«Қазақстан» Орталық концерт залында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Өнер фестивалі және ЕурАзЭҚ халықтары мәдениеттері ІІ фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Биылғы жыл Қазақстан тарихында екі үлкен жаңалықпен есте қалары сөзсіз. Оның бірі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы болса, екіншісі 10 жылдық мерейтойын өткізіп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымы Саммитіндегі Қазақстанның төрағалығы. Естеріңізге сала кетейік, қазақ жерінде осымен екінші рет өткізіліп отырған ШЫҰ Саммиті алғаш рет 2005 жылы өткізілген болатын.
Еуразиялық экономикалық қауымдастығы интеграциялық комитетінің мәдениет бойынша кеңесінің жиналысы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің мәдениет министрлерінің жиналысы аясында өткен ЕурАзЭҚ және ШЫҰ өкілдері-мемлекеттерінің мәдениет фестивалінің концерттік бағдарламасында Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Белоруссия, Қазақстан әртістері өз өнерлерін көрсетті.
Дәстүр бойынша мамыр айы – елімізде Қазақстан халқының бірлігіне арналған. Соған орай ЕурАзЭҚ мәдениеттері фестивалі Қазақстанның басқа қалаларында да өз жалғасын таппақ. Бүгін еліміздің екі қаласында жеке концерт ұйымдастырылады деп күтілуде. Яғни, Көкшетау қаласының филармониясында, Қарағанды қаласының К.Станиславский атындағы орыс драма театрында осындай концерттер өтпек. Онда Қытайдың Цзилинь аймағының ән және би ансамблі, Ресей Федерациясынан «Боян» мемлекеттік орыс академиялық театры, Тәжікстан мемлекетінен «Лола» мемлекеттік би ансамблі, Қырғызстан елінен «Шаттық» халықтық хореографиялық және «Ақақ» ансамблдері өз өнерлерін сарапқа салады.
Бір айта кететін жайт, ЕурАзЭҚ халықтары мәдениеттерінің II фестивалінің жабылу рәсімі 21 мамыр күні елордадағы Конгресс-холл концерт залында өтеді. Онда өз өнерпаздарымызбен қатар, Ресей Федерациясының, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің әртістері де өнер көрсетпек.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.