Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Италия Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Бруно Антонио Паскуиноны қабылдады, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Бұл жүздесу Италия елшісінің Қазақстандағы дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты өтіп отыр. 2006 жылы желтоқсан айында осы қызметке тағайындалған ол елімізге бауыр басып қалғанын да жасырмады.
«Қазақстанда елші болып қызмет істеуде маған ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Үнемі қолдау мен көмекке ие болдым. Қазақ елін барынша танып-білуге тырыстым. Көп мағлұмат алдым. Бұл ел алдағы уақытта да мен үшін ыстық болып қала бермек. Тіпті менің Италиядағы үйімнің қарсы бетінде Қазақстан елшілігі орналасқан. Күнде таңертең тұрғанда желбіреп тұрған Қазақстанның көк туын көремін», – деді Б.А.Паскуино ағынан жарылып.
Мәжіліс Төрағасы елшінің қос мемлекетке сіңірген еңбегін жоғары бағалайтынын айта келіп, Қазақстан елі мен халқына білдірген жылы лебізі үшін ризашылығын жеткізді. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық байланыс барлық сала бойынша қарқынды дамып келе жатыр. Бұған екі елдің басшылары өткізген кездесулер, жасасқан келісім-шарттар серпін беріп отыр. Сонымен қатар, екі елдің достық байланысы арта түсуіне Қазақстанның Италиядағы елшісінің және Италияның Қазақстандағы елшісі – Сіздің қосқан үлесіңіз бар. Өйткені, біздің бабаларымыз ерте заманда-ақ «Елдестірмек – елшіден» деп аталы сөз айтып кеткен – деді Орал Мұхамеджанов.
«Егемен-ақпарат».