­ніндегі жеке есеп-шоты тіркелген. Яғни, бұл жүйе азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етудің берік тылын қалыптастырды деп айта аламыз. Зейнетақымен қамтудың төртінші деңгейі жи­нақ­таушы зейнетақы қорларында қалыптастырыла­тын кәсіпорындардың ерікті зейнетақы жарна­лары­нан тұрады. Мұның мәнісі елімізде еңбектің сандаған түрлерінің ішінде денсаулыққа жағымды- жағымсыз әсер ететін ауыр немесе қауіпті түр­лері­нің болатыны да белгілі. Өйткені, әрбір кәсіптің өзіндік қыры мен ерекшеліктері болады. Міне, осын­дай еңбекпен шұғылданатын кәсіпорындар өздерінің табыстарының есебінен жұмысшы­лары­ның атына ерікті зейнетақы жарналарын аударып отырады. Қазіргі күні елімізде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын құрайтын еңбектің 33 түрлі бағыты қалыптасып отыр. Оларға 2 мыңға жуық кәсіп пен қызмет түрлері кіреді. – Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі де жұмыс істеп келе жатқандығы белгілі. Осы туралы да қысқаша айта кетсеңіз. – Бұл жүйе Қазақстанда 2005 жылдың 1 қаң­тары­нан бастап іске қосылған. Ол еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша түрлерінің бірі болып табылады. Бұл жүйеге қосылған қызмет­кер­лер үшін жарнаны негізінен жұмыс берушілер әлеу­меттік төлем ретінде аударып отырады. Мұн­дай аудармаларды жинақтайтын Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тан­дырудың қоры жұмыс істейді. Қорға аударылатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңмен белгіленеді. 2001 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойын­ша бұл қорда қазіргі күні 265,1 миллиард теңге қаржы жинақталған. Бұл көрсеткіш 2006 жыл­ғы­дан 19,8 есе көп екендігін айта кетсек артық болмас. Сонымен еліміздің тәуелсіздік жылдарынан бас­тап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғаудың халықаралық стандарттармен сай келетін нарық экономикасының жағдайына бейімделген талапқа сай жүйесі құрылып отыр деп сеніммен айтуға болады. – Енді халықты еңбекпен қамту мәселе­ле­рі­не тоқтала кетсеңіз. – Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында эко­но­ми­када құ­ры­лымдық өзгерістердің жүруі­нің, бұ­рын­ғы шаруашылық бай­ланыстардың үзілуінің әсе­­рінен, жоғарыда айтқаны­мыз­­дай, көптеген кә­сіпорын­дар­дың аса қиын халге душар бол­ған­дығы,  бұрынғы кеңшар, ұжым­шар жүйелерінің ыды­рауы­на байланысты ауыл­дағы көп ха­лықтың жұмыссыз қал­ғандығы белгілі. Негізінде олар жұмыс­сыз емес еді. Та­ра­ған кең­шарлар мен ұжым­шар­лар­дан тиісті үлес оларда еңбек еткен әрбір адамға таратылып берілген болатын. Бірақ халық­тың нарық экономикасы жағ­дайында жұмыс істеуге бейімі болмағандықтан қолға тиген осы үлесті жаппай сатуға шығарып, ауылдағы мал-мүлік саны да күрт төмендеп кетті. Осыдан халық біраз қиындықты бастан кешті. Мұнан кейінгі жылдары ауылда жеке меншікке негізделген шаруашылық жүйелері дами бастады. Бірақ әзірге олар ауыл халқын тегіс жұмыспен қамти алмай отыр. Сондықтан қазір оны ауылда қолдарындағы мал-мүлік пен жер телімдеріне сүйеніп өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар саны көптеп саналады. Қазіргі күні экономикамыздың дамып, мемле­кет­тің күш-қуатының артуына байланысты Елбасы Үкіметтің алдына халықты еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясын әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Осының негізінде «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасы әзірленді. Оның негізгі мақ­саты тұрақты және өнімді жұмыспен қам­ты­луды ұйымдастыру арқылы халықтың табысын арт­тыру болып табылады. Соңғы уақыттары бұл бағ­дарлама туралы баспасөз беттерінде көп жазы­лып жатыр. Сондықтан бағдарламаның бағыттары ту­ралы қысқаша айтатын болсам, ол іске қосыл­ғаннан кейін ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қам­ты­ған адамдар саны айқындала отырып, жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру, осындай жерлерге ха­лықты жұмысқа тарту мәселелері бірте-бірте шешімін таба бастайды. Елімізде қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы­ның аясында ғана тек өткен жылдың өзінде 152 жаңа жобаның іске қосылғандығы белгілі. Жұмыс­сыз халық осындай жаңадан ашылған өндіріс орын­дарына тартылатын болады. Әрине, ол үшін ең алдымен жұмыссыздардың, әсіресе, ауыл жас­та­рының арасынан бағдарламаға қосылуға тілек білдірушілерді алдын-ала мемлекет есебінен оқы­ту, сонан кейін оларды қалауына байланысты тиісті жерлерге көшіп келуіне қолайлы жағдай туғызу, жаңа жерлерге бейімдеу секілді шаралар қолға алынады. Сондай-ақ халықтың тұрған жерінің өзінен өз ісін ұйымдастырамын деген адамдар үшін жеңілдікті несие беру және кәсіпке баулу арқылы жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бағдарламаның тағы бір үлкен мәні – еліміздегі кедейлік деңгейін төмендету. Оған қол жеткізудің тиісті өлшемдері әзірленген. Мәселен, кедейліктің қазіргі деңгейі немесе ел халқының ішіндегі кедей адамдардың үлес салмағы 8,2 пайызды құрайтын болса, 2016 жылға таман оны 6 пайызға дейін тө­мен­дету көзделіп отыр. Сондай-ақ осы аралықта елі­міздегі жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызға дейін, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықтың үлесі қазіргі 33,3 пайыздан 26 пайызға дейін төмен­дейтін болады. Ал еңбек өнімділігін бағдар­ла­ма аясында 20 пайыз арттыру арқылы қол жеткізіледі. Қазақстан қазірдің өзінде халықты әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесінде халықаралық деңгей­де мойындалған жетекші елдердің біріне айналды. Бізде осы бағыттағы көптеген халықаралық шаралар ұйымдастырылуда. 2010 жылдың 7-8 маусымы аралығында «Дағдарыс жағдайында әлеуметтік қамту» тақырыбында халықаралық конференция өткізілген еді. Оған еліміз Парламентінің депу­тат­тары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың өкілдері қатысуымен қатар, халықаралық ұйымдардың бір­қатар басшылары қатысты. Олардың барлығы Қа­зақ­станда дағдарыс кезінде жүзеге асырылған ша­ра­лардың барлығын мақұлдап, оны халықаралық деңгейдегі тәжірибе ретінде атап көрсетті. Сонымен қорыта айтқанда, тәуелсіздік жыл­дарын­да еліміз халықтың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуде көптеген жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде елімізде 750 жаңа мектеп, 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары са­лын­ды. 5302 мектепке дейінгі мекемелер, 1117 бала­бақ­ша мен 4185 орталық ашылды. Кейінгі 10 жыл­дың өзінде орташа айлық жалақы бес жарым есе, зейнетақының орташа көлемі 4 есе өсті. Осындай шаралардың нәтижесінде өткен жылғы жүргізілген әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан ұлт­тық әл-ауқат деңгейі жөнінен 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасында 50-орынға табан тіреді. Қазақстан ха­лықаралық қауымдастық арасында экономикасы жылдан-жылға нығаю үстіндегі әлеуметтік бағыт­та­ғы мемлекет ретінде танылды. Бұл аз жетістік емес. Ал қазіргі жүзеге асырылу үстіндегі, сондай-ақ енді іске қосылғалы отырған мемлекеттік бағдарламалар­дың аясында атқарылатын шаралар нәтижесінде бұл көрсеткіштердің одан әрі жақсара беретіндігі анық. Баршамызға белгілі, бүгінгі таңда Қазақстанда барлық салалар бойынша жан-жақты модернизациялау қолға алынуда. Халықты әлеуметтік қорғау мәселесіндегі маңызды тұстардың бірі әлеуметттік тұрақтылықты арттыру және масылдықты еңсеруге және атаулы әрі тиімділікке бағытталған әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру. Тіршіліктің сапасы мен деңгейін әлемдік стан­дарттарды ескере отырып арттыруға бағытталған әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсыр­ма­ла­рын жүзеге асыру бойынша ауқымды әрі жүйелі істер жалғасын таба береді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.