Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов біздің елге алғаш рет ресми сапармен келген өзінің малайзиялық әріптесі Дато Шри Анифа Аманмен кездесу өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесу аясында екіжақты ынтымақтастық және Қазақстан мен Малайзияның халықаралық қоғамдастық пен ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастығының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы «Біздің елдеріміздің арасындағы саяси үнқатысу дамуының маңызды кезеңі болып Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылғы Малайзияға жасаған ресми сапары табылады», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, жоғары деңгейдегі кезекті кездесуге дайындық мәселелері қарастырылды. Аталған кездесу Малайзия Премьер-министрі Наджиб Тун Абдул Разактың Қазақстанға жауапты сапары аясында маусым айында жасалады. Сонымен қатар, сол сапар шеңберінде Разактың 7-ші Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумына да қатысуы жоспарланған.
Сауда-экономикалық салаларды қарастыра отырып, тараптар Қазақстан мен Малайзия арасындағы іскер қатынастар деңгейі барлық әлеуетке сай келмейтіндігін атап өтті. Осылайша, екіжақты тауар айналым көрсеткіші 2010 жылы 77,6 млн. долл. құраған болатын. Дипломатиялық мекемелер басшылары айтып өткендей, бұл әлеуетті белсендірек қолданған жағдайда ынтымақтастықты одан әрі дамытып, жаңа мүмкіндіктер ашып, мүлдем жаңа деңгейге шығаруға әбден болады.
Қазақстанның алдағы Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалығына тоқтала келе, министрлер аталған ұйым шеңберіндегі өзара ынтымақтастық мәселелерін де талқыға салды. Осы орайда Е.Қазыханов Астананың осы беделді ұйымның дамуына өзіндік «модернизациялық» үлес қоспақ ниетін жеткізді.