«Нұр Отан» партиясының «Ертеңің үшін аянба!» бағдарламасы отбасылық бизнесті ашу және дамыту, сұранысқа ие мамандықты таңдау, сондай-ақ әлеуметтік қызметтер мен төлемдерді, медициналық қызметтерді алу, тұрғын үйге ие болу сияқты әртүрлі өмірлік жағдайлардың дұрыс шешімін табуға көмектесуге арналған.
Кеше Павлодарда «Нұр Отан» партиясының «Ертеңің үшін аянба!» бағдарламасының іске асырыла бастауына арналған форум болып өтті.
Бағдарламаның тиімділігін бағалау аймағы ретінде Павлодар облысының таңдалғаны кездейсоқ емес. Қазіргі таңда облыс Қазақстанның ірі индустриялды аймақтарының бірі болып табылады. Сонымен қатар үлкен табиғи-ресурстық әлеуеті, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы, жоғары ғылыми-техникалық қуаты, Орталық Азия мен Сібір арасындағы байланыстырушы рөлі аймақтың мемлекет экономикасындағы стратегиялық маңызын айқындайды.
Еңбекпен қамтылмаған және жұмыспен өзін-өзі қамтыған азаматтар барынша тартылған шағын бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін басты факторлардың бірі – шағын бизнестің нақты түрін таңдау кезінде халыққа бағдар беретін тұтынушы нарықтың егжей-тегжейлі талдауы болып табылады. Форум қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық – әр мемлекеттің экономикасының негізі және үлкен кадрлық резерві болып табылады. Сондықтан Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларының бірі – ол еліміздің әрбір азаматын жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа кәсіптердің дамуына жағдай жасау, қажет болған жағдайда жаңа мамандықтарға да қайта оқыту. Соның нәтижесінде халықтың әлеуметтік жағдайы одан әрі жақсаратын болады», – деді.
Форум жұмысының нәтижесінде шағын бизнесті дамыту мен қолдау бойынша мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары мен қаржылық құрылымдарға ұсыныстар әзірленді.
«Егемен-ақпарат».