Бірнеше жылдан бері екі отбасын шексіз қайғыға душар еткен қылмыстық істің беті ашылғандай болғанын күні кеше бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-білген ел-жұртымыз дүр сілкінді. «Нұрбанктің» топ менеджері қызметін атқарған Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің ізім-ғайым жоғалғаны, оларды іздестіруге құқық қорғау саласының қызметкерлері қаншама тер төккені мәлім. Бұл қылмыс Әлиев, Кошляк, Мұсаевтың басшылығымен және басқалардың қатысуымен жасалғаны белгілі болды.
Еліміздің Ата Заңында әрбір адам өмір сүруге құқылы делінген. Ендеше, осы оқиғаға баға беру барысында заңымызды құрметтемейтін, жеке басының пайдасы үшін қандай істен болсын тартынбайтын қатыгездердің бар екенін білген сайын оларға деген ыза-кегіміз еселене түседі.
Бас прокуратура ресми өкілінің мәлімдеуіне қарағанда, Алматы қаласының тау бөктеріндегі «Қазтелерадионың» қоймалар базасының аумағында асқан айуандықпен өлтірілген екі адамның мәйіті табылыпты. Жақын туыстарының айғақты дәлелдемелеріне қарағанда, бұл мәйіттер із-түзсіз жоғалып кеткен Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіті деген жобаға сәйкес келеді екен.
Мен өзім бар саналы ғұмырымды құқық қорғау саласында, оның ішінде прокуратурада өткерген адаммын. Сондықтан да мұндай мәлімдеме жайдан-жай жасалмайтыны белгілі. Демек, әріптестерімнің ізденістеріне жоғары баға берем. Ал өзінің туған елінде бас пайдасының қамы үшін жан түршігерлік қылмыс жасап, содан кейін шет мемлекетте бой тасалап жүрген қолы қанды адамдарға енді не деуге болады. Қазақстан соты Әлиев, Кошляк, Мұсаев, Сапожников, Имашевқа кезінде сырттай тиісті жаза белгілеген болатын. Енді қылмыс толық дәлелденетініне сенімдімін. Сондықтан, Австрияның аумағында сот төрелігінен жалтарып, істеген қылмыстары үшін жазаланбай жүрген оларды елге қайтарып, әділ үкім шығарылғанын қалаймыз. Сонда бұл өзгелерге де сабақ болар еді.
Талап ҚАЛИАКПЕРОВ, аға әділет кеңесшісі, Алматы облысының құрметті азаматы.
Алматы облысы.