21 Мамыр, 2011

Айтыс аруы – Ақмарал

734 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өмірі де, өлеңі де ешкімді қайталамайтын, айтыстағы азулы ақын қыздардың алды, оңтүстік үшін жанып жатқан оттан талай рет жұлып бәйге алған Ақмарал Леубаева туралы айтар әңгіме көп. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед «айтыстың аруы» деп алқа таққан айтыскер ақын қыз бұл. Ол жастайынан өлең-жырды, ән-күйді жанына серік етті. Өнер саласында өтіп жататын республикалық, облыстық мәдени-көпшілік шараларға студент кезінен араласып, аз жылда есімі көпке танылып, аламан айтыстарда ешкімге бәйге бермегені жадымызда. Алғаш айтыс сахнасына 1988 жылы Шымкент қа­ла­сында шыққан Ақмарал үнемі жүлделі орындарды, әйтпесе бас жүлде мен бірінші орынды еншілеп отыр­ды. Айталық, 1991 жылы Қостанай қаласында өткен Ы.Алтынсариннің 150 жылдық тойы мен Алматыдағы Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына орай болған республикалық студенттер айтысында бас жүлдені жеңіп алды. Содан бергі жиырма жылдан астам уақытта әлденеше ондаған үлкенді-кішілі айтыстарға қатысып, өлең-жыр айдынының аққуы, айтыстың аруы атанды. Оның тапқырлығы, ерке назды әзілдері, әдемі қағытпалары, мақамы­ның әсем саздылығы, суырып салма шумақтарының көркем кестесі әрдайым көпшілік көңілінен шығып, қуаныш сыйлады дей аламыз. Әсіресе, Абай мен Жам­былдың 150, Қарасай батырдың 400, Сәбит Мұқанов­тың 100, Түркістан қаласының 1500 жылдықтарына орай өткен және басқа айтыстарда топтан озып, жарқын өнерімен көзге түсе білді. 2002 жылы Астанада «Хан Кененің арманы» атты халықаралық ақындар айтысында айрықша шабытпен жыр нөсерін сорғалата төккені үшін бірінші орынға лайық деп танылды. Қолына домбыра алса ақын, ал былайғы өмірде та­ғылымды ұстаз Ақмарал 1992 жылдан бері Қ.А.Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінің Шым­кенттегі институтында оқытушылық қызметті абы­роймен атқарып келеді. Біз алдағы күндерде Алматыда М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Періште емес, пендеміз» атты үлкен шығармашылық кешін өткізгелі отырған айтыскер ақын әрі сазгер қарындасымызға өмір мен өнер жолында бірдей сәттілік тілейміз. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Шындық Кім біліпті жалған қайсы, шын қайсы, Қиқалайды тағдыр дейтін қыл қайшы. Тынымы жоқ, тұғыры жоқ тіршілік, Шыр айналып бір орында тұрсайшы... Кім біліпті дұшпан қайсы, қайсы дос, Кімнен дәурен өтпес басы қайқы көш. Ертегісін бастап алып тірліктің, Тауыса алмай дал боласың айтып еш.   Ауыр жүкті тартқан сайын білегім, Тілім- тілім тамыры көк жүрегім. Қандай болып қайтатынын сұрамай, Адамдарға тек жақсылық тіледім. Саған дейін бәрі мені, алдаған, Алдамаған бір сау адам қалмаған. Құм үмітті тау ғып үйіп қайтадан, Жанталасып арасында жан бағам. Жылт етсе бір жақсы үміттің жетегі, Өмір сүргім келіп, шіркін кетеді. Мың кісілік машақаты мұңымның, Бір кісілік ғұмырыма жетеді. Дүние жалған деуші еді анам кіл бұрын, Айналаның көрген сайын сұмдығын. Бірақ бәрі, жалғыз саған тәуелді, Сол жалғаннан тапқан ащы шындығым. Мен бақытты болсын десең жалғанда, Тілегімді ете көрме арманда. Жанға сыр ғып ашпайтұғын жалғызым, Мен де бармын, жер бетінде сен бар да... Ойлар Сан сұрағын сырып тастап сананың, Пенделіктің сызып-сызып парағын. Пәни тірлік көрсеткеннің барлығын, Пешенеме жазғаны деп қарадым. Ойымды айтып түсінбеске түгестім, Тура жолға бастағанға ілестім. Өзімшілдің өктемінен бас тартып, Өз жолымды табу үшін күрестім.   Шашымнан көп шыдамымның шығыны, Тастан мықты төзімімнің тығыны. Ұясына шын бақыттың қондырған, Кеудемдегі бозторғайдың шырылы.   Сендік сезім мендегідей мұң емес, Көз жасымды жұтып жатыр құм елес. Қолыма ұстап тұрғанымды қайтейін, Сен сыйлаған бақыт кілті шын емес.   Сендік шырын мендегідей у емес, Жете алмайсың, мейлі қума, қу елес. Қаңқу сөзбен қаңғыртатын дұшпанға, Дәл осындай керек шығар шу, егес. Сендік арман мендегідей анық па, Қараңғыдан ұмтылатын жарыққа. Пешенеге жазғанынан артық жоқ, Пышағыңды қайрағанмен шарыққа.   Мендік қиял қолын созар айға сан, Шылбыр ойды шындығыңа байласаң. Күмәнімнің күлі көкке ұшады, Көзсіз мені сүйгеніңді ойласам. Мені босқа қаралама, сүйіктім, Жаман ойға жібермеші қиып тым. Адамдардың әңгіме ғой бәріне, Қол жетпейтін құпиясы биіктің. * * * Ей, жап-жарық жарқыным, Талауына түсіп талқының. Қарғаның тыңдап қарқылын, Сұңқардың аңсап шаңқылын. Жүргенде нәзік жаныма, Сыңар боп салқын жалқы мұң. Арасынан тас құмның, Тауып алған алтыным.   Ей, күмәнсіз адалым, Күдіксіз мен де қарадым. Қақпасын сабыр күзеткен, Төзімнен соққан қамалым. Жазығын жүрек білдім де, Қазығын ойдың қададым. Сезініп қамқор жаныңды, Сыйы деп Тәңір санадым. Есіңде қалсын тек қана, Еркесі мендей даланың. Айта алмай жұртқа айқайлап, Жоқтығын ойлап шараның. Ей, тарпаңдау тарланым, Шашаңа жұқпай шаң қалың. Ұмтылған сайын мәреге, Ұзақтай берді арманым. Арпалысқан өмірмен, Азуы қан-қан арланым. Тірлігін емес түлкінің, Қасқырдың сертін таңдадым. Ей, ұшан-теңіз қиялым, Ұшқыр ойлы ұяңым. Баспалдақсыз өрмелеп, Басына шықтым қияның. Атыңды жаздым ақ бұлтқа, Тамып кетіп сия мұң. Махаббат дейтін мұңым бар Алдамшы ма, рас па сезінбеуің, Ойлап-ойлап ұзақ түн көз ілмедім. Жүрегіңнің ашпастан сыр сандығын, Кете бардың, не деген төзімді едің? Сыр сандықты ашпастан құлыптадың, Шыныменен рас па, ұмытпағың? Сен кетсең де жалықпай құрастырдым, Саған деген сезімнің сынықтарын. Келген ойды санама – ізгі бәрі, Көкірегімді өкініш сызғылады. Мен өзім-ақ айтар ем бар сырымды, Жібермейді жіңішке қыздың ары... Ақмарал ЛЕУБАЕВА.