Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов біздің елімізге Орталық Азия елдеріне турнесі аясында келген БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі Хелен Кларкпен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы өзара ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін, олардың әрі қарай даму болашағын, атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның өткен жылы Қазақстанға жасаған сапары шеңберінде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын талқыға салды.
Е.Қазыханов Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері БҰҰ Даму бағдарламасымен жемісті ынтымақтасып келе жатқандығын, сондай-ақ біздің елімізде жүзеге асып отырған жаңа жобалар мен бағдарламаларды барынша тиімді жүзеге асыру жөнінде Қазақстан үкіметінің басымдықтары мен БҰҰ көзқарастары толықтай сай келетіндігін атап өтті. Осы орайда, қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы «біздің БҰҰ-мен өзара байланыстарымызды қайта қарастырып, оларды жаңа стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізу» қажеттігін айтты.
Е.Қазыханов сондай-ақ өзара ықпалдасуға Қазақстанның Алматы қаласын көпжақты дипломатияның суб-аймақтық орталығына айналдыру жөніндегі жоспарларын жүзеге асыруы негіз болып отырғанын атап өтті. «Алматыға Вена, Женева және Бангкок секілді БҰҰ аймақтық орталығы атауын бейресми түрде беру аймақтық және суб-аймақтық жобаларды жүзеге асыруға және аймақтық ынтымақтастықтың нығаюына, Орталық Азия халықтарының әл-ауқатына оң ықпалын тигізер еді», деп атап өтті Е.Қазыханов. Ынтымақтастықтың айқын көрсеткіші ретінде Семей өңірін дамыту бірлескен бағдарламасы мысалға келтірілді, осыған орай Семей өңірін қайта жаңғыртуға БҰҰ Даму бағдарламасының қосып отырған үлесі үшін Х.Кларкқа алғыс айтылды.
Х.Кларк өз сапары аясында ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұрасына кіретін және БҰҰ Даму бағдарламасымен су-батпақ жерлер мен дала экожүйесін сақтау жобасы аясында соңғы жылдары қолдау тауып келген Қорғалжын табиғи қорына барып қайтты. Ертең ол біздің еліміздің басшылығымен кездесуді, сонымен қатар, «Қазіргі замандағы және Қазақстандағы Әйелдер-көшбасшылар» атты панельді пікірталасқа қатысуды жоспарлап отыр.