Ақтөбе қаласының маңынан жер алып, жеке тұрғын үй салушылар қатары жыл сайын көбейе түсуде. Жаңадан бой көтерген шағын аудандар тұрғындарын қинайтын мәселе – инженерлік-коммуникациялық желілердің уақытылы жүргізілмеуі болып отыр. Қала әкімдігі осы бір өзекті мәселені шешуді қолға алды. Биыл қала маңындағы елді мекендерді инженерлік коммуникациялармен қамтуға бөлінетін қаржы көбеймек. Егер 2009 жылы 9 елді мекенде, 2010 жылы 13 ауылда инженерлік желілер жүргізілген болса, 2011 жылы 20 елді мекенге инженерлік-коммуникациялық желілер жеткізіледі деп күтілуде.
Соңғы он жыл ішінде жеке тұрғын үй құрылысына 10 мыңнан астам жер учаскесі бөлінген. Бұл ауылдардың дамуына, жаңадан 27 елді мекеннің пайда болуына және облыс орталығы маңындағы тұрғындар санының өсуіне ықпал етті. Бір әттеген-айы, кезінде тұрғындарға жер учаскелері бөлінгенімен инфрақұрылым құрылысына қаржы қаралмаған. Қазіргі таңда оларды инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету қажеттілігі туындауда. Бұл мәселе қала әкімі Архимед Мұхамбетовтың қала маңындағы ауылдар тұрғындарымен кездесуінде кеңінен әңгіме болды.
Қала басшысының айтуынша, алдағы уақытта бюджеттің негізгі қаржысы селолық елді мекендер мен жеке құрылыс массивтерін дамытуға, инженерлік желілер құрылысына жұмсалатын болады. Осы мақсатта қала әкімдігінде 2011-2017 жылдарға арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды қайта жарақтандыру, салу және аз қабатты тұрғын үй массивтерін дамытудың жоспары жасалған. 2005-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытудың өңірлік бағдарламасына сәйкес, бюджеттік қаржылар бірінші кезекте, ипотекалық және коммуналдық үйлер мен жеке тұрғын үй құрылысының жаңа құрылыс аудандарын инженерлік-коммуникациялық желілерімен жабдықтауға жұмсалды.
Қала әкімі 2011 жылы 31 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оған бюджеттен 5 млрд.теңге бөлініпті. Бұл қаржы осы нысандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын дамытуға жұмсалмақ.
Биыл К.Нокин ауылында, «Ақжар-1», «Россовхоз», Заречный-4, 41-разъезд ауданында, Лесное ауылында электр жарығымен жабдықтау желілерін жүргізу жоспарланып отыр. Ал «Ясный-2», «Ақжар-2» (2-ші кезек), Ақжар ( ескі бөлігі), «Жастар-2» шағын ауданында, «Заречный-4» ауылында сумен жабдықтау желілерінің құрылысын салу көзделуде. Қазіргі уақытта Сазды селосындағы су құбыры кешенінің құрылысына байқау өткізіліп, «ЗапКазСтройИнвест» ЖШС мердігер болып белгіленді. Бұл нысан 2012 жылы іске қосылатын болады. Үстіміздегі жылы Қызылжар (ескі бөлігі) және Пригородный ауылын сумен жабдықтау желілерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.