Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған өнер фестивалінде жас таланттар биік талап деңгейінен табыла білді
Облыста қалыптасқан дәстүрге айналып, төртінші рет ұйымдастырылған «Маңғыстау жұлдыздары» атты өнер фестивалі екі апта бойы аймақтың аспанын ән мен күйге бөлеп, ойдағыдай аяқталды. Оған 2 мыңдай өнерпаз қатысып, 7 аталым бойынша өнер сайысына түсті. Мерекелі жылдағы өнер сайысының өзіндік ерекшеліктері фествальдің маңызын тереңдете түсті. Бұрынғы жылдардағы сайыстарға қоса екі бөлімнен тұратын бағдарламаның екінші бөлімінде ел тәуелсіздігіне арналған сахналық көріністер, музыкалық қойылымдар және де ауыл-селодағы мәдени ошақтардың жұмыстары да назарда болды.
Бұл жылғы өнер фестивалінің тағы бір ерекшелігі мен маңыздылығы, ел ішіндегі талантты жастарды іздеп, тауып, оларды өнерсүйер халыққа кеңінен таныстыруымыз болды – дейді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Майра Ғұмарова.
Өнерлі жастар үшін тағы бір тағылымды шаруа фестивальде өз өнерлерімен жарқырай көрінген жастарға өнер жолын жалғастыруға жағдай жасалып, олардың біразы облыстың өнер колледжінде білім алуға шақырылыпты. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарына баруға да ұсыныс жасап, қолдау көрсетілетіндігі айтылды. Фестивальді ұйымдастырудағы тағы ұтымды тәсіл – бұрынғы жылдардағыдай оларды облыс орталығына жинап, асығып-аптығып өткізбей, әрбір ауылда, аудан, қалада өткізу өнердің тәрбиелік, тағылымдық мәнін тереңдетіп қана қоймай, облыс орталығына аяқтары жете бермейтін ауыл жұртына көңілді сәттер сыйлау болғаны деуге болар. Тағы бір атап айтарлығы өнерпаздарға қажетті көмек пен қолдау көрсетуші өнеркәсіп орындары мен кәсіпкерлердің қатары да көбейе түскен. Осының бәрі «Маңғыстау жұлдыздарының» жарқырай түсуіне игі ықпал еткені көрініп-ақ тұр. Қазылар алқасының пікірінше, мерекелі жылдың өнер байқауындағы Маңғыстау ауданы өнерпаздарының «Тәуелсіздігім – теңдігім», «Еркіндігім – елдігім», қарақиялықтардың «Тәуелсіздік – тұғырым» әдеби-сазды қойылымдары, Ақтау қаласы өнерпаздарының «Тәуелсіздік мақтанышы» атты концерттік бағдарламасы ел тәуелсіздігінің қадір-қасиетін, мән-маңызын аша түсіпті. Тәуелсіздігімізді әнге, жырға қосқан жеке өнерпаздар еңбегі оларды одан әрі толықтырып, тұлғаландыра түскен. Бұл өнер фестивалі сонысымен ерекше есте қалатындай сәтті өтті. Екі аптаға созылған ән-жыр мерекесі Ақтауда үлкен гала-концертпен аяқталып, көрермендер көңілінен шықты. Сол салтанатты кеште облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің бас жүлдесі Маңғыстау ауданына тапсырылды. Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы тағайындаған бас жүлде Қарақия ауданының өнерпаздарына берілді. Бірінші орын Түпқараған ауданына, облыс қалалары арасында бірінші орын Ақтау қаласы өнерпаздарына берілді.
Жалпы, өнер фестиваліне қатысып, үздік өнер көрсеткен алпыстан астам жеке өнерпаздар мен отыздан астам өнер ұжымдары арнайы сыйлықтар мен дипломдарға ие болды.
Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.