20 Мамыр, 2011

Ықпалдастықты арттыру бағытындағы қадамдар

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов кеше Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласына ұшып келді. Мұнда ол осы күні ТМД-ға мүше мемлекеттер Үкімет бас­шы­лары кеңесінің шағын және ке­ңейтілген құрамда өткен оты­рыс­тарына қатысты. Сол сияқты К.Мәсімов ЕурАзЭҚ Мемлекет­ара­лық кеңесінің үкіметтер бас­шы­лары деңгейінде өткен кеңей­тілген отырысының жұмысына да қатысты. Күн тәртібіне 19 мәселе енгізіліп отыр. Онда ТМД-ға мүше мемлекеттердің экономикалық са­ла­дағы қызметтестігі тақы­рыбы басымдыққа ие болмақ. Әңгіме ТМД кеңістігінде сауданы кең ауқымды бейтараптандыру үшін қажетті қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін бірегей келісім-шарт­тық база қалыптастыруға, өзара сауда­дағы көптеген кедергілерді жоюға бағыт­тал­ған Еркін сауда аймағы туралы келісім-шартқа қол қою, сол сияқты ТМД-ға мүше мемлекет­тердің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған инновациялық қызметтестігінің мемлекетара­лық бағдарламасының алдын-ала әзірленген жобасы жөнінде болып отыр. Сонымен бірге, өнегелілік құндылықтар мен мәдени мұралар негізінде мәдениеттің, білім берудің және ғылымның айрықша инте­гра­циялық әлеуетін пайдалана отырып жүр­гі­зіле­тін мәдениетаралық үнқатысу саласын­да­ғы гумани­тарлық қызмет бағыты да маңызды болып табылады. Басқосуда азық-түлік қауіп­сіздігі, ТМД-ның сала­ара­лық қызметтестік органдарын құру, бұрын қабылданған құжаттарға өзгерістер енгізу және өзара ықпалдастықтың басқа да ба­ғыттары әңгіме өзегіне айналды. «Егемен-ақпарат».