Осыдан тура 20 жыл бұрын, Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдың өзінде-ақ атажұртты аңсаған алыс шеттегі ағайынның көш басын елге қарай бұруы табиғи заңдылықтан туындаған әрекет еді. Сол жылдары алыстағы ағайынның елге оралуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы шешуші рөл атқарғаны белгілі. Ол кісі егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ тарихтың қилы кезеңдерінде тағдыр тауқыметін арқалап, тарыдай шашырап кеткен туған халқын атамекенге оралуға шақырды. Ал атамекенде өмір сүріп жатқан ел алыстан келер ағайынға ыстық құшағын айқара ашты.
Осының барлығы да сол бір етек-жеңімізді жисақ, еңсемізді көтеріп, егемен ел болсақ деген ортақ мүдденің қамы еді.
Алғашқы көшті Моңғолияда тұратын қазақтар бастады.
Сәл шегініс жасай отырып, тарихқа көз жүгіртсек, Моңғолия жеріне қазақтар алғаш XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қоныстана бастаған екен. Сол кездері Моңғолияның Қытаймен шекаралас батыс өлкесіне (қазіргі Баян-Өлгий аймағының жері) қоныстанған қазақтардың саны біртіндеп көбейеді де, сол жерге біржола тұрақтап қалуды мақсат еткен қазақтар ХХ ғасырдың басында моңғолдың Богд ханына өтініш білдіріп, ресми келісімін алады. Сөйтіп, Моңғолияның батыс өлкесіне қоныс тепкен қазақтардың соңынан Өр Алтайдағы ағайындардың көші біртіндеп жалғаса береді. 1920-1940 жылдары сол кездегі Қытайдың Гоминдан үкіметінің қыспағынан зобалаң көрген жұрттың бір бөлігі тұтастай ауа көшіп, Моңғолияның батыс өлкесіне біржола орналасып қалады. Кейінірек, 1940 жылы моңғол мемлекеті қазақ ұлты өкілдерінің өтініші бойынша ресми түрде қазақ ұлттық аймағын құрып, олардың ұлттық мәдениеті мен салт дәстүрінің, тілі мен дінінің сақталып қалуына, әрі қарай дамып өркендеуіне үлкен мүмкіндік жасап берді. Сонысы үшін де бүгінгі ұрпақ моңғол мемлекетіне дән риза. Себебі, ол кезде Қытайдан қыспақ көрген қазақтарда атамекенге келетін мүмкіндік болмады. Ол кезең бәрімізге белгілі, қызыл империяның қылышынан қан тамып, шеттегіні қойып, атамекенде отырған халықтың өзі төңкеріс пен аштықтың кесірінен қырылып жатқан кез еді.
Ал Моңғолияға қоныс тепкен қазақтар сол елде бір жарым ғасыр уақыт бойы дерлік бейбіт өмір кешті деуге болады (1937-1940 жылдарғы сталиндік репрессия ұшқыны және сол кездегі жапон басқыншыларының шабуылы халыққа жаппай қантөгіс әкелген жоқ еді). Сондықтан да Моңғолияны мекен еткен қазақтардың саны әжептәуір өсті. Әл-ауқаты да жақсара түсті. Қазақстанмен рухани қарым-қатынаста болды. Соның арқасында ұлттық ділін жоғалтпаған, көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты да білімді ұрпақ өсіп-өнді. Сонымен қатар халық саны көбейе келе, бір Баян-Өлгийде жұмыс орнының жетіспеушілігі пайда бола бастады. Сол себепті өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан бастап қазақтардың Моңғолияның ішкі өлкелеріне қоныс аудару үрдісі қарқын алды. Ал олай көшкен қазақтарға бір жерге шоғырлана орналасу мүмкіндігі болмағандықтан, кілең моңғолдар тұратын елді мекендерге тарай орналасты. Сондықтан ендігі жерде қазақ балалары моңғол балабақша, мектептеріне баруға тура келді. Сөйтіп, өз ана тілін білмеу, ұлттық құндылықтарды ұмыту, мәңгүрттену, біртіндеп моңғол ұлтына сіңіп кету (ассимиляция) қаупі туындады. Яғни, бір ғасырға жуық моңғол жерінде жайбарақат өмір кешкен қазақтарды осылайша болашақ ұрпақ тағдыры алаңдата бастады. Дәл осы кезде (1985-1990 жж.) Моңғолияда белең алған қоғамдық-саяси өзгерістер (экономикалық тоқырау мен демократиялық қозғалыс), сонымен қатар Қазақстанның егемендігін жариялауы (1990 жылғы 25 қазан) Ұланбатырда тұратын қазақ интеллигенциясының бір топ өкілдеріне ой салды. Сөйтіп, оларды бұрыннан толғантып жүрген атамекенге біржола қоныс аудару мәселесі алға шықты.
Сол кездегі моңғол үкіметі мен Моңғолия еңбек министрлігінің ұйғарымын алу арқылы Сағат Заханқызы, Аятхан Тұрысбекұлы және осы жолдардың авторы бастаған Ұланбатырда тұратын қазақ интеллигенциясының өкілдері 1990 жылдың соңына қарай Алматыға келіп, тиісті мекеме басшыларымен кездесіп, Қазақстанға Моңғолиядан еңбек шарты бойынша жұмыс күшін келтіру туралы келісім жасап қайтты. Алайда «еңбек шартының» астарында атамекенге біржола қоныстанып қалу мақсаты тұрған-ды. Сондықтан да келісімге пәлендей кедергі болған жоқ. Қайта сол кездегі Н.Ә.Назарбаев бастаған Қазақстан басшылығынан қолдау тауып тиісті министрлік, мекемелер мен жергілікті әкімшілік, шаруашылықтарды басқарып отырған қазақ азаматтарының шын ниетпен атсалысуының арқасында бірден сәтті қадамдар жасалды. Атап айтқанда, сол кездегі «Отан» қоғамының төрағасы Шәңгерей Жәнібеков, жауапты қызметкерлер Маман Жүнісов, Әбен Омаров, Саят Бейсенов қатарлы азаматтардың тікелей қолдауымен Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына Моңғолиядан жұмыс күшін әкелу туралы келісім-шарт түзілді. Келісім-шартты ойдағыдай жасап, оның нақтылы жүзеге асуына аудан басшысы Тілеужан Садықұлов, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Нұрбай Жантілеуов үлкен ыждағаттық пен белсенділік танытты.
Сонымен араға ғасырлар салып атамекенге қарай қайта бет түзеген ағайын көші алғаш 1991 жылы наурыз айының 12-сі күні Ұланбатыр қаласынан шықты. Пойызға отырған 96 адамның барлығы да нағыз еңбек жасындағы қазақ азаматтары еді.
Пойыз Ресей жері арқылы араға 5 күн салып, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек стансасына келіп жетті. Келген азаматтарды аудан басшылығы болып, тұрғылықты ағайындар үлкен құрмет, ыстық ықыласпен құшақ жайып қарсы алды.
Елге келген азаматтар келесі күндері еңбек шартында көрсетілгендей, ауданның жекелеген шаруашылықтарында жүріп жатқан мал төлдету науқанына кірісіп кетті. Науқанды жұмыс аяқталған соң жаз шыға отбасыларын алып келуге Моңғолияға қайтып, іле мамыр айының басында Ұланбатырдан үлкен көштің алғашқы легі Қазақстанға келіп жетті. Алыстан аңсап келген қандастарын елдегі ағайын зор қуанышпен құшақ жая қарсы алып, жергілікті басшылар әр отбасына баспана беріп, жұмыспен қамтамасыз ету, мал-мүлік, тұрмыстық заттар бөлу сияқты іс-шараларды жүзеге асыра отырып, қолдан келген қамқорлықтарын аямады.
Халқымызда «Елге ел келсе – құт, елден ел кетсе – жұт» деген ұлағатты сөз бар. Шынында, алыстан келген ағайын елге құт болып қосылды. Олай дейтініміз, қазаққа қазақ келіп қосылғалы еліміздің тәуелсіздігі нығайып, экономикалық күш-қуаты артты. Елбасымыздың көреген басшылығы мен халқымыздың береке-бірлігінің арқасында елде бейбіт өмір сақталып, Қазақстан әлемдік өркениеттің даңғыл жолына қарыштай қадам басты.
Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Моңғолиядан басталған алаш көші үздіксіз жалғасын тауып, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Пәкстан, Иран және т.б. елдерде тұрып жатқан қазақтардың елге оралу көшіне ұласты. Содан бері елге оралған ағайынның саны сегіз жүз мыңға жеткен екен. Енді олардың елге келгеннен кейінгі өсімін ескерсек, кеткеніміз келіп, кемшілігіміз толды деген осы емес пе?
Бүгінгі таңда шет елдерден біржола көшіп келген мыңдаған білікті мамандар, ғалымдар мен ұстаздар, инженерлер мен дәрігерлер, әскери қызметкерлер, құрылысшылар мен кеншілер, малшы, диқандар, ақын-жазушылар, журналистер, музыканттар, спортшылар мен суретшілер сияқты сан қилы мамандық иелері еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, тер төгуде. Бұл дегеніңіз, ең әуелі ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздіктің арқасы және де сол тәуелсіздігімізді баянды ету жолында тынымсыз күресіп, елімізді жарқын болашаққа, өркениет өріне бастап келе жатқан халқымыздың біртуар ұлы, дана Көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасы деп білеміз.
Сайт ЗАХАНҰЛЫ, ғылым кандидаты, доцент.