20 Мамыр, 2011

Даладағы дауыл

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ел арасында: «Қызылордада жел жылына екі-ақ рет тұрады. Алты ай оңтүстікке, алты ай солтүстікке қа­рай», деген әзіл бар. Әзіл түбі – зіл. Байқоңырдан зымыран ғарышты бетке алған сайын Ақмешіт атыра­бының қойны-қонышын жел аралап кетеді. Одан бөлек, жазық дала жын­ды желдің мекені де. Сон­дықтан Қы­­зылорданың табиғат ерек­шелі­гі­не сай, аракідік долы дауылдың соғып тұруы заңдылық. Дегенмен, бұрнағы күні болған желдің тұрқы бөлек. Алдымен са­йын даланың төбесін ала бұлт тор­лады. Бұлт қоюланған сайын уіл де арта түсті. Жаңбыр сіркірей бергенде, дүлей дауылдың баста­лып кеткені. Жалпы, Ақмешіт ай­ма­ғында желдің бұлтты жерге там­шысын тамызбай қуып кете беретіні бар. Дәл сол күні Шиелі ауданында жүр едік. Бір сәттің ішінде шаңнан тү­нек басты да қалды. Жел адам­дар­ды алды-артына қарамастай етіп қуып, үйді-үйіне тығып тынды. Айналасы, жарты сағаттың ішінде алақұйын ауыл-ауылды аралап, жо­лында кездескендерді «құша­ғында» ала кетті. Талай үйдің шатыры ұшты. Мал қоралар ықтасынсыз қалды. Дегенмен, долы дауылдың шамасы бұлтты қуып кетуге келмеді. Жаңбыр жауды. Содан соң жер де, аспан да жадырап сала берді. Енді, ресми деректерге кезек берейік. Шиелі ауданында сол күні соқ­қан желдің қуаты секөнтіне 25 және одан да жоғары метр жыл­дамдықта болыпты. Соның салдарынан ауданда апатты жағдай орын алған. Трансформаторлар құлап, жарық өшкен. Ағаш сынған. Үйлердің шатыры ұш­қан. Шиелі кенті, Ақмая, Алмалы, Ақ­тоған, Бестам, Гигант, Еңбекші, Жа­ң­атұрмыс, Жуантөбе, Жақаев, Ор­тақ­шыл, Нартай, Телікөл, Қодаманов ауылдарының тұрғындары дүлей дауылдың кесірін тартқан. Арнайы есеп бойынша, 482 жеке тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысанға зақым келген. 11 000 метр жарық сымдары үзіл­ген. 166 электр бағаналары құ­лап, 11 байланыс жүйесінің бағанасы істен шыққан. Дауылдың күші осыдан анық сезілгендей. Бастысы, адам шығыны жоқ. Тұрғындар дін-аман. «Бас жарылса, бөрік ішінде», дейтін қазақпыз ғой. Қалған шығын орнын табар. Ауданда орын алған апатты зерттейтін төтенше жағдайлар ко­миссиясының отырысы жедел түрде шақырылды. Сонымен қа­тар, апат әкелген шығынды есептейтін жұмыс тобы құрылды. Атал­мыш топтың есептеуі бо­йын­ша, апат салдарын тартқан ны­сандарды қайта қалпына келтіру үшін жобамен 38442365 теңге қа­жет екен. Бүгіндері ауданда ны­сан­дар мен электр және байланыс жүйелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Табиғат-ана сол күні бір мінез танытты. Жалпы, кейінгі кездері та­биғаттың тосын құбылысы кө­бейіп бара жатқан сияқты. Жайы­ғыңыз ар­насынан асты. Алматыңыз бір күнде алты рет сілкініп, басылды. Сырдың бойын дүлей дауыл аралап кетті. Осындайда мынадай ой келеді: «қа­зақы ырыммен тасаттық беріп, құр­бан шалып қойса қайтеді екен?!». Әйтеуір, мұның бәрі бекер емес екені анық қой... Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы.